«Нұр Отан» партиясы Орталық аппаратының бас ғимаратында Парламент Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңестің «Жастарды қолдау» бағыты бойынша сараптамалық отырысы өтті.
Сараптамалық топтың отырысына Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясының Парламенттегі фракциясы жанындағы Әлеуметтік кеңес төрағасының орынбасары Бақтияр Мәкен жетекшілік етті. Отырыс барысында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының аясында жастар саясатына қатысты өткізіліп жатқан іс-шаралар атап өтіліп, оларды әрі қарай іске асырудың тетіктері қарастырылды.
Білім және ғылым министрлігі жастар саясаты департаменті Жастар саясатындағы 2016 жылға арналған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстардың жүзеге асырылуы және еліміздегі жастардың мәселелерін анықтау үшін өткізілетін «Жастар-2015» ұлттық баяндамасының негізгі қорытындылары да тілге тиек етілді.
Сараптамалық топтың отырысына Парламент депутаттары, мемлекеттік органдардың жауапты өкілдері, қоғам қайраткерлері, блогерлер мен жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты. Ал шараның басты мақсаты еліміздегі жастардың басты мәселелерін негізге ала отырып, оны шешудің жолдарын қарастыру болды.
Отырыс соңына қарай сарапшылардың ұсыныстары қаперге алынып, олар тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныс ретінде енгізілетін болады.
«Егемен-ақпарат»