Атырауда тағы да жаңа үш тұрғын үй пайдалануға берілді. С.Датов көшесінен бой көтерген әрқайсысы 30 пәтерлі үш тұрғын үйге баспаналары апаттық жағдайдағы отбасылар көшірілді. Жаңа тұрғын үйден пәтер алғандар қатарында еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет ететін әскерилер де бар. Баспана қуанышына кенелгендерге пәтер кілттерін тапсырған облыс басшысы Б.Рысқалиев: “Бұл баспаналар Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен қолға алынған тұрғын үй құрылысын дамытудың 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде салынды. Мақсат –тұрғындардың әлеуметтік ахуалын жақсарту, сөйтіп, бақуатты тұрмысына қолайлы жағдай туғызу”, – деді.
Жаңа баспанадан пәтерлер алған отбасылардың қуанышында шек жоқ. Мәселен, Батыс өңірлік қолбасшылығындағы әскери бөлімде медицина қызметін басқаратын Серік Мырзағалиев бұған дейін еліміздің әр қиырында қызмет жасаған. 2007 жылы Санкт-Петербургтегі әскери академияны бітірісімен Атырауға қызметке келіпті. Содан бері үш перзентімен қаладан үй жалдап жүрген әскери дәрігер қуанышын былайша жеткізді: “Алаңсыз жұмыс жасау үшін адамға алдымен баспана қажет қой. Бүгін жаңа пәтерге ие болып, ерекше қуанып тұрмын”.
– Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында елімізде бейбіт өмір орнады. Ел ішіндегі татулық экономиканың өркендеуіне негіз қалады. Тұрғын үйлер көптеп салынып жатыр. Көп жыл пәтер жалдап жүруші едік. Енді, міне, 5 баламмен жаңа пәтерге ие болдым, – дейді энергетика саласының ардагері Зоя Нұрғайбаева. Ал зейнеткер Мәрзия Тұрмағанбетова төрт жыл бойы құлаған үйде тұрған. Баспана жағдайының ауыр екенін әкімдерге айтып, әйтеуір бір күні жақсы пәтерге қолы жетерінен үмітін үзбепті.
Міне, осылайша жыл басында облыс орталығында тағы да 90 отбасы қоныс тойын тойлады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.
Атырау.