Шілде түскелі бері Алматыны булықтыра буған, тымырсыған, тыныс тарылтқан қапырық еді ол. Кешелі бері сол қаталатқан аптаптың беті қайтты. Қоңыр салқын самал лебі білінді.
Ауық-ауық өткінші жаңбыр да жауып өтеді. Аспан көк теңіздей көгеріп, бір сәт шаңқиып тұрып ашылады. Енді бірде күн көзін ақ түбітше созылған ақша бұлттар жабады. Найзадай шаншылған көк теректердің басы баяу ғана теңселеді, шаңнан тазарған жапырақтар сыбдырлайды, діріл қағады. Үй іргесінде дамылсыз жүгірген арықтағы судың сылдырлаған күміс үні, шырылдаған торғайлардың бірқалыпты у-шуы… Жауыннан кейін көтерілген ып-ыстық бу… Осы құбылыстың бәріне терезеден көз салған Бақытжан бір жәннат бақтың төрінде отырғандай құмарлық отына балқыды. «Е, бұл «Айгөлегің» енді қандай-қандай жерлерді шарлайды дейсің, Бақытжан!» Ол лебінен жалын ұрған Құрманбек Жандарбековтің тебіреністі лебізін естіп отырды.
Телефон шылдыр ете түсті. Бақытжан трубканы көтерді.
– Алло, бұл кім екен?
– Байқадамовтың үйі ме?
– Иә.
Бейтаныс қоңыр үн сәл бөгеліп, күрсінгендей болды. Күдікшіл, секемшіл Бақытжан аң-таң.
– Алло… алло!
Бақытжан дегбірсіздене тұтығып: – Бұл кім? – деді жұқалтаң сіріңке жүзі дуылдап.
– Үйіңде телефоның бар екен…
– Иә, иә..
– Бұл Мұхтар Әуезов!
– М…Мұ- ха-а? Мұхтар аға-а!
– Сен өзің отыз сегізінші мектепте мұғалімсің ғой?
– Иә, Мұха-а…
– Өзің неше жансың?
– Он бір жанбыз. Үй тар. Құрқылтайдың ұясы… Телефон осы. Өзім математикпін. Физикадан да сабақ беремін.
– Үнің бір түрлі ғой өзі. Әлде асығып тұрсың ба?
– Жо-оқ, Мұха-а.
– Телефон соққаным – жазған музыкаң жайында…
Мұхтар Әуезовтің сап-салқын зілді үні Бақытжанның мысын басып бара жатты. Ол тілі күрмеліп, тұла бойын біресе ыстық тер, біресе суық тер буды, трубканы ұстаған қолы дірілдеп, Мұхтардың сөз сыңайын күтті.
– Іһім, іһім… иә, әуелі өз әулетіңді айтшы? Ептеп хабарым да бар еді, – деп Мұхтар тағы да іркіле тоқтады.
Бақытжан бірден не дерін білмей, үндемеді.
– Тұқымыңда өнерлі адамдар бар ма еді?
– Шегетай деген әжем әнші еді, Мұха, – деді Бақытжан.
– Қандай әндері есіңде? Әнді ескілікті кісілер сақтайды ғой.
– О, әндері көп еді. Мысалы, «Тойбазар» әні…
– Өз шешең ше? Үрзипа жеңгемізді айтамын…
– Ә, ән салады, домбыра тартады. Торғайда алғаш рет Кеңес өкіметі орнағанда, әкем екеуі ойын-сауық үйірмесін ұйымдастырған. Әкем де домбырашы, әнші… Әлі есімде, Ахмет аға…– деп Бақытжан ептеп шешіле бастады.
– Қай Ахмет?
– Байтұрсынов Ахметті айтам, Мұха, – дей бергені сол еді, Мұхтар жұлып алғандай қатқыл үнмен: – Әкең білетін әндер! – деп оқыс бұрып кеп жіберді.
Сұсты үннен сасқалақтаған Бақытжан Ахмет аға әкемнен «Харарау» әнін, ал әкем Ахмет ағадан «Аққұмды» өлердей қызығып тыңдаған. Екеуі «О, шіркін, Арқаның әндері!» десіп, толғанып отыратын-ды. Әкемнің дауысы лирикалық баритон еді, Мұха.
– «Айгөлектен» бұрын ән жазып па ең?
– «Пионер маршы» деген әнім бар.
– Тағы… одан басқа…
– Одан кейін «Сталин туы астында» деген әнім…
– Іһім, – деді Мұхтар ыңырана, – «Айгөлектің» сөзін кім жазды?
– Нығымет Баймұқамедов.
– Сен…
– Мұха… тыңдап тұрмын сізді…
– Сен … – деді күрсіне қиналған Мұхтар, – мақтаныш үшін балалық жасап… өзің жеңілтек екенсің… әлгі бір кісінің… түсініп тұрсың ба? Неге үндемейсің? Бұл сөз зердеңе жетпеді-ау, Ахмет Байтұрсыновтың есімін ауызға ала берме… Ал жақсы, – деді Мұхтар салқын ғана мырс етіп, – жақсы!
Түкке түсінбей дал болған Бақытжан қыл үстінде қылтылдап есі шықты.
– «Жақсы» деп тұрғаным – үлкен жүрек сүйінішім. Көп-көп ойлап, айтсам ба, деп жүрген ойым еді, Бақытжан інім. Сен бала емессің, өмірдің не екенін біле бастадың, аңғалдығың да бар шығар. Оған мінезің, жастығың кінәлі…
– Иә, Мұха, иә…
– Көп бейбақ өз жолын таба алмай сенделеді. Шатпырақтап діңкелейді. Сөйтіп, ол өнерпаз болса кәні… әрі-сәрі боп, сандалып орта жолда қалады. Сен өз жолыңа түсіпсің, Бақытжан, ол – оңай жол емес. Бұл таңдауды саған сәулелі музыка арқылы тәңірдің өзі беріпті. Музыкант боп, музыкамен өмір сүргенге не жетсін. Соның нұры, соның лебімен аяғыңды еркін, нық бас. Тәлтіректеме. Жан-жағыңа жалтақтама. Хас жүйрік тек алдына ғана қарайды. Төтенше пәледен аман жүр, айналайын…
– Мұха, бір көмегіңіз…
– Иә…
– Мұха… мына телефон сор болды маған. Шылдырлайды. Зәрем қалмайды. Қорқам. «Бұл кім?… Байқадамов па?» Осы бір суық үн…
– Білемін ол жайды, – деп Мұхтар оның алдын кесе сөйледі.
– Мені НКВД…
– Өте жақсы би – «Айгөлек»!
– Әкем үшін НКВД…
– Енді Шараның ансамбліне де жол ашық! Ол «Айгөлекпен» жайнайды. Қандай көркем би! Дүние Шараның үйіріле толқыған лебімен дөңгеленіп жатады. «Айгөлегің» шаттық шапағы боп шашыла берсін, Бақытжан!
– Мен сізге әкемнің жайын айтайын деп…
– Мен не деп тұрмын? Сен не деп тұрсың? Талант пен түйсік екі дүние ме? Бірден сөз ұқпайтын несің өзің? Саған енді не деуім керек?
– Өлетін болдым, Мұха…
Мұхтар көкірек кере күрсінді. Уһілеп тұрып шаршаулы сөзін қайта жалғады: – Көп өмір алда, оған келе-келе көзің жетеді әлі. Сенің сыбағаң – өнерде. Онда өз үлесің бар. Өнер жолы – қақтығыс… тартыс... егес… әрі рахат! Бәр – бәріне «Айгөлегіңдей» жарқын музыкаң жар бола жүрсін, айналайын. Шараның назарына қалай жақсы іліккенсің. Жөн-ақ! Мен сені өзім іздеймін. Бәр-бәрін ақылға жеңдіргейсің. Осымен сөз тәмам…
Бақытжан да көкірегін қысқан өксіктен сәл жеңілдегендей боп, әйтсе де таңғалысты күйде трубканы жайлап орнына қоя берді. Жүзі суыңқырап ойға батты. «Өте жақсы би – «Айгөлегің»! Осы сөз салқын тартқан жүрегіне дыз еткізіп қан құйды. Мұндай толғаныс үстінде ой да жүйрік. Бірі ұстатпай қашады, бірі үйіріліп өзі келеді. Ол сәл езу тартып, әлденеге сүйсінгендей болды. Бірақ, көз алдына тағы да мұң пердесі тартыла қалды. «Жоқ, сен енді жасқанып, тартына берме, Бақытжан! Оу, мен де бірдемені сеземін. Менде де ән ұғатын түйсік бар. Мына «Айгөлек» өз жүрегіңнің лүпілі. Бұл баяғы әжелер айтатын «Айгөлектің құлпырған, өзгеше түрленіп, жаңарған түрі. Сен мұның қолтығын сөгіп, адымын ұзартып, айдынын кеңейтіп жібердің. Бұл сенің өз «Айгөлегің!»
Кім? Кім айтушы еді бұл сөзді? Бақытжанның көзін ыстық жас күйдіріп өтті. Кеше ғана сонау Орал облыстық комсомол комитетінің хатшысы болып, жайнап өсіп келе жатқан жездесі, Данабикенің жан жолдасы Арыслан Қожахметов осылай демеуші ме еді. Міне, үшінші жыл… Арыслан жездесі жоқ енді. «Қарғыс атқыр отыз жетінші жыл!». Бақытжан орнынан тұра бергенде сырттан Данабике апасы жұлқына сөйлей кірді.
– Әділет бар! Ол жоқ болса мына дүние тұл болар еді. Ақтық демім біткенше арпалысып көрейін. Өлген әкем тірілмейді. Бірақ, аруағын өлтіре қоймаспын!
Данабике реңі қашып, состиып тұрған Бақытжанға бір қарап қойды да қалшылдаған күйі кереуеттің шетіне отыра кетті. Бақытжан не болғанын білді. НКВД-ға барған күні Данабике дәл өстіп қаны қарайып, бүлініп келеді. «Бүгін де НКВД…» деді сарыла уайым шеккен Бақытжан. Оған Бақытжанның өзі де жиі-жиі шақырылып жүрген-ді.
Есіл әке… Байқадам Қаралдин! Торғай елінің бір марғасқасы! Кешегі Амангелді батырдың жан серігі! Енді сол Байқадам Қаралдин «халық жауы!»
1880-92 жылдары Торғай өңірін екі рет сұрапыл жұт тұралатты. Қараторғай болысы Баймұрат пен оның ұлы Айтқұл би – бұлар Байқадамға шөбере боп келеді. Айтқұл мен Байқадам малдан басқа еш қарекеті жоқ бейғам елге егін егуді үйретіп, қырықтан астам әулетті аштықтан құтқарды. Дала қазағының өмірінде кездесе бермейтін осындай істері үшін Айтқұл мен Байқадам күміс медаль алды. Байқадамның бір «кінәсі» осы!
1904 жылы 12 маусым күні Байқадамның басшылығымен Торғай өзеніне көпір салынды. Бұл патша үшін емес, ел үшін істелген іс еді ғой. Ал, 1909 жылы Торғай мен Сырдария облыстарының жер-суын, жайылым-қыстауын зерттегені үшін губернатор Страховский Байқадам Қаралдинге алғыс жариялады. Тырнақ астынан кір іздеген пәлеқорға бұл – Байқадамның екінші «кінәсі».
1910 жыл, 5 қараша. Байқадам Қаралдин Қабырға өзенінің үстінен Албар бөгет су жүйесін тартты. Егін жайқалды. Орынбор губернаторы Эварсманнан тағы да бір алғыс. Бұл – үшінші «кінә».
1910 жылдың 20 қарашасынан Байқадам Торғай уездік басқармасында колледждік регистратор. Тілмаш! Орайын келтірсе бұл да «кінә» екен.
Ал 1928 жылдың 30 қазаны күні Батпаққара ауданындағы екінші ауылдың азаматы Байқадам Қаралдинді бай деп мал-мүлкін конфискіледі, оған Амангелді батырдың өліміне кінәлі деген айып тағып, жалған қауесет таратылды.
Арада алты жыл өтті. Бақытжан жетінші жылы КазПИ-ді бітірді. Алматының кітапхана техникумында сабақ беріп жүріп, қызметтен қуылды. Одан отыз сегізінші, отыз тоғызыншы… міне, қырқыншы жыл… Әлі үрейлі. НКВД-ға бірде Данабике, бірде Бақытжан шақырылады…
Ал, өмірді қара! Оның өз заңы, өз әуені бар. Польшасынан безіп, шерменде боп жүріп, қасіретті жанарынан үзілген ыстық тамшы қуатымен небір нұрлы музыка төккен Шопен тәрізді осылайша бір сүйсіндіріп, бір күйіндірген аумалы-төкпелі күндерде бұл Бақытжан «Айгөлегімен» дүниені таң шапағына бөлегісі келеді. Ә, ол солай болды да ғой. Мұхтар Әуезовтің жаңағы бір сөзі! Оны ол күтіп пе еді? Екінің бірі нана ма соған? «Жо-жоқ, өмірде зұлымдықтан басқа жақсылық бар, махаббат, мейірім бар. Мұхтар ағай сияқты зиялы жандар бар». «Айгөлек» – дәл осы тұнжыратқан ауыр сәтте де оны сергітіп, есін жиғызды.
Телефон безек қақты. Екеуі онша қозғала қоймады. Әрқайсысы өз ойымен әлек.
– Бар. Тыңдашы, Бақытжан!
Бақытжан түрі бұзыла түрегеліп барып телефон трубкасын көтерді: – Ал… не? – деп айғай салды.
Данабике селк ете қалды.
– Өй! Есің дұрыс па?
Қызарып кеткен Бақытжан Данабикеге көз қиығын салған да жоқ. Трубканы сығымдай ұстаған күйі: «Тағы терге! Апар да жап!» – деген күйі қалш-қалш еткен оның жүзіне кенет қызыл бояу жүгірді.
– А? Құдай атты мені, аға… Құрманбек ағасыз ба? Оу, Құреке… Мен сізді әлгі бір қыли көз тергеуші ме деп… Сол ғой басқан ізіме шырақ алып түсіп... Алла-ай, үніңіз қатты ұқсайды екен. Ол да қырылдап сөйлейді, пәтшағар…
– Кешіріңіз, репетиция дейсіз бе? Барам. Кешкі жеті. Әлі екі-үш сағат бар. Мұхтар аға да репетицияға келе ме? Ғажап-ай! Маған Мұхтар аға телефон соқты. Әлгінде ғана… Өзі бөгеліп-бөгеліп сөйлейді екен. Алғашында тіпті кім екенін танымай… тағы да НКВД-ның біреуі ме, сыздап тұрған деп, зәрем кетіп… Жоқ, бірте-бірте жұмсақ қоңыр үні ашыла түсті. Мұхтар аға екенін біліп, уһ дедім ішімнен. «Айгөлекті» жақсы көріп дейсіз бе? Иә, Мұхаң онысын айтты.
Данабике Бақытжанға тесіле қадалған күйі жетеді дегендей ыңғай танытты.
– Біздің Данаш апай мені көп сөйлеп кеттің деп ұрсып тұр, – деп лақ еткізген Бақытжан Құрманбекпен сөйлесіп бітті. Данабике екеуі біразға дейін үнсіз түйілді.
– Жаңа ғой, Мұхтар Әуезов телефон соқты десем, нанбас едің, Данаш, – деді Бақытжан.
– Қосып жіберетін әдетің бар. Кей сөзіңе сенбейтінім рас, – деп Данабике зорлана езу тартты.
– Мұхаңның пейілі дұрыс екен маған, – деді Бақытжан Данабикеге жығыла сөйлейтін әдетімен.
– Біз қажыдық дейміз ал. Мұхаңның тауқыметі… Заман түзу болса Мұхаңдай адамның әр сөзі дәру боп, болашақ үшін іске асып жатар еді ғой. Шараның ансамблі үшін де сөйлесіп көріп еді, жоғарғы жақпен, сөзі өтпеді. Соған қиналғанын көрсең. Бірақ, күңірене күн кешкен Мұхаң сынды даналардың көреген ойының бағын ашатын оңтайлы сәт туар бір. Іштей соны тілейік деген Данабике енді бір сәт Бақытжанға емірене көз салды. О, ебелектей елпілдеген құлыным! Мұхаң… Күләш… Шара… Құрманбек… Осы кісілердің көлеңкесінде жүрсең, тарыға қоймассың. Бар, бүгінгі репетицияға! Шараның әр биі бір ғажайып өмір емес пе?!
Бақытжан тағы да «Айгөлектің» партитурасын алдына жайып салып, ойға шомды. Оған әр нота жұлдыз боп жарқырады, таңғы шықтай мөлтілдеді. Партитурадан Алматының гүлді алаңының жұпарын жұтып, Алатаудың мың бұралған өзендерінің ерке толқынын көрді.
Бақытжанның көкірегі би әлемі боп дүбірледі. «Айгөлектің» партитурасына тағы бір үңіле беріп еді, Құрманбекпен, Шарамен жүздескен күні есіне түсті.
Алматыдағы Амангелді атындағы отыз сегізінші орыс-қазақ орта мектебі… Бір күні, иә, отыз тоғызыншы-қырқыншы оқу жылының басында қалалық комсомол комитетінің тапсырмасы бойынша Күләш Байсейітова, Шара, Құрманбек Жандарбековтер келіп, оқушылардың өнерпаздар үйірмесінің жұмысына қызу кірісіп кеткен-ді. Бақытжан осы мектепте мұғалім, оған қоса оқушылар хорын, оркестрін басқарады.
Кезекті бір әзірліктің аяқталған кезі. Бір топ қыз «Айгөлекке» билеп жүрді. Сәлден соң әртістер де, балалар да жөн-жөніне тарады. Бір кезде жұрттың соңын ала шыға берген Құрманбек: – Бақытжан інім, сен ертең кешке біздің үйге келіп, бір шай ішіп кетші, – деді.
Сәл аңырып қалған Бақытжан:
– Жақсы, аға! Келем! – деді ыңғайсыздана қысылып.
Ертеңінде Бақытжан Фурманов пен Калинин көшесінің қиылысқан жеріндегі зәулім сұр үйде Шара мен Құрманбектің сый-құрметін көріп, жиһаз толы сәулетті кең залда көңілі өсіп отырды. Сыртта қаңтар айының сықырлаған аязы.
Дәм үстінде Құрманбек Бақытжанды бірден сөзге тартты.
– Сенің біраз әндерің бар екен, Бақытжан. Музыкадан да білімің жап-жақсы сияқты.
– Орынборда Әліби Жангелдин ашқан үлгі-тәжірибе мектебін естуіңіз бар шығар, сол мектеп 1926 жылы Қызылордаға қоныс аударды.
– Білем.
– Осы мектепте Владимир Першин деген музыканттан сауат аштым. Өзі өте қайырымды, ізетті, елгезек жан еді. Шекті аспаптар оркестрінде ойнадым. Хорға қатыстым. Әлгі кісі маған бар алтын уақытын бөліп, музыка теориясынан да дәріс берді.
– «Айгөлегің» жайлы айтшы, – деді осы сәт Шара әңгімеге араласып.
– «Айгөлекті» мен отыз жетінші жылдың аяғы, отыз сегізінші жылы біраз ойлап жүріп… Одан отызыншы жылы атылған әкемнің «кінәсі» үшін біз қуғынға түсіп… сондай жағдайда отыз тоғызыншы жылы ақыры ән ғып шығардым. Оны әуелі өзімнің екі қарындасым Күнімжан мен Айсұлуға үйреттім. Екеуі де өзім істеп жүрген отыз сегізінші мектепте оқиды, – деді Бақытжан мұңая сөйлеп.
– Ә, інім, өтті ғой бір күндер. Құдай енді оның бетін аулақ қылсын, – деп күрсінді Құрманбек.
Үшеуі үн-түнсіз сарғайды.
– Сен «Айгөлекті» ән дейсің, – деп мылқау тыныштықты бұзған Құрманбек – Ал, мен…
– Мен де! – деді күлім қаққан Шара жеңіл күрсініп қойып. – Біз… Құрекең екеуіміз «Айгөлекті» би дейміз! Би! Төгіліп, үйіріліп тұр өзі.
– Қане, ептеп айтып көрші «Айгөлекті»…
Бақытжан қипақтады. Жүзі өртенді. Екі иығын ебедейсіз қозғап қойды. Шараның отты жанары шыдатпады. Жайлап орнынан тұрды. Шамы жарқыраған кең залда қалы кілем үстінде қамшыдай қатқан қағылез жігіт қараторы жүзі алаулаған күйі саусақтарын сыртылдата ойнатып, құшағын жая әндетіп, билей жөнелді.
Әннің екінші шумағында Құрманбекті шабыт қысты, «Айгөлектің» үшінші шумағы Шараны да тыныш отырғызбады. Енді бір сәтте еліктің лағындай лып-лып етіп, ақ шәйі көйлегінің етегі ұршықтай үйіріле жазылып, екі көзі жақұттай жалтылдаған Шара билеп бара жатты, Бақытжанмен қатарласып.
– Міне, жігіт! Маған ұқсайтын жерің осы! – деп Құрманбек сақ-сақ күліп, екі алақанын шапалақтап, жер-көкке сыймай қуанды.
Шара мен Бақытжан «Айгөлекті» қайта-қайта биледі...
Отырыс соңында Құрманбек ойланып-толғанып сөйледі:
– Бұл қаңтар айы, Бақытжан. Орталық комитеттегі жауапты кісілер біздің ойымызды енді түсінген сияқты. Айтқан уәжіміздің бәрін құп алды. Байқаймын, Мұхтар Әуезов ағаңның ықпалы болды-ау деймін. Өзінен сұрауға батпай жүрмін. Мұндайды өзі де айта бермейді. Бірақ, ішіміз біледі. Бір ниеттеміз. Ісіміз оңға басқан сияқты. Армениядан аса білікті балетмейстер Илья Арбатов шақырылып отыр. Ол кісі Шараны бұрыннан біледі. Шараның біраз билері қазірдің өзінде әзір ғой. Үлкен театр балетінің солисі Александр Артемьевич Александровты естуің бар ма? Шараға хореография есігін ашқан осы кісі.
– Ой, Құрекем-ай, білімпаз балетмейстер мен үшін тәңір ғой, – деді Шара жанары жарқ-жұрқ етіп.
– Әлбетте, Шара! Міне, Бақытжан, «Былқылдақ», «Балбырауын», «Келіншек», «Айжанқыз», «Қаражорға»… тағы не бар? Е, «Садақ» биі. Енді сенің «Айгөлегің»! Ой, Мұхтар Әуезовтің бұған деген ықыласы. Кейде ол кісі бала боп кете ме, қызық. Сенің осы әніңе қандай-қандай асыл сөздерін төкті! Кез келген зиялы жандардан ести береміз бе мұндай көңіл хошын, а?!
Жә… Біраз жай айтылды. Алғашқы премьера – наурыз айында!
Көктем шыға Алматыда филармония залында Шара ансамблінің премьера концерті болды. Дүниеге бір-ақ рет келген сұлулық періштесі сынды Шара ақ білегі ақ шабақтай ойнап, айдын көлді сызған аққуша қанат жайып, «Айгөлектің» былқ-былқ еткен ерке назды әуенімен сынаптай сырғыды; шарасы кең жақұт жанарына жайнаған жалғанды жарқырата сыйғызып, ұлы тіршілікке шуақ таратып, ой, бір толықсыды-ай төгіліп! Толықсыды-ай!
Көлдей шалқып жас өмір,
Тасып жатқан шағында,
Кемерінен шалықтап,
Асып жатқан шағында,
Ойын ойнап, ән салмай,
Өсер бала болар ма,
Күміс күлкі көрмей ол,
Кемеліне толар ма,
Айгөлек-ау, Айгөлек,
Айдың жүзі дөңгелек.
Айгөлек, деп ән шырқа,
Ел бөбегі, кел, бөбек!
– деген өлең жолдарына іштей қосылған жұртшылық Шарамен бірге ырғалды.
Концерт бітті. Сахнаға жапатармағай жүгіре шығып, Шараны құттықтаған жандардың дабыр-дүбірі басылып, зал бос қалған сәтте бірінші қатарда бағаналы бері сабыр сақтап тұрған үлкен шоғыр – Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ахмет Жұбанов, Ғабит Мүсірепов, Күләш, Қанабек Байсейітовтер, Құрманбек Жандарбеков пен Бақытжан Байқадамов… және Шараға ықыласты опера театрының бишілер тобы жүздері гүл-гүл жайнап, жүректері лүпілдеп тұрды.
Осы кезде Мұхтар Әуезов:
– Шара, сен енді мына Бақытжанға бұрыл. Біздің Бақытжан інімізді дәл қазір өң мен түс арасында десек болады. Әлі толқулы. Бәйбішелердің сонау бағзы замандардан бері балаларды өбектеп, еркелете ойнататын қарапайым ғана әнінің ескі жұрнағы боп жеткен келте қайырмасынан қандай тамаша ән өріп шығарған, бұл Бақытжан! Оны сен, Шара, қандай көркем би етіп шалқыттың бүгін! Мезгіл сынына төзіп баққан шынайы өнер еш уақытта өлген емес. «Айгөлек» соның жарқын дәлелі, – деді толғана іркіліп. – Ал Бақытжанға әр шығармаңды халықтың төл әуезімен тамырлас қып, соған, тіпті, ұқсас етіп… кейбір жүні жығылып, бағы ашылмай жүрген жұпыны нұсқалардың реңін құлпыртып, мүше-мүшесін жетілдіріп, өзге әндермен иығын теңестіріп, бойын түзеп, жетер жеріне жеткізіп, оны қайта тірілтіп, осылайша шығара бер, деп тілек білдіремін.
Шара төгілте билеген сайын «Айгөлектің» рахатын көрді, талай елдің сахнасына шырай беріп, қазақтың ұлттық биінің классикалық құдіретін танытып, мерейін көтерді. Бұған қыруар мысалдардың ішінен біреуін-ақ айтса да жеткілікті. Қытай Халық республикасының астанасы Пекинде болатын ресми салтанатты жиындарда Шыңжан өлкесіндегі қазақтардың өнер жұлдыздары әзірлеген концерттерде Абай мен Майраның әндеріне қоса, міндетті түрде «Айгөлек» биін орындау әдетке айналған. Өйткені, Қытай халқының ұлы көсемі Мао Цзе Дун «Айгөлекті» ерекше сүйген.
…1960 жылдың ақпанының жиырмасыншы жұлдызында Бақытжанның әкесі Байқадам Қаралдин ақталды. Сол жылдың жаз айында Мұхтар Әуезов Америка Құрама Штаттарында болып қайтқан сапарын жер-жерде сел-сел әңгіме етіп, жиі-жиі кездесулер өткізді. Мерейі тасыған сол күндердің бірінде ол Бақытжанға телефон соғып: – Шіркін, өмір! Қалай-қалай құбылады, ә? Сол бір үрейлі, қатерлі жылдарда сүйікті әкеңнің қайғылы тағдырына күйіп жүріп, әр нотасына көз жасың тамған «Айгөлегіңнің» шаттық биі боп шығатынын ойладың ба, ойламадың ба, ол өзіңнің жан құпияң. Сонда не құдірет бұл?! Жазмыш тәлкегінен жеңілмейтін, шегінбейтін жанның әлуеті, пәрмені ме? Кейде адамның жылап отырып күлетіні рас болғаны ма, Бақытжан інім? Сұлулық өлмейді. Әділет өлмейді. «Айгөлек» менің жүрек сүйінішім. Шара қартаймаса екен деп тілеймін! – деді.
Бұл – «Айгөлекке» іңкәр көңілмен шексіз берілген Мұхтар Әуезовтің соңғы сөзі болды.
Илья ЖАҚАНОВ.