• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
16 Сәуір, 2016

Мақсат – ынтымақтың ұйытқысы болу

410 рет
көрсетілді

Бүгінде төрткіл дүниедегі қоғам және саяси қайраткерлер талқылауынан өтіп, жалпы жәмиғаттың қызығушылығын тудырған Елбасының «Әлем. XXI ғасыр» манифесі бойынша Жетісу жерінде бізбен Алматы облысы, Қаратал аудандық мәслихатының хатшысы Бақыт СМАЙЫЛОВ хабарласқан еді. Өзіндік пікірін Елбасы ойымен сабақтастырып әрі өңірде ел мүддесі үшін тер төгіп, мемлекеттік саясатқа сай әрекет етіп жүрген өкілмен шағын әңгімеміз былай өрбіді. – Бақыт Жексембекұлы, жалпы түсінікті болғанымен, тарата айтып, саралап, сараптауды қажет ететін жаhандық ынтымақтастық деген ұғым туралы не айтар едіңіз? – Қазақстан Республикасы­ның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Вашингтонда әлемнің 51 елінің президенттері мен премьер-министрлері және халықаралық беделді ұйымдар басшылары алдында сөйлеген сөзі ірілікті танытып қана қоймай, үлкен ой тастады. Еларалық ын­тымақтың әлемдік деңгейдегі ұйытқысы керектігін аңғартты. Бұл жерде айтайын дегенім, 130-дан астам этнос өкілі тұратын Қазақстанда сол татулық, ын­тымақ, достық берік орнығып, оны үлгі тұтуға болатындығы еді. Егер ұлттар бірлігі дәл біздің еліміздегідей өзге мемлекеттерде де орнаса, адамзаттың бір арманы – ынтымақ жер бетінде беки түсері анық. Сол бейқұт өмірдің тірегі бейбітшілік деген сөзді саралап көрсеңіз, бірінші кезекте көз алдыңызға өзіңіздің өңіріңіздегі ахуал келмей ме?! Құдайға шүкір, Жетісу жерінде 103 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Осыған сүйене ынтымақтастық мәселесін Елбасы биік мінбеден ашық айтып, саясаткерлерді мойындата білді деп санаймын. Ал ынтымақтың ұйытқысы отбасы болып табылады. Бұл ұлағатты атам қазақ «Ырыс алды – ынтымақ» деген бір ауыз сөзіне сыйдыра алған. Демек, бейбітшілікті аңсап, ын­тымақтастыққа ұмтылып отырған әлем халықтарына үлгі бола аламыз. Бір есте сақ­тайтын жайт, төрткүл дүниеде бейбітшілікті орнату қанша әлеуетті болса да бір мемлекеттің ғана қолынан келетін іс еместігін айтулы форумда Америка Құрама Штаттарының президенті Барак Обама да айтып өтті ғой. – Ендігі әңгімені жаппай қырып-жоятын қарудан арылу мәселесіне ойыстырсақ. – Кеңестік дәуірде алапат күшімен әлемді түршіктіріп тұрған Семей ядролық полигонының Елбасының бастамасымен, Қа­зақстан халқының қолдауымен жабылғанын бейбітшілікке ұм­тылған елдер жай ғана айтумен шектелмей, өзге мемле­кет­терге үлгі тұтуда ғой. Сөзі мен ісі қабысқан еліміздің ау­ма­­ғында барлық ядролық қару жойылғаны тағы ақиқат. Бұл қадам Қазақ елінің осы саладағы онсыз да жоғары беделін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте одан бетер көтерді. Біздің еліміз қашанда ядролық қаруды таратпауды ұстанған мем­лекеттердің көш басында тұратыны анық. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан»  Алматы облысы