Таяуда Астана қаласындағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында «Қазақстан халқы Ассамблеясы Қоры» қоғамдық қоры Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында, лейкоз, онкология және өзге де ауыр сырқат түрлеріне шалдыққан балаларды қолдау мақсатында «Мейірімділік арқылы бірлікке» атты қайырымдылық акциясын өткізді.
Қазақстандағы балалар құқығы бойынша уәкіл, Парламент Мәжілісінің депутаты Зағипа Балиева баласын жетектеген әрбір ананың қабағына қарап халін, жүзіне қарап жанын түсіне білгені, өзгелер секілді шен-шекпеніне қарамай, ондағы емделушілермен емен-жарқын сөйлесіп, жағдай сұрағаны қайран қалдырғандай. Тіпті, кейбіріне қуыршақ сыйлап, періште көңілді сәбилерді қуантып-ақ тастады.
Одан кейін сөз алған Парламент Мәжілісінің депутаты Юрий Тимощенко, сондай-ақ, «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының» дәрігерлер қауымы сырқат баласын арқалаған аналарды шыдамдылыққа шақырып, емделушілерге шипа тіледі. Акция барысында Орталыққа қажетті дәрі-дәрмек табысталып, балаларға сый-сияпат тарту етілді және Астана қаласының этномәдени бірлестіктері шығармашылық ұжымдары мен талантты жастарының концерті өтті.
Аталған шараға «Қазақстан украиндарының радасы» заңды тұлғалар республикалық бірлестігі, ҚХА мүшелері, «Асыл бала» республикалық қауымдастығы, «Altyn Kyran» халықаралық қайырымдылық қоры» корпоративтік қоры, «КМF» шағын қаржы ұйымы, «Жанна Әубәкірованың арт-студиясы» шығармашылық ұжымы мен Астана қаласы этномәдени бірлестіктерінің өкілдері қатысты.
Бес жыл ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының Қоры «Ана мен бала ғылыми орталығы» АҚ-қа қолдау танытуда. Қор арқылы 500-ден астам балаға жәрдем жасалып, шетелдік жоғары білікті мамандардың диагностика жасауы қамтамасыз етілді. Жалпы алғанда, серіктестермен және демеушілермен бірлесе отырып, 59 млн. теңгеден астам сомаға көмек көрсетілді.
Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»