• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Оңтүстікте оңды істер көп

328 рет
көрсетілді

Үлкен инвестициялардың үлкен мүмкіндігі

Оңтүстік Қазақстан облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов Бес институттық реформаны негізге алған «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының өңірде жүзеге асырылу барысы жайында брифинг өткізді. Әлемдегі бүгінгі қалыптасқан жағдай басшылардан заманның талабына орай ілкімділікті, қа­бі­леттілікті, жаңа жағдайда табысты жұмыс жасауды қажет­сі­неді. Яғни, кабинеттегі мауытымен көмкерілген үстел, былғары орын­дыққа көміліп отырып алып, бұйрық арқылы жұмыс жасаудың заманы өткен. «100 нақты қадам» Ұлт Жос­па­рын іске асыру бойынша өңірде атқарылып жатқан жұмыс­тарды жеке-жеке жіліктеді. Бірінші реформа – кәсіби мемлекеттік аппарат құру. Қа­зіргі уақытта жаңа кадр саясаты кәсіби мемлекеттік аппаратты қа­лыптастырудың ең қажетті алғышарты болып табылады. Бұл бағытта ауқымды іс-ша­­ралар қолға алынды, деді Бей­біт Бәкірұлы. Мәселен, рес­пуб­­ликамызда алғаш рет об­лыс­тың атқарушы органдары үшін Бірыңғай персоналды бас­қару қызметі құрылды. Сон­дай-ақ, Әдеп жөніндегі уәкіл тағайындалды. Облысымыз­да мем­лекеттік қызметте сатылап өсу және орналасу меритокра­тия мен жариялылық қағидаттарына сәйкес болуы тұрақты бақылауда. Бос лауазымға конкурстар ашық түрде өткізіліп жатыр. Қазір арнайы сарапшылар тобын жинау­дамыз. Жақында олардың кез келген аудан мен қалалардағы конкурстарға бейне-конференция арқылы қатысуын қамтамасыз ететін боламыз. Сонымен қатар, біз «Кадр­лар­дың алтын резервін» қалып­тастыруға кірістік. Осы тұрғыда, президенттік «Бо­лашақ» бағдарламасы аясында білім алған және Мемлекеттік басқару академиясын бітірген белсенді, отансүйгіш жастарды мемлекеттік қызметке тартып жатырмыз. Мысалы, қазірдің өзінде осындай түлектердің қатарынан іріктелген 12 азамат облыстағы басшылық лауазымдарда жұмыс жасауда. Ол азаматтар жаңа идея­ларды енгізіп жатыр. Екінші реформа – заңның үс­темдігін қамтамасыз етуге байланысты ойын жүйелеген об­л­ыс бас­шысы Елбасымыз Ұлт Жоспарының екінші бағытында халық алдында есеп беретін жер­гілікті полиция қызметін құ­ру­ды тапсырды, деді. Осыған орай, облыстың барлық аудан, қа­ла­ларында жергілікті полиция қызметі құрылып, оларға 19 басшы тағайындалды. Бүгінде жергілікті полицияның құрамында 2747 қызметкер бар. Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 30-қадамына сәйкес жол-көлік, учаскелік және юве­налдық полиция қызметкер­лері бейне­тіркегіштермен және кеу­деге тағатын бейнежетонмен қам­тылады. Бұл құқық бұзушылықты азайтып, қоғамдық тәртіпті сақ­тауға септігін тигізетін болады. Ұлт Жоспарының 32-қадамына сәйкес облысымызда алғаш рет «Қылмыстық құқық бұзу картасы» әзірленіп жатыр. Бұл жүйе қылмыстық әрекетті немесе оқи­ғаны ашудың заманауи озық тәсілі болып табылады. Индустрияландыру жəне эко­­­номикалық өсім, яғни үшін­ші реформа бойынша көлемді жұ­­мыс­тар атқарылып жатыр. Мәселен, 2015 жылы негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі төрт жүз он алты млрд. теңгеге жеткен. Инвестициялық салымдардың басым бөлігі шағын кәсіпорындардың көлемінің 61,2 пайызын құрайды. Сыртқы ин­вестициялардың көлемі 48,3 млрд. теңгені немесе жалпы инвестиция көлемінің 12 пайызын құрады. Өнеркәсіп саласын дамыту үшін төрт бағыт бойынша жос­пар әзір­ленді. Бірінші. «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында тоқыма кластерді қалыптастыру. Бүгінгі таңда өскен шитті мақтаның отыз бес пайызы облыстың тоқыма кә­сіпорындарымен өңделуде. Біздің мақсат – 2020 жылға дейін шитті мақтаның 90 пайызын өзіміздің облыстың кә­сіп­орындарында өңдеуді қамтамасыз ету. Сонымен қатар, шитті мақта көлемін 54 пайызға өсіруді жос­парлап отырмыз, ол 420 мың тоннаны құрайды. Екінші. Облыста фармацевтика кластерін қалыптастыру. Рес­публикада өндіріліп жатқан фар­мацевтикалық препараттардың жартысына жуығы біздің облы­­­сымыздың үлесінде. Бүгінгі таң­да, «Химфарм» акционерлік қоғамында 100 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 кезеңнен тұ­ратын жоба жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек, дәрі-дәрмек өн­діретін және медициналық бұйымдар шығаратын 6 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 2 зауыттың (таблеткалар өндірісі және қан жинайтын контейнер өндіру) құрылысы басталды. Ортопедиялық бұйымдар шы­ғаратын зауытты іске қосу жұмыстары аяқталып келеді. Үшінші. Облыстың әр ауданында индустриялық аймақтардың құрылысын жүргізу және дамыту қолға алынып жатыр. Бүгінгі таңда 11 индустриялық аймақ құрылған, оның төртеуі Шымкент қаласында орналасқан. Оның ішінде, алтауы іске қосылып, онда 143 жоба іске асырылып, 10400 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Республикада бірінші бо­лып жұмысын бастаған «Оңтүстік» индустриялық аймағы өзінің тиім­ділігін дәлелдегенін атап өту қа­жет. Бү­гіндері аймақта 20,4 млрд. теңгенің 39 жобасы іске асы­рылып, 3,1 мың жұмыс орны ашылды. Соңғы 5 жылда инфрақұры­лым тартуға жұмсалған қаржының 67 пайызы бюджетке салық түрінде қайтарылды. Төртінші. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеу. Былтыр жалпы өнімнің көлемі 345 млрд. теңгені, өсім 3,5 пайызды құрады. Биыл облысымызда құс етін өңдеу көлемін 4 есеге арттыру мақсатында 3 құс өсіру, яғни «Қазығұрт құс» ЖШС, «Ak Kazyna» ЖШС және «Ордабасы құс» ЖШС кешенін іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, 2 ет өңдеу комбинатын іске қо­сып («Қайыпата» ЖШС және «AGRO KAMF GROUP» ЖШС), ірі және ұсақ мал етін өңдеуді екі жарым есеге арттырамыз. Аталған өндірістерді іске қосу – облыстың ет өнімдерін Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан және Иран елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді. Облыс бойынша өндіріс қуа­ты жылына 130 мың тоннаны құрайтын 40 сүт өңдейтін кәсіпорындар жұмыс істейді. Өт­кен жылы жүз сексен сегіз мың тон­надан астам сүт өңделіп, сүтті терең өңдеу көлемі 11 пайызға өсті. Түлкібас ауданында өндіріс қуаты жылына 5,4 мың тоннаны құрайтын жеміс пен көкөністер­ден концентрацияланған және таза шырын шығаратын 4 зауыттың құрылысы жүзеге асырылуда. Аталған міндеттемелерді іс­ке асыру 2020 жылға облыс өнер­кәсібіндегі өңдеу өнер­кәсібінің үлесін 70 пайызға жеткізуге мүм­кіндік береді. Аграрлық шаруалардың та­быстылығын және бәсекеге қа­білеттілігін қамтамасыз ету үшін, ауыл шаруашылығына қуатты технологияларды жә­не инновациялық әдістерді енгізудеміз. Облыстың ауыл­шаруа­шылық көрсеткіштерін арттыратын бірден-бір түрі – жылыжайлар. Жалпы, республика бойынша жылыжайлардың 87 пайызы біздің өңірде ор­наласқан. Бүгінгі таңда біздің облыс республикамыздың жа­бық топырақтағы көкөніске сұ­ра­нысының 65 пайызын қамтамасыз етеді. Нарықтың сұранысын ескере отырып, индус­триялық аймаққа ұқсас 136 га ірі жылыжай кешенін құру жобасы іске асырылуда. Аталып өткен шаралардың нәтижелі болуын қамтамасыз ету үшін облысымызға дамы­ған логистикалық жүйе қажет. Осы мақсатта, Ұлт Жос­па­ры­­ның 65-қадамына сәйкес мультимодальдық көлік дәлізін дамыту шаралары қолға алынды. Яғни, Шымкент қаласында алаңы 112 гектарды құрайтын көліктік-логистикалық орта­лық құрылысы аяқталуда. Орталықта 7 ірі жоба іске асырылып, 27,6 млрд. теңге жеке инвестициялар тартылды. Онда халықаралық стандарттарға сай «А» класындағы қойма іске қо­сылған. Бұдан бөлек, Мақтаарал, Сарыағаш, Түлкібас аудандарында және Түркістан қаласында логистикалық орталықтар құры­лысы жүргізілуде. Пайдаланылмай жатқан жерлерге қатысты айтар болсақ, Ел­ба­сының тапсырмасына сәй­кес пайдаланылмай жатқан ауыл­шаруашылық жерлерді қайта айналымға енгізу бойынша жұ­мыстар атқарылып жатыр. Жүр­гізілген түгендеу нәтижесінде 315 мың гектар жер анықталды. Оның 63 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылды, 56 мыңы аукционға шығарылды, қалған жерлер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Елбасының реформалық бағ­дарында халықтың әлеуметтік жағдайының жақсарып, әл-ау­қатының артуына айрықша назар аударылған. Елдегі әрбір аза­маттың жағдайы мемлекет үшін маңызды. Сондықтан да, әлеуметтік көмек мемлекет қыз­метінің басты бағыты деуге болады. Өткен жылдан бастап «Өр­леу» қанатқақты жобасы бо­йын­­ша шартты ақшалай көмек түрі қолданысқа енген болатын. Аталған бағдарлама аясында облысқа 600 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп, екі жарым мыңнан астам отбасы немесе 15 мыңға жуық адамға әлеуметтік көмек берілетін болады. Төртінші реформа – біртек­тілік пен бірлік туралы сөз сабақтаған облыс басшысы қайырымдылық аясында өткен жылы және биылғы жаңа мереке – Алғыс айту күнінде 2 мың­нан астам аз қамтылған және әлеуметтік әлжуаз адамдарға 21 млн.-нан астам теңгеге ақшалай және заттай көмек көрсетілгендігін айтты. Сонымен қатар, облыста «Мәң­гілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы мен «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізгі бағыттарын түсіндіру жөніндегі ақпараттық-түсіндіру тобы құрылып, ол өткен жылы 110 елді мекенде 50 мыңнан астам адамның қатысуымен 120 кездесу өткізді. Бесінші бағыт – есеп беретін мем­лекетті қалыптастыру бойынша жұмыстар екі бағытта жүрізіліп келеді. Ашықтылық бойынша Пре­зидент Әкімшілігінің қолдауымен «Ашық әкімдік» жобасы іске асырылуда, деді өңір басшысы. Бұл жобаның шеңберінде мемлекет тарапынан бизнес үдерістерге көрсетілетін қызметке реинжиниринг жүргізіледі. Есептілік бойынша «Қоғамдық кеңестер туралы» Заңға сәйкес 40 мүшеден тұратын облыстық «Қоғамдық кеңес» және 323 мүшесі бар қоғамдық кеңестер ау­дан, қалаларда құрылған. Қоғам­дық кеңестердің мақсаты азаматтық қоғамның мүдделерін білдіру және жергілікті деңгейдегі шешімдерді талқылау кезінде жұртшылық пікірін ескеру болып табылады. Облыста Ұлт Жоспарының орындалуына байланысты толымды жұмыстар атқарылып жатқандығын облыс әкімі Бейбіт Атамқұлов осылайша баяндап берді.

Шағын және орта кәсіпкерлік – экономиканың тіні

Мемлекет басшысы Оңтүстікке келген сапарының бірінде «шағын кәсіпкерлікті Оңтүстіктен үйрену керек» деген болатын. Осы пікір тек шаруа қожалықтарына ғана емес, тиімді жұмыс жасау арқылы табысын еселейтін жеке кәсіпкерлерден де байқалады. Біз тұратын шағын ауданда орыс отбасы шағын дүкен ашқан. Жеті-сегіз жыл бұрын. Отағасының қырғын соғыстан шыққандай шұрық-тесік «Москвичі» бар еді. Ертелі кеш дүкенге тауар тасиды. Екі қызы дүкенші. Өте кішіпейіл. Шаруалары жүрді. Бір күні отағасы ескілеу болса да «Фольксваген» мініпті. Табыс бар-ау деп сүйсіндік. Екі жылдан соң жаңасына ауыс­тырды. Ескі дүкен жөндеуге жабылып, жаңа маркет болып ашылды. Кеңейді. Қос қыздың жүзі жарқын. Менің Қыдырбек досымның өзі өмірден алған сөзі бар. «Жұмыстан аянбау керек, жалқау болмау керек. Сонда Алла тағалла «мына байғұс көп тыртаңдап кетті-ау деп несібе береді», дейтін. Әзілге сүйей айтса да, шындығы осы. Еңбек – бәрін де жеңбек. Біз мысалға алған шағын дүкеннің атауы «Тимур». Ал, жақында Шымкентте «Ата­мекен» ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев пен өңір басшысы Бейбіт Атамқұловтың қатысумен Кәсіпкерлер палатасының өңірлік кеңесі болып өтті. Жиында сөз алған облыс басшысы аймақтың еліміздің басқа өңірлеріне қарағанда индус­трия­лық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда көшбасшы болып отырғандығын тілге тиек етті. Расында, облыста ин­дус­­­трия­­лық ай­мақтарда ғана емес, шағын кәсі­­бін ашамын деп тә­уекел байлағандар­ға көмек көп. Бүгінде әр аудан, қалада кә­сіп­кер­лерге қызмет көрсету орта­лықтары мен индустриялық ай­мақтар бар. Кәсіпкерлік мектебі қолыңнан келетін шаруаға қолдау көрсетіп, бизнес-жобалар төмен пайызбен қаржыландыратын «Максимум» аймақтық инвес­тиция­лық орталығы жұмыс жасайды. Биыл осы мақсатқа 10 млрд. теңгеге дейін қаржы бөлініп отыр. Кеңесте Тимур Құлыбаев қа­зақстандық кәсіпкерлердің құ­қықтарын қорғау және қызы­ғушылығын арттыру бо­йынша Ұлттық палата кәсіпкерлері арқылы жүзеге асырылған жұ­мыстар туралы айтты. Мұнан соң, оңтүстікқазақ­стан­дық кәсіпкерлер өздерін қы­зықтырған сауалдарын қой­ды. Мәселен, ОҚО кәсіпкерлік палатасының өңірлік кеңесінің басшысы Қайнар Абасов 2017 жылдан кейін аяқталатын арнайы экономикалық аймақтардағы ҚҚС және кедендік баждардың жеңілдік мәселесін көтерді. Бұл мәселенің бұған дейін де қаралғанын атап өткен ҰКП төрағасы арнайы экономика­лық аймақ қатысушылары инвес­ти­циялық жеңілдіктер алуы үшін қолдаулардың баламалы шарасы ретінде арнайы инвестициялық келісімшарт енгізуді ұсынды. Сондай-ақ, төраға Кәсіпкерлік кодексіне өзгертулер енгізу қа­жеттігін де атап өтті. Мұнан бөлек, жиында ұлттық компаниялар мен қадағалау ор­гандарының тексерулері, сон­дай-ақ, әйелдер кәсіпкерлігін қар­­жы­ландыру мен мемлекеттік органдардың сатып алуындағы қазақстандық мазмұнды арттыру мәселелері көтерілді. Жиын соңында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төралқа төрағасы Оңтүстіктегі шағын және орта бизнестің үл­кен қарқынмен жұмыс жасап жатқандығына ризашылығын білдірді. Басқа өңірлерде де шағын кәсіп осылай өркендесе көп қиын түйіндердің күрмеуі ағытылар еді дегенді айтты. Қазір кетпеннің сабынан қа­р­ауыл қарайтын заман емес. Ұлы Абай айтқандай, «Еңбек ет­сең ерін­бей, тояды қарның тіленбей» деп келетін аталы сөзін Оңтүстіктің ең­бекқор халқы адал кәсібімен дәлелдеп келеді. «Тәуекел түбі – желқайық, өтесің де кетесің» деген осы. Бетті дайындаған  «Егемен Қазақстанның»  Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН