• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2011

Жемқорлықпен күрес бәсеңсімейді

399 рет
көрсетілді

Елбасының тапсырмалары негізінде және заңнамамен жүктел­ген міндеттерді орындау мақ­са­тын­да қаржы полициясы орган­дарының жедел-тергеу қызметі өткен жылы сыбайлас жемқор­лық­қа және «көлеңкелі эконо­ми­каға» қарсы күресуге, азаматтар мен мемлекеттің құқықтарын қор­ғауға, шағын және орта бизнес субъек­тілерін қолдауға, азамат­тардың та­рапынан сенімді арт­тыру­ға ба­ғыт­талды. Бұл туралы қаржы поли­циясы органдарының басшылығы толық құрамда бас қосқан ве­домствоның 2010 жыл­ғы қызметі­нің нәтижелері қоры­тын­дыланған агенттіктің кеңей­тіл­ген алқа оты­рысында сөз болды. Өткен жылға көз жүгіртер бол­сақ, қаржы полициясы орган­дарының жұмыс сапасы мен қыз­метінің ашықтығы халық пен кәсіп­керлердің оларға деген сені­мі­нің артуына жағдай жасады. Бұл азаматтар мен ұйымдардың тарапынан келіп түскен арыздар санының көбеюінен көрініс тауып отыр. Мәселен, жеке және заңды тұлғалардан 40 мыңдай арыз келіп түсті. Аталған кезеңде 6 мың­нан астам экономикалық қылмыс анықталды, олардың үштен бірін салық төлеуден жалтару және жалған кәсіпкерлік фактілері құ­ра­ды. Оңтүстік Қазақстан облы­сын­да жалпы сомасы 2,4 млн.теңге тұратын жалған бухгалтерлік құжаттарды сатқан адам ұс­талды. Оның 7 жалған кәсіпорын тіркеп, коммерциялық ұйымдарға қаражатты қолма-қол ақшаға ауыс­тыруға қызмет жасайтын ұйым­дасқан қылмыстық топтың мүшесі екендігі дәлелденді. Қолдан жасалған спиртті ішім­діктерді дайындайтын астыр­тын цехтардың қызметі халықтың ден­саулығы үшін аса қауіпті болып табылады. Осы орайда спиртті ішім­діктер жасаумен айналысқан 22 астыртын цехтың және есепке алынбаған алкоголь өнімін шығар­ған 2 зауыттың заң­сыз қызметі тоқтатылды. Заңсыз айналымнан 28,5 млн.теңгенің арақ-шарабы жә­не жарты миллионнан астам жал­ған маркалар тәркіленді. Елбасының Жарлығымен жем­қор­лық құқық бұзушылықтардың жолын кесу, оның ішінде жем­қор­лыққа жүйелі түрде қарсы тұру қаржы полициясының айрықша құзыретіне жатқызылғаны белгілі. Бұл орайда қаржы полициясы органдары 1568 сыбайлас жем­қор­лық қылмысты анықтады, 1,5 мың­нан астам осындай қыл­мыс­тық іс сотқа жолданды. Сыбайлас жем­қор­лық қылмыстардың жар­ты­сынан көбін парақорлық және бюджет қаражатын талан-таражға салу фактілері құрап отыр. Мысалы, парақорлық үшін Индустрия және сауда министрлігінің басқарма бас­тығы Тұрмахан, Ақ­төбе облы­сындағы Тобыл-Торғай экология департаментінің басты­ғы Дадин, Ақмола облысының Шор­танды аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының бас­тығы Көп­тілеуов, Атырау облыстық орман және аңшылық шаруашылығының ау­мақ­тық инспекциясы бастығының орынбасары Мусин, бюджет қара­жатын талан-таражға салғаны үшін жұмыспен қамту және әлеу­меттік бағдарламалар Атырау қа­ла­лық бөлімінің бастығы Баязитова, Қара­ғанды облысының кедендік бақы­лау департаментінің бас бухгалтері Миленкова, қызметтік өкі­леттігін теріс пайдаланғаны үшін Қостанай облысының Денисов ауданының әкімі Кушнир, Маңғыстау облы­сының Қарақия ауданының құры­лыс бөлімінің бастығы Тажаяқов, Қарағанды об­лысының көші-қон басқармасы­ның бөлім бастығы Та­былды сотталды. Сол сияқты Шығыс Қазақстан облысында Табиғи монопо­лия­лар­ды реттеу облыстық департаменті бастығының орынбасары Қоқыр­баев қамауға алынды. Ол жанар жағар май сату лицензия­сын тездетіп ресімдеу үшін кәсіп­керден 450 мың теңге алу үстінде ұсталды. Бизнеске заңсыз араласу фактілерін анықтау қаржы поли­циясы ор­гандарында да жүргізі­леді. Өткен жылы аталмыш фактілер бойынша 5 қызметкер қыл­мыстық жауапқа, 44 қызметкер тәртіптік жауап­тылыққа тартыл­ды, оның ішінде 17 қызметкер лауа­­зымынан боса­тыл­ды, олар­дың 3-еуі облыстық департамент бас­ты­ғы. Шағын жә­не орта бизнес субъектілерін тексеруге тыйым сал­ған мораторий мер­зімінің біткендігіне қарамас­тан, Агенттік төр­аға­сының бұйры­ғымен қаржы по­ли­циясы орган­дары­ның жеке құ­ра­мы өз қызметін мораторий жағ­дайында да жал­ғастыруда. Ша­ғын және орта кә­сіп­керлік субъекті­лерін тексеру халық денсаулығына зиянды дәрі-дәрмек пен азық-түліктің заңсыз айналымына бай­ла­нысты болса әр кезде де жүргізіле бермек. Александр ТАСБОЛАТОВ.