Кеше Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро төрағасының орынбасары Алик Шпекбаевтың қатысуымен мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлық әрекеттерінің алдын алу және болдырмау мәселелері бойынша селекторлы жиналыс өтті.
Оның жұмысына министрлік комитеттері және департаменттерінің басшылары, ведомстволық бағынышты ұйымдардың жетекшілері және Астана, Алматы қалалары мен аймақ әкімдіктері салалық бөлімдерінің өкілдері қатысты.
Ведомство басшысы А. Мұхамедиұлы Мәдениет және спорт министрлігі мен оған қарасты ұйымдарда сыбайлас жемқорлық фактілеріне тосқауыл қою және болдырмау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады. Ал Ұлттық бюро төрағасының орынбасары А. Шпекбаев әлемдегі ең қауіпті кесел болып табылатын сыбайлас жемқорлықпен күрестің өзектілігі мен күрделілігіне тоқталды. Бұл бағытта тиімді жұмыс жүргізу үшін барлық жағдай жасалып, тиісті құқықтық база құрылған. 2016 жылы 59 заң, соның ішінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң қабылданып, 2015-2025 жылдарға арналған. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия іске қосылды. Ол сыбайлас жемқорлықты болдырмау, ішкі және сыртқы қауіптерді сараптау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру және тәрбиелеу, т.б. институттарды көздейді.
Сонымен қатар, А. Шпекбаев мәдениет және спорт ұйымдары мен мекеме басшыларының назарын саладағы сыбайлас жемқорлықты жою бойынша іс-әрекеттерді қатаң бақылауға алып, сыбайлас жемқорлық қауіптерін алдын алу мен ескерту үшін барлық шаралар жүргізу және сала қызметкерлері арасында түсіндірме жұмыстарды тұрақты түрде жүргізудің маңыздылығына аударды, деп хабарлады Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі.