• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Музейде мұра мол

423 рет
көрсетілді

Патриот – ол Қазақстанды шын сүйетін, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін, бойында адалдық, ар-намыс,

ізгілік қасиеттері бар, халқының дәстүрі мен Отанына деген сүйіспеншілігі мол адам.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

Байтағымызды мекен еткен Отаны­мыз өз Тәуелсіздігін жария­лаған­нан кейін көп кешікпей Қарулы Күштерімізді құру жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы 1992 жылдың 7 мамырында шыққан  болатын. Содан бергі кезең ішінде мем­ле­кетіміздің әскери қуаты қалып­тасып, қарулы құрылымдары бекіді. Бұл елдік істегі елеулі кезеңінің бастысы десек, артық айтқандық болмайды. Себебі, бабаларымыздан қалған ұлан-ғайыр мекеннің әр шаршы метрін қорғау, еңбектеген бала­дан еңкейген кәріге дейінгі азамат­тардың адал борышы екені белгілі. Әскеріміздің қанаты қата­йып, буыны бекігеннен кейінгі ке­зеңде оның арғы-бергі тарихын, бү­гінгі жетістігін ұрпаққа жет­кізу мақсатында әскери-патриот­тық музей жасақтау күн тәртібіне шыққан еді. Бұл барын дамыта оты­рып, жоғын түгендеу жолындағы ел азаматтарының игілікті іске ұмтылуы болатын. Сөйтіп, бүгінде Отан алдында өз борышын адал атқарып жүрген азаматтарымыз бен арғы-бергі тари­хымызда ел қорғау үлгісін көрсет­кен бабаларымыздан қалған үлгіні жаңғырту ниеті алға шықты. Арқа төсіне берік орныққан елор­дамыз Астанада Қорғаныс министрлігінің «Ұлттық әскери-патриоттық» орталығы сол орайда ашылды. Бұл игілікті іс Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қол­­д­ауы­мен, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің ұтқыр ұйымдастырушылығымен жүзеге асқанын айта кетуге тиістіміз. Отан қорғау ісіне арналған сол Ұлттық әскери-патриоттық орталығы өткен жылдың желтоқ­сан айының басында іске қосы­лып, әскери-тарихи музейдің экс­понаттарымен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзі танысып, оң бағасын берген болатын. Біз бүгін сол Отан қорғаушы­лардың рухын көтеретін орталықтың атқарып жатқан жұмы­сын, алда тұрған міндеттерін білу мақсатында Әскери-тарихи музей басшысының орынбасары Асқар Қасымовты әңгі­меге тартқан едік. – Қасиетті жерімізді, еліміз­ді адал қорғаған баһадүр баба­лары­мыздың Отан қорғау үлгісі Тәуелсіздіктен кейінгі жыл­дары Елбасының сарабдал саясатының арқасында жүзеге асып келе жатқаны белгілі. Тұңғыш рет ашылған тарихи музей­дің беташарын «Мәңгілік Ел» ком­позициялық орта­лығынан бастау алып, Қазақстан Рес­публикасының Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев және оның айналасына әр дәуір­лерде Отан қорғаған айтулы батырлардың бейнесі жинақталған барельеф орналасқан. Осы арада мына бір нәрсені айта кетсем деймін, бұл ғимарат 2000 жылы салынып, Президенттің мәдениет орталығы, өзге де мекемелер жұмыс істеген болатын. Соған байланысты еңселі ғимарат қысқа уақыт ішінде музейге лайықталып қайтадан жөндеуден өтті. Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайды. – Музейде қазір қанша экс­понат бар? – 6 мыңнан асады. 8 зал жұмыс істеп тұр. Алдағы уақытта 2 зал іске қосылатын болады. Мәселен, «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері» атты залда Қарулы Күш­теріміздің құрамындағы Құрлық әскері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштеріне тиесілі жауынгерлік тулар қойылған. Мұн­дағы көптеген жәдігерлер Қазақ­станның Тұңғыш Президенті музейі қорынан алынды. Сол секілді, Жоғарғы Бас Қолбасшының 1992 жыл­дың 7 мамырындағы Жар­лы­ғы­ның түпнұсқасы, Жоғар­ғы Қол­бас­шының салтанатты шеру­ге ар­нал­ған киім үлгісі, тағы да басқа заттар қойылған. Сонымен қатар, 4 өңірлік қолбасшылықтың аумағы көрсетілген карта ілінген. Әскери-теңіз күштеріне арналған жәдігерлер де баршылық. «Көне заман – XIX ғасыр» деп аталатын зал 4 бөлімнен тұрады. Оның біріншісі – Ерте дәуір, екін­шісі – Ежелгі орта ғасыр, одан кейін Алтын орда және өткен жылы ғана 550 жылдығын атап өткен Қазақ хандығы кезеңдерін қамтиды. Әр бөлімге қойылған қару-жарақ түрлері бабаларымыздың елі мен жерін қорғаудағы ерлігінен хабар беріп тұрғаны анық. Қазақ хандығына арналған бөлімде батырларымыз ұстаған 5 қару толығымен қойылған. Ал «ХХ ғасырдың әскери тари­хы» деп аталатын зал 3 бөлімнен жасақталған. Онда «Алашорда», «Ұлы Отан соғысы», «Ауған соғысы» туралы материалдар орын тепкен. Осыдан 70 жылдан аса уақыт бұрын аяқталған 1941-1945 жылдардағы сұрапыл соғыс туралы оның хас батырлары Бауыржан Момышұлы, Рақымжан Қошқарбаев, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова, Хиуаз Доспанова, Алматыда құрыл­ған атақты 316-шы атқыштар дивизиясы, оның командирі Иван Панфилов, өзге де құнды дерек­тер көптеген келушілердің назарын аударып отыр. Тәуелсіз Қазақ елінің тұңғыш Қорғаныс министрі, армия генералы, Халық Қаһарманы, Кеңес Одағы­ның Батыры Сағадат Нұрмағамбетов туралы мәліметтер де тарихи жәді­герлерімізді толықтырып тұр­ғаны анық. – Еңселі ғимаратта одан өзге де бөлімдер бар көрінеді. Олар туралы да айта кетсеңіз. – Иә, әскери-тарихи музеймен қатар, концерт залы, Қорғаныс министрлігінің орталық оркестрі мен ансамблі де осы ғимаратқа орналасқан. – Асқар Құсайынұлы, музей­ді жасақтау ісіндегі ізденістері­­ңіз, көмек қолын созған мекеме­­лер мен азаматтар жайлы да айта кетсеңіз. – Музейдегі көптеген заттар алда да айттым, Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Прези­денті музей қорынан, сол секілді Тұңғыш Президент университетінен, өңір­лерден жеткізілген. Соған бір мысал келтірер болсам, Ұлы Отан соғысы жылдарында қолданған және қазіргі Қарулы Күштеріміздің санындағы атыс қаруларын атауға болады. Олардың қатарында артиллериялық қарулар, танкіге қарсы зымырандар, оқ-дәрілер, зенниттік зымырандар, тағы басқалар бар. Музейді заман талабына қа­рай жасақтау кезінде ғалымдар да ерекше үлес қосты. Олардың қатарында тарих ғылымдарының докторы, профессор З.Самашев, А.Көшкімбаев, тарих ғылым­дары­ның кандидаты К.Ахметжанов, М.Құсайынов, өзге де зиялылар өз үлестерін қосты. Сол секілді Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі Сауық Нұрмағамбетов, генерал-майор Иван Панфиловтың немере қызы А.Байқадамова, Ауған соғысының Қаһарманы Б.Керімбаев, Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант, Мәжіліс депутаты Б.Ертаев, өзге де ұлтымыздың айтулы ұл-қыздары өздерінің көмек қолын созды. – Музейді осы уақытқа дейін қанша адам келіп көрді? – Қысқа уақыттың ішінде 14 мыңнан аса адам келіп тамашалағанын айта кетуге тиістімін. Олардың 332-сі 27 мемлекеттен келген, атап айтқанда, Австрия, Англия, Германия, Үндістан, Иран, Қытай, Ресей, Швеция, Жапония, Франция, өзге де шетелдердің аза­маттары бар. – Асқар Құсайынұлы, музей­ді жасақтау кезінде әлем­дік дең­гейдегі жетістіктер ескеріл­ген шығар? Халықаралық бай­ла­ныстарыңыз туралы да айта кетсеңіз. – Қазақ елі Ұлы Даланы мекен еткен ежелгі Ғұн, Түркі қағанаты, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда секілді мемлекеттердің жалғасы болып саналады. Ендеше, жауынгерлік үлгі біздің бабаларымызда бұрыннан болған. Біз еліміз осыны өзге жұрттарға таныту мақсатында алда да айттым, Елбасының қолдауымен, Қорғаныс министрлігінің ұйытқы болуымен осы музейді құрып, қазір жұмыс істеп жатыр. Бұл күндері 8 зал  ұлттық қорғаныстан хабардар етсе, алдағы уақытта тағы да 2 зал іске қосылатын болады. Онда заманауи техникалар қойылып, келушілерге арғы-бергі тарихтан мол мағлұмат береді. Төрт құбыласы түгел жасақ­талған кинозалда патриоттық рухың­ды көтеретін кинолар көрсетуді жос­парлап отырмыз. Енді сұраққа берер жауабым, біздің музей біраз елдермен тіке­лей қарым-қатынаста. Олардың қатарында Ресей, Қытай, Моңғолия, тағы басқа мемлекеттер бар. Мамандарды шетелдерге жіберіп, тәжірибе алмасу ісі де жолға қойылып келе жатыр. Музейімізде 105 адам қызмет етеді. Жақында Лондонға 2 адам, Швецияға 3 адам тәжірибе алмасуға жібергелі отырмыз. Әскери-тарихи музейдің басшысы Перизат Өтепова қазір Францияда жүр. Ондағы мақсат – осы музейді заманауи талапқа сай жасақтап, өркениетті елдердегі үлгіде қалыптастыру. Біздің музейде, яғни 29 сәуірден бастап швециялықтар Стокгольм қаласынан арнайы келіп «Өмір мен өлім айқасқан сәт» атты көрме өткізеді. Ол жарты жылға созы­латынын еске сала кетейін. Бұл көрмеге қойылған жәдігерлер кімнің де болса көңілінен шығары сөзсіз. Онда сол елдің әскери өнерінің арғы-бергі тарихы қамтылады. Көрер­мендер сол көрмені көре оты­рып, өз Отанымыздың, яғни Ұлы Дала жұртының жауынгерлік дәстүрін салыстыра отырып сабақ алады деген ойдамын. Құрылғанына аз уақыт бол­ғанмен, бұл музейден бүгінгі ұрпақ пен келер жас алар тағылым, үйренер үлгі аз болмасы анық. Отанды сүю, елді қадірлеу, тәуелсіздікті баян­­ды ету жолындағы арғы-бергі та­рих­ты қамтыған музей экс­по­нат­­тары Қазақ халқының іргелі ел, аталы жұрт екенін танытады. Әсі­ресе, ежелгі дәуір, одан кейінгі заман­дардағы қару үлгілері, оның жетіл­ген түрлері шайқас өткен бай­тағымыздағы жекпе-жектер бей­не­ленген көріністер әрбір көрер­меннің көңілінен берік орын алып келе жатқаны айдай ақиқат. Музей экспонаттары алдағы уақытта да толыға берері сөзсіз. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»