Жетісу жерінде 6,5 мыңнан астам чешен-ингуш тұрамыз. Құдайға шүкір, жергілікті халықпен бірлесе еңбек етіп, ынтымағымыз жарасып, сүттей ұйып отырған жағдайымыз бар.
2005 жылдан бастап чешен-ингуш этномәдени бірлестігі Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы мен «Достық үйі Қоғамдық келісім орталығы» мекемесімен тығыз қарым-қатынас орнатып, былтыр «Қайырымдылық керуені» және «Қазақстан халқы Ассамблеясының – 20 ізгі ісі» эстафетасы аясында түрлі мейірімділік шараларын өткіздік.
Нақтылай түссем, Талдықорған қаласындағы «Қамқор» мүгедек балалар үйіне көмек көрсеттік. Балалардың қуанышында шек болмады. Мейірімділіктің не екенін әрбір бала жанарымен ұғындырып та тұрды. Бүгінгі таңда балалар үйінде 4-18 жас аралығындағы ақыл-есі кем 135 мүгедек бала тұрады. Оларды уақтылы емдеп, денсаулықтарын күтіп, сақтауға мемлекет тарапынан жақсы қолдау көрсетілген. Балалар үйінде тәрбиеленушілердің бейімділіктеріне орай аяқ киім жөндеу шеберханасына, қысқы бақ жылыжайына жұмысқа тартып, еңбекке араластырылуы қуанарлық жайт.
Шыны керек, сол жұмысты жан-тәндерімен беріле атқарып жүрген балалар қимылынан ерекше бір ширақтық байқалады. Балалар үйіне жасаған игі шараның тамаша бір концерт қойып берді. Ән салып, би билеп, өз таланттарын ашуға талпынғандары қалай жақсы. Балаларды біздің «Вайнах» ансамблінің сүйемелдеуімен бірге чешен тілінде бірнеше ән де орындап берді. Концерт соңында балаларға арнап асханада «Тәтті тағам» атты мерекелік дастарқан ұйымдастырдық.
Сонымен қатар, Қаратал ауданы, Үштөбе қаласының орта мектебіне 45 000 теңге қаражатқа керекті кітаптар мен сыйлықтар табысталды. Облысымыздың мұқтаж отбасыларындағы балаларға 300 000 теңгенің сыйлықтары да берілді. Ұлы Отан соғысының ардагері Ш.Исмаиловқа арнайы сыйлықтар, азық-түліктерімен себет тапсырылды. Этномәдени бірлестік қатерлі ісікке шалдыққан Кербұлақ және Сарқан аудандарының азаматтарына қаржылай көмек берді.
Қорыта айтқанда, осы аптада «Қайырымдылық керуені» аясында жыл бойы атқарған жұмысымыздың нәтижесі түйінделді.
Асият ИБРАГИМОВА,
Алматы облыстық «Вайнах» чешен-ингуш этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары
ТАЛДЫҚОРҒАН