АСТАНА. 18 сәуір. Уругвайда толассыз жауған жаңбыр мен торнадоның салдарынан 7 адам мерт болды. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Мемлекет президенті Табаре Васкестің айтуынша, 2057 адам баспаналарын тастап кетуге мәжбүр болған. Табиғат апатынан әсіресе, елдің оңтүстік-батысында орналасқан Сорьяно департаментіне қарасты Долорес қаласы зардап шекті.
Өткен жұма күні бұл маңайда 4 адам қаза тауып, 200-ден астамы жарақат алған. Сондай-ақ, жүздеген ғимараттар қирап қалды. Полиция қызметкерлері осындай кезде ұрлықты кәсіп еткен 5 адамды тұтқынға алды.
Жексенбі күні аталған қалада қаза тапқандарға байланысты қаралы күн жарияланды. Тосын табиғат апатынан тағы үш адам Роча, Серро-Ларго және Канелонес департаменттерінде опат болды.
Аян Әбдуәли.
Дерек, фото: ТАСС.