• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
27 Сәуір, 2016

Татулықтың темірқазығына айналар акт

360 рет
көрсетілді

Біздің аталарымыз болгарлар өткен ғасырдың 70-80-жылдары қуғын-сүргін көріп, босып қазақ жеріне жетіп, Жетісу өңіріне келген екен. Қазақ халқы пана болып тұратын баспана беріп, тамақтандырып, киер киіммен де қамтып, үлкен қамқорлық көр­сеткенін аталарымыз бен әже­леріміз үнемі айтып санамызға сіңіріп өсірді. Сол болгарлардың мен үшінші ұрпағымын. Күні кеше Астанадағы Бейбітшілік пен келісім сарайында Елбасы­ның Қазақстан халқы Ассам­б­леясының ХХІV сессиясында сөйлеген ұлағатты сөзін ет құлағыммен естіп, ерекше әсер алдым. Енді сол қуанышымды бауырларыммен бөлісіп, Алматы облысының Сарқан ауданындағы ғана емес, барлық болгарларды қуантуға асығып, Астана – Талдықорған ұшағына мінген жайым бар. Мемлекет басшысы сессия делегаттарына үл­кен жауапкершілік жүктеп отыр. Нақтылай түссем, Ұлт Жос­пары­ның 4-ші қадамында ай­тыл­ған құндылықты жүзеге асы­руды ұғындырды. Елбасы сабыр­мен айтқан әр сөзін мұқият тыңдап отырып «Біз Мәңгілік Елдің Жеті тұғырын нығайтуға, сақтауға және ұрпақтан ұрпаққа аманат етуге шақырамыз», деген жолдарды жазып алдым. Ертең тумаларыма осы жолдарды сөзбе-сөз оқып беремін. Сонда аталарым мен әжелерім бірінші кезекте қуана көздеріне жас алатынын да сезіп отырмын. Әрине, ол қуанғандықтан шығатын жас қой. Көнекөз қарттардың көргендері де, көкейлеріне түйгендері де көп. Соны саралап отырып балалары мен немере-шөберелеріне айтатыны – қазақтарды сыйлаңдар, біз орнатқан татулықты сақ­таң­дар дегеннен айнымайды. Өйт­кені елдің тілеуі – тыныштық пен бей­бітшілік. Құдайға шүкір, Жетісу жеріндегі 103 этнос өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Біле-білсек, сол тату­лыққа Елба­сы Нұрсұлтан Назарбаев тірек болып отыр. Оны өз басым «Мәңгілік Ел» пат­риот­тық акті­сін тыңдап отырып тағы бір мәр­те түсіне түстім. Тағы бір ай­тарым, Қазақстан халқы Ассам­блеясының ХХІV се­с­сия­сы бейбіт өмірдің ұйытқысы әрі бір­лікке ұмтылған ұлттарды жі­гер­­лен­дірушісі болды деуге негіз бар. Дарья КРАВЧЕНКО, Алматы облыстық болгар этномәдени орталығының төрайымы