• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

4,5 миллион адам спорттан президенттік тест тапсырды

483 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның төрайымдығымен Үкімет сағаты өтті. Денешынықтыру және бұқаралық спорттың кеңінен таралу мәселесіне арналған Үкімет сағатында негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, қосымша баяндаманы Әлеу­меттік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова жасады. Денешынықтыру мен бұқа­ралық спортты дамыту аза­мат­тардың денсаулығына, сапалы өмір сүруіне оң ықпал етеді. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Денешынықтыру мен спорт мемлекеттің айрықша назарында болуы тиіс. Нақ сол саламатты өмір салты ұлт денсаулығының кілті болып саналады», деген Г.Исімбаева осы талапты жүзеге асыру бағытында қандай шаруалар тындырылып жатқанын, қандай шешілмеген мәселелер барын айту үшін сөзді баяндамашыларға берді. Бұқаралық спорт пен дене­шынықтыруды қалып­тас­тыру мен насихаттау барысында төмендегідей басты жұмыстар ат­қарылды, деп бастады өзі­нің сөзін А.Мұхамедиұлы. 2025 жылға дейінгі мерзімге денешынықтыру және спортты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бүгінгі таңда оны іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары белгіленді. 2020 жылға дейінгі мерзімде отандастарымыздың 30 пайы­зын денешынықтыру және спорт­пен жүйелі түрде айна­лысуын қамтамасыз ету мәсе­лесін алға қойып отырмыз. Осы бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Ең бастысы, нормативтік-құқықтық база жетіл­діріліп, оның шеңберінде 56 акт қабылданды. 2015 жыл­дың қорытындысы бойынша ел халқының 26 пайызының бұ­қаралық спортпен айналысуына жағдай жасалды. Бұл – 4,5 млн. адам деген сөз. 33 мыңнан артық бұқаралық спорт шаралары өткізілді. Соның 18 мыңына жуығы ауыл­ды жерлерде болды. БАҚ арасында бұқаралық спортты дамытуға «Қазспорт» пен «Қазақстан» телеарналары көп еңбек сіңірді. Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттан президенттік тест өткізілді. Осы тесті тапсыруға былтыр 4,5 млн. адам қатысты. Биыл да осы жұмыстар белсенді жүргізіліп, жеңімпаздарға ынталандыру төсбелгілері тапсырылатын болады. Бүгінгі күні мектептерде 38 мыңнан артық спорттық үйірмелер жұмыс істеп, оларға барлық оқушылардың 28 пайыздан артығы қатысады. Бірақ ауыл мектептерінде спорт үйірмелерін ашу мүмкіндіктеріне әлі күнге қол жеткізе алмай отырмыз. Болашақта денешынықтыру пәнін аптасына үш сағатқа дейін көбейту мәселесі қарастырылуда, деді ол. Одан әрі А.Мұхамедиұлы кейбір фирмалар мен жеке адам­дардың қаржылық қолдауының арқасында өткізілген спорттық жарыстар, салынған спорттық құрылыстар туралы айтып өтіп, оларға өзінің шексіз риза екенін жеткізді. Қосымша баяндама жаса­ған Г.Ықсанова спорттың денсау­лық сақтаудағы маңызына көбі­рек көңіл бөлді. Оқушы­лар­дың денешынықтыру сабағы­нан көп босатылуы, ата-ана­лар тарапынан компьютердің ал­дында көп отырғанша, спортпен айналысуын бақы­лау­ды төмендетуі – осының бәрі балалардың денсаулығының нашарлауына соқтыратын фак­торлар. Соның кесірінен қа­зір мектеп оқушыларының 75 па­йызға жуығы гипединамия­мен (тірек-қимыл аппараты бұл­шық еттерінің, қан айналымы мен тыныс алу, ас қорыту мүше­лері жұмысының нашарлауы) ауырады. Соңғы екі жылдағы тек­серулерге қарағанда, әрбір бесінші оқушы әйтеуір бір нау­­қасқа шалдыққаны анық­та­лып отыр. Әскерге шақыр­ыл­ған­дардың әрбір үшіншісінің ғана денсаулығы дұрыс болған. Біз ел тұрғындарының кемінде 30 пайызы бұқаралық спорт түрлерімен айналысуын қамтамасыз етейік деген міндет қойған едік. Алайда, соның нәтижесі қағазға жазылатын ақпар үшін ғана айтылатын сияқ­ты, өйткені, ешкім де ұйым­дастырылған түрде есеп жүр­гізіп жатқан жоқ. Ал дамы­ған шетелдерде есеп қатаң жүр­гізіледі. Мәселен, 16 млн. тұр­ғыны бар Голландияда есепке алынған велосипедтердің саны 17 млн... Бізде де есеп жүргізу бойынша кейбір облыстардың ғана тәжірибесі жақсы жолға қойылған. Мәселен, Қызылорда облысының 160 елді мекенінде 337 қоршалған алаңдар жаса­лып­ты. Оларда 318 спорт нұ­с­қау­шысы бар екен. Міне, осын­дай есептерден қанша адам­ның бұқаралық спортпен айна­лысатындығын нақты анықтауға болады, деді баяндамашы. Одан әрі шешен спортты дамытуға бөлінетін қаржының аздығы және оның тиімді жұм­салмауы проблемалары бар екені туралы айтып өтті. Осыдан кейін негізгі баян­дамашы А.Мұхамедиұлы депутаттардың көптеген сұрақ­тарына жауап берді. Айта кететін жайт, алтыншы сайланымның жаңа депутаттары алғаш рет осы жиында барынша белсен­ділік көрсетті. Депутат Айқын Қоңыров министрліктің ба­лансына тіркелген спорттық ғи­мараттардың қаншасы жеке­шелендіруге қойылатынын сұрады. Оған министр бүгінгі күні белсенді түрде қолданылмайтын спорттық базалар шығарылғалы отырғанын жеткізді. Біз оларды бәсекелестік ортаға шығарсақ, тиімділігі артатын шығар деп санаймыз. Бұлардың қатарында Қапшағайдағы спорттық база да бар, деді ол. Сонымен қатар, министр бұрынғы республикалық мектеп-интернаттардың ба­лансында болған демалыс және спорт лагерьлері де сатылатынын айтты. Ал негізгі спорттық ғи­мараттарды облыстық әкім­діктердің балансында сақтауды қалап отырмыз, деді министр. Депутат Нұртай Сабильянов ауыл мектептерінің 40 пайызында спорт залдары жоқ екенін ауызға алып, ондағы балалар спортпен қай жерде айналысуы керек екенін сұрады. Сонымен бірге, депутат 2009 жылдан бастап Қазақстан Бразилиядағы футбол академиясына жасөспірімдерді оқуға жіберіп, оның шығыны үшін жылына 100 млн. доллар төлегенін, ал биыл баратын 25 бала үшін бұл ақы 200 млн. доллар болғанын айтты. Осы уақытқа дейін 50 бала бұл оқуды бітірді. Бірақ солардан ешқандай жоғары нәтиже жоқ. «Бәйтерек» клубында ойнап жүргенін білеміз, ал ол команданың турнирдегі нәтижесі төмен. Былтыр осы балалардан Қазақстан жастар командасын құрып едік, Санкт-Петербургтегі жарыста олар ең соңында қалды. Осының себебі неде, бразилиялық шеберлердің алдынан өткен балаларымыз неге жаман ойнайды. Әлде ол жаққа жіберетін балаларды дұрыс іріктей алмай жатырмыз ба? – деді депутат. Осы, Бразилияда футбол­шы дайындау мәселесіне А.Мұхамедиұлының өзі де қатты көңіл бөліп жүреді екен. Бұл – үлкен мәселе, деді ол. Бразилияда спорт мектептерінің сапасы біз ойлағандай болмай шықты. Олардағы оқу жүйесі мүлде басқа екен, балалардың ортасына допты лақтырады, содан соң оны қуалап балалардың өзі жетіледі. Барлық шаруасы футбол болған соң, тәуліктеп ойнаған бала­лардың арасынан кейде шын шеберлер туып жатады, бірақ жүйелі түрде, ғылыми жолмен қалыптасқан мектеп жоқ. Ешкім нақтылы бағдарламамен жұмыс істеп, шеберлік мектебін жасамаған. Сондықтан, бізге Бразилиядан футбол үйрену пайдасыз болып шықты. Қазір біз бұл үрдісті тоқтатып, футболды арнайы бағдарламамен жүйелі түрде үйретіп, шеберлік шы­ңына жеткізетін Нидерланд пен Германия сияқты елдерде футболшылар дайындау жөнінде келіссөздер жүргізіп жатырмыз, деді министр. Ауыл мектептерінде неге осы уақытқа дейін спорт зал­дары жоқ екендігі туралы сұраққа Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев жауап берді. Ол бұл сұрақты түсінбегендіктен бе немесе басқа себептен бе, тақырыптан мүлде ауытқып, сауалға еш қатысы жоқ дүниелерді айтып кетті. Бұған қанағаттанбаған Н.Сабильянов отырған орны­нан өз сұрағының төркінін түсіндіруге тырысты. Оған вице-министр: «Ауыл мектептеріне спорт залдар тұрғызып бере алмаймыз, ондай мүмкіндік жоқ. Сол себепті, біз ашық алаңдар жасауды қарастырудамыз», деді. Ашық алаңдар жазғы маусымда қол болғанымен, қыста жарамсыз екені айтпаса да түсінкті. Сондықтан болар, мәжілісті жүргізуші Г.Исімбаева да наразылық танытып, мұн­дай жағдайда спортты дамыту жөніндегі мемлекеттік стан­дартты, бағдарламаны қалай орын­дайсыздар деген сөздер ай­тып қалды. Осыдан кейін О.Өксікбаев, М.Магерамов, Ш.Өтемісов, М.Тінікеев және басқа да депутаттар өздерін тол­ғандырған сұрақтарын қойды. Талқылауға да бірқатар депутат­тар қатысты. Отырыс қорытындысы бо­йынша, Үкіметке ұсы­ныстар жасалды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»