• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
19 Сәуір, 2016

Мақаш Байғалиұлы ТӘТІМОВ

2813 рет
көрсетілді

Үстіміздегі жылдың 16 сәуірінде ұзаққа со­зылған науқастан кейін 76 жасқа қараған шағында ғалым, этнограф, еліміздің тұңғыш демографы, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Байғалиұлы Тәтімов қайтыс болды. М.Тәтімов 1940 жылы 30 сәуірде Алматы об­лысының Талғар қаласында туған. Орта мектепті бітіргеннен кейін 1958-1959 жылдары Украинаның Днепродзержинск қаласында метал­лург мамандығы бойынша оқы­ды. Осыдан кейін ол 1966 жылы В.И.Ленин атындағы Мәскеу педагогикалық университетін, 1969 жылы Мәскеу экономикалық статистика институтының аспирантурасын бітірді. 1970-1993 жылдары республика Ғылым академиясындағы Философия және құқық институтының ұлтаралық қатынастарды зерттеу орталығында кіші, аға және жетекші ғылыми қызметкер болып істеді. Осы уақыт аралығында ғалым 1931-1933 жылдардағы «голощекиндік геноцидтің», 1937-1938 жылдардағы сталиндік қуғын-сүргіннің, екінші дүниежүзілік соғыста қаза тапқан қазақтар шығынын, тоталитаризм үшін «сенімсіз» халықтардың Қазақстанға қоныс аударылуының саяси себептерін ашып көрсету жөніндегі түрлі комиссиялардың жұмысына, сондай-ақ 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастарды саяси-құқықтық ақтау үдерісіне қатысты. Халықаралық статистика деректеріне сүйене отырып, алғаш рет дүние­жүзіндегі түркітілдес халықтардың жалпы санын жариялады. Сөйтіп, демография саласындағы көптеген құнды ғылыми еңбектердің авторы атанды. М.Тәтімов 1990 жылы «Азат» азаматтық қозға­лысын құруға қатысып, оның тең төрағасының бірі болып сайланды. 1993-1996 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің аппаратында Ақпарат және талдау бөлімінің аға сарапшысы қызметін атқарды. Ол елдегі көші-қон саясатын талдап жасаушылардың, шетелдердегі қазақтардың елге оралуын алғаш ұйымдастырушылардың бірі болды. Сөйтіп, 1992-1997 жылдары Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Отбасы, әйелдер және демо­графиялық саясат жөніндегі гендерлік кеңестің, 1992 жылдан Адам құқықтары жөніндегі комиссияның мүшесі қызметтерін ат­қарды. 1997 жылдан бастап Орталық Азия универ­ситетінің ректоры болды. «Құрмет» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Мақаш Байғалиұлы Тәтімовтің қазақтың тұңғыш демограф-ғалымы ретіндегі тәуелсіз елімізге сіңірген еңбегі ұмытылмайды. Азаматтың жарқын бейнесі, мейірбан жүрегі оны білетіндердің есінде әрдайым сақталады. Бір топ жолдастары мен әріптестері

Сабақтастық ұғымының туын көтеруші еді

Мақаш Тәтімов – қазақ ғы­лы­мында есімі үлкен әріп­тер­мен жазылған, қоғамда ойып тұрып алған өз орны бар ірі тұлға еді... Ойлы азамат 60-шы жыл­дар­­дағы интеллектуалды қозға­лыстың көш басында жүрген буынның өкілі ретінде Мәскеуде ту тіккен «Жас тұлпар» ұйы­мының белсендісі болды. Біз сол кезеңдегі Мұрат Әуезов, Бо­­лат­хан Тайжан, Советқазы Ақа­­таев, Жәмила Намазбаева се­кілді тегеурінді буынның батыл да байыпты қадамдарын қалай ұмытамыз?! Тарихта сабақтастық деген ұғым бар. Қазақ қоғамының басында сол сабақтастық деген ұғымның үзіліп қалу қаупі тұрды. Олар сол сабақтастықты ту еткен, зиялы түрде жалғастырған ұлағатты ұрпақ өкілдері еді. Мұның сыртында Мақаш Тәтімов қазақтың демографиялық қоғамында ерекше танымал ғалым саналады. Сол 80-90-шы жылдары Қазақстанда Мақаштың еңбегін білмейтін сауатты азаматтар болмаған шығар деп ойлаймын. Ғалым тірнектеп жиған демографиялық зор еңбегі арқылы халқымыздың бүгініне және болашағына ғажайып болжам жасады. Өткен жылдардағы орын алған демографиялық қоз­ғалыстарды сараптап, тиянақты талдау жүргізді. Ғалымның бұл еңбегін ғылымдағы ағартушылық сипаттағы атқарған абыройлы ісі деп бағалауға тиістіміз. Сол арқылы Мақаш қазақтарға ха­лықтық-демографиялық тарихын таныта білді. Демографиялық дағ­дарыстан қалай шығудың жолдарын көрсетіп берді. Қадап айтатын бір жайт – үлкен ғалым Мақаш Тәтімов өзінің демографиялық талдаулары арқылы қазақ халқына сенім берді. Халықтың жасампаз болашағы бар екенін атап көрсетті. Кеңестік құлдырау кезе­ңінің ақырғы сәтінде басынан үлкен рухани дағдарысты кешіріп жатқан халыққа дем бергені, айтқан жұбатуы, жазып берген сенімі ешуақытта ұмытылмайды деп ойлаймын. Жатқан жеріңіз жарық, топы­рағыңыз торқа болсын, Мақа! Мәмбет ҚОЙГЕЛДІ, тарих ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ

Аяулы аға, ақылгөй ұстаздан айырылдық

Аяулы аға, ақылгөй ұстаздан айырылу қиын екен... Суық хабарды естіп, осыдан үш-төрт күн бұрын университеттің атынан көңіл сұрай барғанымыз, Мақаш ағамен ең соңғы кездесуіміз өкінішпен еске түсті. Мақаш Байғалиұлы – біздің Орталық Азия университетінің 1997 жылдан бірінші ректоры қыз­метін атқарып келді. Соңғы үш жылда «Құрметті ректоры­мыз» са­налды. Демография ғылы­мының асқан білгірі – академик, саясаттану ғылымдарының докторы Мақаш Байғалиұлы Тәтімов біздің оқу орнының мақтанышы, шәкірттерге тәлімді дәріс оқыған құр­метті про­фессорымыз деп білеміз. Ол – тәу­елсіздік жылдары дү­ниеге кел­ген оқу орнының – біздің уни­вер­си­теттің аяғынан тік тұрып, өріс алуына, қанатын жаюы­на көп үлес қосқан абыройлы азамат. Мен әріптес ретінде Мақаш Байғалиұлының баршамызға үлгі болар  ұстаздық қасиеті туралы әркезде де ерекше тебіреніспен еске алар едім. Оның ғылымдағы демографиялық ілімі бір төбе, елі­міздің ғылымына осы сала бойынша алғаш түрен салған тұңғыш ғалым саналуы да тектен-тек емес деп ойлаймын. Соңғы он жыл ішінде Мақаш Байғалиұлымен оқу орнында бірлесе, жұптаса қызмет атқардық. Ол кісінің халық санағына, ұлт санының көбеюіне келгенде алдына жан салмайтын ғылыми еңбекқорлық қасиетін қалай ұмытармыз?! Ма­қаш ағаның әріптестері, қазақ­тың көрнекті ға­лымдары уни­верситеттің жиі қонағы болатыны да көз алдымызда. Ағамыз оқушы-про­фессорлар құрамымен тез тіл та­быса білетін, азаматтық мінезі ерекше жаратылған кеңпейіл жан болатын. Жастық шағында жүрек қа­ла­уымен алысқа аттанып, Дне­­продзер­жинск (Украина) қала­сын­­да Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге оқығаны да біз үшін зор мақтаныш саналар еді. Абыройлы ағамыздың қазақ ғылымына қосқан ұшан-теңіз еңбегі елеусіз қалмайтынына се­немін. Жа­ныңыз жәннатта болып, нұ­рыңыз пейіште шалқысын, Мақаш аға!  Назымгүл ЖАНҒАРАШЕВА,  Орталық Азия университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор АЛМАТЫ