• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2011

Отандық телеарналарды енді бүкіл ел көретін болды

438 рет
көрсетілді

Сүйінші, ардақты ағайын! Тәуелсіздіктің тағы бір тамаша табысына қол жеткізілді. Кеше Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаев DVB-S2  стандартындағы Ұлттық спу­тниктік телерадио хабарларын тарату желісінің іске қосылу рәсіміне қатысып, оны салтанатты жағ­дай­да іске қосты.  Сөйтіп, енді отандық телеарналарды бүкіл ел көретін болды. Техникалық мәселелердің ше­шілмеуіне байланысты тек көрші елдің көгілдір эк­ранына ғана көз тігіп келген мыңдаған отандас­та­ры­мыздың ойындағысы орындалды. Спутниктік сандық теледи­дар­ды іске қосу – бұл ұлттық телерадио таралымын жаңа сандық технологияға көшірудің ал­ғаш­қы кезеңі. Осы инновациялық ауқымды жоба Елбасының тап­сыр­масы бойынша және Қазақ­стан Республикасының 2020 жыл­ға дейінгі индустриялық-ин­но­вациялық даму бағдарла­ма­сы­на сәйкес жүзеге асырылып отыр. Бұл жобаның басты мақсаты – еліміздің шалғайдағы елді мекендерін қоныстанған тұрғындардың ақпаратқа деген қолжетімдігін қамтамасыз ету. – Еліміздің экономикалық қуа­тының артуына байланысты біз Қазақстанда индустриялық-ин­но­ва­циялық даму бағдар­ла­ма­сын жү­зеге асыра бастадық. Ал инно­вациялық даму дегеніміз, міне, осы IT технология. Сон­дық­тан мен Қазақстанда сандық теледидар  жүйесінің іске қосылып отыр­ға­нына өте қуаныштымын. Бұл тура­лы біз көптен айтып келеміз. Ақыры бұл бағдарлама да жүзеге асып отыр, – деді Президент Нұрсұлтан Назарбаев  спутниктік сандық теледидардың ашылу сал­танатында. Одан әрі Мемлекет басшысы қазақстандықтардың осы бір жо­ғары инновациялық жобаның іске қосы­луы­на байланысты өздерін өркениет­тің биік деңгейінде сезіне алатын­ды­ғын жеткізді. Бұл елге керек игілікті іс. Бұған дейін Қазақстанның ше­кара­лық аймақ­тарында, шалғай елді мекендерде қоныстанған отандас­тарымыз Қа­зақстан телеарналары­ның хабар­ларын көре алмайтын еді. Енді бүкіл қазақстандықтар отандық ақ­паратпен сусындайтын болды, деді Елбасы өз сөзінде. Бұрын ақпарат­тық теңсіздікті сезініп кел­ген отан­дас­тарымыз енді елмен бірге бола­д­ы, болып жатқан жаңалықтарды дер кезінде біліп,  елімізде жүргізіліп жатқан сая­сатты қолдап отырады. Одан кейін Мемлекет басшысы бұл жоба еліміз үшін үлкен иннова­ция­лық жетістіктердің бірі екендігін атап көрсете келіп, барлық қазақ­стан­­дықтарды осы бір үлкен техно­ло­гиялық жетістікпен құттықтады. Спутниктік сандық телерадио хабарларын тарату желісінің іске қосылу салтанатында сөйлеген Бай­ланыс және ақпарат министрі Асқар Жұмағалиев осы жобаның іске қосылуымен байланысты елі­міздің барлық тұрғындары, оның ішінде шекаралық және шалғай елді мекендерде қоныстанған отандастарымыз алғаш рет спутниктік байланыс ар­қылы 37 рес­публикалық және ай­мақ­тық теле­арналарды тегін көру мүм­кін­дігіне ие болғанын атап көр­сетті. Енді тестік режімде көрсетілетін тегін топтамаға 18 республи­ка­лық, 14 облыстық телеарна мен 3 радио желісі тегін пакет негізінде жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, тұтынушылар ақылы пакет негізінде 50 шетелдік телеарна­ларды көре алады. Бүгінгі күнге дейін еліміздің 150 мыңға тарта тұрғындары қазақстандық арна­ларды көре алмайтын. Бұл үшін спутниктік телерадио хабарларын тарату желісін іске қосу шарасы шеңберінде Ал­маты, Астана және Орал қала­ларында орналасқан хабар қабыл­дап-таратқыш 3 станса заманауи технологиямен жаңартылды. Со­ны­мен бірге, «Қазақстандық телекоммуникация» АҚ-тың спутниктік желісі жаңа DVB-S2 МРЕG 4, 8 PSK стандарттарына ауысты­рылды. Таратылымның жаңа пішініне көшу арқылы  спутниктік ресурстарды оңтайландыруға, теле­­арна­лардың санын көбейтуге, об­лыс­тық телеарналардың жоғары ай­қындылықтағы (HD-пішіндегі) тәу­лі­гіне 14 сағат бойы (бұ­рын тәу­лігіне 1 сағат) хабар таратылуы­на қол жеткізілді. Бағдарламалар­ды жаңа стандартта көру үшін «Кателко плюс» спутниктік желі­сінің тұтынушыларына арналған спутниктік қабылдағыштар (ресиверлер) ауыстырылады. Ал жаңа­дан қосылатын тұтынушылар ав­тор­ландырылған дилерлер ар­қылы арнайы қабылдағыш қон­дыр­ғы­ларын орнатулары керек. Министр атап көрсеткендей, жо­баның мемлекеттік әлеуметтік ма­ңыздылығын ескере отырып, Бай­­ланыс және ақпарат министр­лігі еліміздің барлық облыс­тары­ның әкім­дерімен сандық спут­ни­ктік телерадио таратылым­дарын да­мыту туралы әріптестік ме­моран­думға қол қойған. Тараптар спутниктік сандық телерадио та­ра­тылымы ту­ра­лы халықты ақ­парат­тандыру жұ­мыстарын бірге атқарады. Әлеумет­тік жағынан аз қамтылған отбасы­ларының спут­никтік сандық телерадио ха­бар­ларды толықтай тұтыну мүм­кіндігіне қол жеткізеді. Ұлттық телерадио хабарларын тарату желісін құрудың келесі кезеңінде бала­малы желідегі эфирлік хабар т­а­ратуды DVB/Т2 стандартын­дағы цифр­лық негізге ауыстыру міндеті тұр. Бұл жоба 2011-2014 жылдар аралығында жүзеге асы­рылады. Содан кейін Елбасы Нұрсұл­тан Назарбаев салтанатты жағ­дайда Ұлттық спутниктік телерадио ха­бар­ларын тарату желісін іске қо­сып, осы жоба өткен жыл­дың жел­тоқсан айынан бері қа­нат­қақты негізде жұмыс істей бастаған Павлодар облысы Шар­бақты ауданының ең шалғайда ор­наласқан Шегрен ауылының тұр­ғыны Азамат Хамит­ұлының отбасымен тікелей байла­нысқа шықты. Осы шаңырақтан Елба­сы­мен байланысқа шыққан облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев­тың айтуынша, облыстағы 412 ауыл­­дық елді мекеннің 70-і отандық телеарналардың хабарларын қа­был­дау мүмкіндігінен шектеліп келсе, 54 елді мекен тек Ресей теле­арналарын ғана көріп келген. Енді бүкіл облыс аумағы отандық ақ­паратпен толық қамтылатын бол­ды. Облыста 1064 шаңыраққа спут­никтік-сандық қондырғы орнатыл­са, 500 отбасына мұндай қондыр­ғылар тегін қойылған. Шегрен ауылының тұрғыны Азамат Хамитұлының анасы, 106 жастағы Қапиза әжей ең шалғай­да жатқан ауылға ел тынысын жеткізген осы бір игілікті шара үшін Елбасына шынайы алғысын айтып, ақ батасын берді. Кейінгі кезде кей жиындарда Байланыс және ақпарат министр­лігінің атауына байланысты қо­ғам­да ақпараттық рөлі маңызды­рақ, сондықтан министрлік атын­да сол ұғым алда тұруы керек еді деген сыңайда пікірлер айтылып қалып жүретін. Кешегі оқиға ол ойдың орынсыздығын көрсетіп беріп отыр. Еліміздегі ақпарат сала­сының мүмкіндігін молайту үшін бүгінгі таңда ең алдымен байланыс жүйесін нығайту өте дұрыс бағыт екенін бұлтартпай дәлелдейтін осы­нау тәуелсіздік табысының қуаны­шы ұзағынан болсын дейміз. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ. ----------------------------------------- Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.