• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2011

Арман мен сенім алауы

564 рет
көрсетілді

Елімізді аралап, Ақтөбеден Арқаға қарай беттеген Азиада алауын Қостанайда қысқы шіл­денің шымшылаған  сарышұнақ аязы қарсы алды. Сынап баға­насы 30 градустан түспей тұр. Сақылдаған сары аязды аз дегендей, екпіндей соққан желдің өзі тиген жерін жалап өтеді. Алайда әлем көз тігіп, құлақ түріп отырған VІІ Қысқы Азия ойындары алауының жолына қыстың қандай суығы да  көл­денең тұра алмайтындай. Көкке талпынған құстың қанатындай қуанышты көңіл-күйдің қа­мауын­дағы қостанайлықтар да жылы үйде байыз тауып отыра алмады. Жұртшылық достық пен бейбітшіліктің, еңбек пен таланттың, жүректі тазартар жақсылықтардың  тәбәрігіндей шырағдан-отты қарсы алу үшін қала орталығына ағылды. Мерекелік безендірілген ор­та­лыққа әкелінген VІІ Қысқы Азия ойындары алауы облыс әкімі Сергей Кулагинге табыс етілді. Аймақ басшысы алауды Әл-Фа­ра­би кө­ше­сімен алға жыл­жытты. Алау эс­тафетасы қа­ла­ның орта­лық көше­лері­мен жүріп өтті. Мұ­нан кейін алау  түс мезгілінде Қос­танай қа­ла­сының қақ орта­сында үш сағат­тан артық тұрды.  Тұрғындар оның жанына келіп ескерткіш суретке түсті, қызық­тап көрді. Түстен кейін Азиада алауы­ның екінші сатысы басталды. Қос­танай қаласындағы Гагарин көше­сі­нің бойымен алауды алып өт­кендердің арасында спорт­шылар­мен қатар, ардагерлер,  жұмысшы­лар, өнер адамдары да бар. Олар­дың барлығы да қостанайлықтар үшін танымал тұлғалар. Алау­гер­лердің бірі Валерий Борисовтің есімі облыс жұртшылығына жақсы таныс. Ол жеңіл атлетикадан үш Олимпия ойындарына қатысты, Азия  чемпионы. Алаугерлердің арасындағы ардагер, шаңғыдан еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада жүлде­гері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Иван Гаранин­нің қазақстандық шаңғышылар­дың еліміз қоржынына алтын са­ларына ешқандай күмәні жоқ. – VІІ Қысқы Азия ойындары сияқты үлкен шараның  Қазақ­стан­да өтуі, бұл ең алдымен, жауапкершілік, – дейді спорт ардагері Иван Иванович. – Биік деңгейдегі спорт додасы тек қазақстандық емес,  түгел Азия халықтарының дос­тығын паш етеді. Мен осы шараға еліміздің шығысынан қа­ты­­сатын шаңғышыларға сенемін. Өйткені, жігіттердің жаттық­тыру­шылары білікті мамандар. Қазақ­стан­дық на­мыс бір болғандықтан, Қостанайда жатып, өскемендік шаң­­ғышыларға  жанкүйер боламын. Жанкүйер демекші, Қостанай­дан VІІ Қысқы Азия ойындарына тоғыз конькиші қысқы спорт­тың екі түрінен қатысады. Қос­танай­лықтар тілегі оларды да қанат­тан­дыратын болады. Қала­ның қақ ортасымен жүріп өткен алауды ұстағандардың арасында  спорт ойындары мен спортшы­лардың жеңісін жанкүйерге жет­кізіп оты­ратын өзіміздің қалам­дастардың да болуы  заңдылық еді. Шаңғы тебуден спорт шебері және об­лыстық  «Қазақстан-Қос­танай» те­ле­арнасының спорт шолушысы Анатолий Гаврилов, С.Берді­құ­лов атындағы респуб­ли­калық  бай­­қау­дың лауреаты Сергей Бирк­лемен қатар, «Егемен Қазақ­стан» газеті­нің тілшісі, респуб­ли­калық журналистер бай­қауының жеңім­пазы Дастан Кенжалин де  алауды 19-шы болып алып өтті. Алау қала ішін аралағаннан кейін мерекелік шара мұз ай­дыны бар спорт сарайындағы гала-концертке ұласты.  Кешке  қостанайлықтар Азиада алауын салтанатты түрде Петропавл қала­сына шығарып салды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай.