Елдік қарымы – ерлік тағылымы
Елдік пен ерлік. Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейін аралау кезінде осынау ордалы ойға жетелейтін егіз ұғымның бірін-бірі ұдайы толықтырып тұратындығына көз жеткіздік. Қазіргі таңда қазақстандық патриотизмді қалыптастыру мәселесіне айрықша мән беріліп отырғаны белгілі. Өйткені, өз Отанын шын сүйетін өрендер ғана мемлекеттілігімізді нығайтуға мейлінше адал қызмет етпек. Ал, енді осындай ұлтжанды ұл-қыздарды тәрбиелеудің ұтымды жолдары қандай? О, ол үшін ақылды ата-бабаларымыздың арғы замандардан бері арқауы үзілмей келе жатқан бай тәжірибесіне арқа сүйегеніміз абзал. Баяғының балалары батырлар жырын бастарына жастанып оқыған. Содан тұлпар мініп, ту ұстап, туған жерін басқыншы жаудан қорғаған ерлерге еліктеп өскен. Азаттық жолында бастарын бәйгеге тіккен баһадүрлердің аттарын ұранға айналдырып, қас дұшпандарына қарсы қасқия шапқан. Бүгінде сол жақсы дәстүр жалғасын таппай тұрғандай ма, қалай? Қанына тартудан қалып бара жатқан қарадомалақтарымыз қайдағы бір кертартпа мультфильм кейіпкерлерін пір тұтатынын қайтерсіз. Ондай алтын бастауларынан ажырап, басқа мәдениетке бас ұрушы, адасқан ұрпақтан опа көруіміз екіталай екенін ескеретін уақыт әлдеқашан жеткен. Сондықтан елдігіміздің тұғырын бекітудің бір белгісі ретінде кейінгі толқын өкілдерінің бойына арғы-бергі аталарымыздың өр рухын сіңіруге көңіл бөлгеніміз жөн. Бұл орайда жеткіншектеріміздің эпостық жырларымызды көбірек оқып, көшелі көнеліктер көрмесіндей мұражайларға жиірек барып, салт-дәстүрлерімізді саралауға саналы түрде бет бұрғандары қажет-ақ. Ашылғанына алты ай толмаған Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі де жоғарыда сөз еткен іргелі істің ілгері басуына қомақты үлес қосып үлгергенін байқап, қатты қуанып қалдық. Алғашқы архитектуралық нобайын Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі сызған ғажайып ғимаратта орналасқан құтты орданың іші құнды дүниелерге толы екенін көріп, көңіл тоғайттық. Есігін ашып енгеннен-ақ еңсеңді бірден көтеріп тастайтын «Мәңгілік Ел» атты атриум мерейлі мемлекетіміздің өткені мен бүгінгісін байланыстыратын байыпты идеяға бағындырылыпты. Көк түріктердің көкейкесті арманы болған мәңгілік ел аңсары Тәуелсіз Қазақстан ұмтылар ұлы мұратқа айналғанын, Елбасының сарабдал саясаты соған жетуге негіз салғанын санамен саралап, қазағыңның қара жер тұрғанша жасағанын тілейсің іштей. Атриумдағы барельефтер атам және атом замандарының арасын жалғағандай айшықтарды алға тартады. Орталық композициядағы баяғы қазақ батырлары мен бүгінгі жауынгерлеріміздің ортасынан орын алған еліміз Қарулы Күштері Жоғарғы Бас Қолбасшысының бейнесі дәстүр сабақтастығын дәріптеп тұрған сыңай танытады. «Көне заман» көрмесінің экспонаттарымен танысқанда мерейің тасып, мәртебең өскендей ерекше күйге енесіз. Себебі, мұнда этноантропологиялық негіздерімізге, төрт мың жылдықты қамтитын тарихымызға қатысты қымбат қазыналар бар. Тас, қола, темір дәуірлерінен жеткен жебелер, қысқа сапты найзаның ұшы, сақ, сармат сайыпқырандарының салақұлаш қанжарлары алғашқы қауымдық құрылыс адамдарының да қолынан талай нәрсе келгенін дәлелдейді. Ойхой, шіркін! Бір замандарда алтын тақта отырған біздің бабаларымыз ат аяғы жетер жерлерді жаулап, айналасына билік жүргізген ғой. Рим империясын құлатып, қытайларға қорқыныштан қорған салдыртқанын ескі жылнамалар жыр қылып айтады. «Сақ-Парсы соғысы» дейтін диарамада ақбоз аттың үстінде асқақтаған Тұмар патшаның ирандықтарды тізе бүктірген салтанатты сәті көрсетіліпті. Ғұндар тұлпарларының тұяғымен жазылған ерлік эпопеясы таңға жырласаң таусылмақ емес. Алтын Орда заманының қару-жарақтарына да бейжай қарай алмайсың. Олардың от қаруды сол кездің өзінде-ақ ойлап тауып, орнымен пайдалана білгеніне қайран қаласың. Орыстарды ойрандаған Тоқтамыс хан Мәскеуді сол сойқан атыс құралының күшімен күлге айналдырғаны әлемге аян. Үлкен бір панорама моңғолдардың соғыс өнеріне арналыпты. Оған зер салсаңыз қоршауды бұзып шығудың алпыс айласына қанығасыз. Қазақ хандығын қастерлеген жәдігерлер жанымызға басқалардан гөрі жақындау екенін жасырып қайтейік. Өйткені, ол – ешкіммен ортақтас емес өз тарихымыз. Асыл текті Абылай, Жоңғар шапқыншылығына қарсы атқа қонған Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, Шапырашты Наурызбай батырлардың аттары аталғанда арқасы қозбайтын қазақ жоқ. Аңыз-жырларға арқау болған арыстарымыздың ерлігі елге – мұра, ұрпаққа – ұран. Беліне бес қаруын байлаған қазақ жауынгерінің қызыға қараушылар көп. Әсіресе, «Жас ұлан» мектебі шәкірттерінің көздері шоқтай жанып жайнағаны жанымызды жадыратып жіберді. «Атадан ұл туса игі, ата жолын қуса игі» деген емес пе, бұрынғылар. Еуразияның апайтөс даласын қиқулатқан Дешті қыпшақтардың қайқы қылыштары да шыны сөрелерден лайықты орындарын алыпты. Сарбаздар киген сауыт-саймандардың шынайы шеберлердің қолынан шыққандығы сезіледі. Жақсылардың көзіндей бұл жәдігерлердің көбісін білікті реставраторларымыз қалпына келтірген көрінеді. Келушілер назарын жиірек аудартатын «ХХ ғасырдың әскери тарихы» әралуан сипатта бедерленіпті. Әсіресе, Алашорда үкіметінің халық қамын жеген қадамдары, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының былайғы жұрт біле бермейтін «ақтаңдақтары» біршама ашылған. Мәселен, Алашорда әскерінің құрылымы жайындағы мәліметтер кеңінен қамтылыпты. Алаштың ар-намысы үшін қызыл өкіметке қиғылық салған сардарлар мен сарбаздардың уақыт уытынан сарғайған суреттерін сирек жәдігерлердің қатарына жатқызуға болады. «Арғы атамыз ер түрік, Біз қазақ еліміз...» деп әндеткен Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлерінің ел үшін еңіреп жүріп жасаған еңбектері ешқашан ұмытылмақ емес. Төрде ілулі тұрған Міржақып Дулатовтың тайжақысы тағылымды тарихтың там-тұм тәбәрігі тәрізді. Оны кезінде Гүлнәр апай Міржақыпқызы әкеліп тапсырғанынан зиялы қауым хабардар. Екінші дүниежүзілік соғыс – айналып өтуге болмайтын тақырып. Еліміздің басына екіталай күн туғанда қаншама қазақстандықтар етігімен қан кешті. Соғысқа аттанғандардың тең жарымынан астамы майдан даласында мәңгілік қалды. Арттарында қалған ата-аналарының, асыл жарларының, жетім қалған балаларының қайғы-мұңын қандай таразыға тартып өлшерсің. Ерен ерліктері ескеріліп, 500-ден артық жерлестеріміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Қазақ халқының қаһарман перзенттері Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов, Мәлік Ғабдуллин, Төлеген Тоқтаров, Қасым Қайсенов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова және басқалардың тағдырын баяндайтын небір деректерді табасыз бұл арадан. Ленинград блокадасына арналған мүйісте жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың жарқын бейнесін кездестіресіз. Неміс қоршауында әбден азап шеккен Нева жағалауының тұрғындарына әлі күнге дейін дем беріп тұрғандай жарықтығым. «Ленинградтық өренім, мақтанышым сен едің!» Абыз ақынның құдіретті толы үні келгендей құлағымызға. «Рейхстаг – Рақымжан Қошқарбаев» атты диарама жеңіс туының драмаға толы хикаясынан сыр шертетін секілді. Кешегі Кеңес Одағының армиясы сапында Ауғанстан алапатын бастан кешкен интернационалист-жауынгерлеріміздің де түрлі құжаттары қойылыпты жарияланбаған соғыстың жай-жапсарын жеткізу мақсатында. «ХХ-ХХІ ғасырлардың қару-жарағы» қаз-қатар тізілген бөлімге кіргенде әлдебір әскери қойманың есігінен енгендей екіұдай сезімге бөленесің. Тапанша, пистолет, маузер, кольт, браунинг... Автомат, пулеметтің неше атасы бар. Гранат, миномет, оның бер жағында заманауи техникалар көздің жауын алады. Адамды қырып-жоюға арналған құралдар екенін біле тұра қызығасың... Дүние жүзіне ең көп тараған атыс қаруы ретінде рекордтар кітабына енген Михайл Калашниковтың менің ауылымнан бар-жоғы 50 шақырым жерде алғашқы сынақтан өткізген автоматын айналсоқтап жүріп алуымның өзіндік себебі жоқ емес. 2003 жылдың мамырында аты аңызға айналған конструктормен бірге Алматы облысындағы Матай стансасына барғанымыз есіме түсті. «Мен қазақ даласына қарыздармын, осында ойлаған арманыма жеттім, сол үшін ақ қырау шалған басымды сіздердің алдарыңызда иемін», деп еді-ау марқұм. «Отан қорғау үшін түн ұйқымды төрт бөліп құрастырған автоматымның теріс пиғылды терроршылардың қолында өлім сеуіп жатқанын естігенде қатты өкінемін», дегені де ойымда қалып қойыпты. «Қазақстан Қарулы Күштері» залы Отанымыздың тыныштығын қорғайтын, айбынды әскеріміздің әлеуетін танытқандай. Мұнда Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаев республикамыздың тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағанбетов, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев секілді тұғыры биік тұлғаларға арналған экспозициялар өте жақсы жабдықталған. Сондай-ақ, жаяу әскер, теңіз флоты және әуе күштерінің тыныс-тіршілігін білдіретін көрнекі экспонаттар мұнда жетіп-артылады. Үшінші ғарышкеріміз Айдын Айымбетовпен ғарышқа барып қайтқан Әскери әуе күштерінің туын көргенде кеудемізді мақтаныш кернеп, әдемі әсерге бөлендік. Музейдің ғылыми-зерттеу қызметінің бастығы Данияр Қаусылов пен экскурсия бөлімінің жетекшісі Әлия Сәрсенова бізге жан-жақты түсінік бергенін айта кеткеніміз жөн. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі елдік пен ерліктің рухын асқақтатқан аса ірі мәдени орталыққа айналыпты. Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»
•
19 Сәуір, 2016
Отансүйгіштік ордасы
351 рет
көрсетілді