ҚАРАҒАНДЫ. 16 сәуір. Қарағанды облысындағы Южный елді мекенінде үш ер адам жұмыс істемей тұрған тазалау қондырғысының құдығына түсіп, газбен уланып қайтыс болды. Бұл туралы Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар департаменттің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Южный елді мекенінің үш тұрғыны металл сынықтарын жинау үшін жұмыс істемей тұрған тазалау қондырғысының құдығына түскенде, улы газға тұншығып, сол жерде жантәсілім еткен. Ал марқұмдармен бірге болған 1972 жылғы ер адам ауруханаға жеткізілді.
Облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің жедел-құтқару отрядының жауынгерлері марқұмдардың денесін 5 метр тереңдіктен тысқа алып шықты. Қазіргі уақытта қайғылы оқиға бойынша тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде.
Қайрат Әбілдинов.
Дерек, фото: Қарағанды облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент.