• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
28 Сәуір, 2016

Үш тұғырлы тіл – ұлттың келешегі

408 рет
көрсетілді

Баянды болашақ бағдарламасы Мен білім және ғылым дамуына арналған мемлекеттік бағдарламаны қолдаймын. Бұл бағдарлама болашақ жас­тарымыздың мүддесін арттыруға, олардың алатын білімі бәсекелікке қабілетті, табысты ұлттардың қатарында болуға мүмкіндік бе­реді. 30 дамыған мемлекеттің қатарына қосылу Елбасымыздың қойған ең басты мақсаттарының бірі болып табылады. Осы мақсатқа жетудің бір жолы үш тілді ұлтты тәрбиелеу. Бұл реформа бойынша мектеп бітіру­шілерге үш тілді де меңгеру мүмкіндігі беріліп отыр: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қарым-қатынас тілі және ағылшын тілі – жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі. 5 күндік оқу жүйесіне тоқталсақ, отбасылық құндылықтардың өркендеуі анық көрінеді. Отбасылық тәрбие, баланы қосымша дамыту уақыты екі есе ұлғайтылып жатыр. Спортпен, музыкамен, өнермен айналасуға мүмкіндік көбейеді.  Осы реформа­ның енгізілуі заман талабына сай. Интеллектуалды дамыған және табысты қазақстандықтарды тәрбиелейтін уақыт келді. Мен еліміздің барлық жас­тарын, әріптестерімді осы бағ­дарламаны қолдауға шақы­рамын. Бұл бағдарлама біздің табысты болашағымыздың бағдарламасы екендігіне мен сенімдімін.  Айдын СӘБИТОВ, Қазақстан жастары конгресінің атқарушы директоры Астана

Уақыт талабымен үндестік

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына жасаған биылғы Жолдауында бүгінгі таңда үш тілді меңгеру уақыт талабы екендігін еске салғаны белгілі. Бұл, әрине, өте орынды айтылған ой. Өйткені, жаһандану қанатын кеңге жайған кезде өмір сүре отырып, заман заңдылықтарына бағынбау мүмкін емес. Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің мына пікірімен келіспеске болмайды. «Еліміз­дің ертеңі саналатын жас ұр­пақты, әсіресе, ауыл балаларын ана тілімен қатар ағылшын тілін еркін игеруге баулысақ біз үшін дұрыс шешімнің бірі болар еді. Мұндай жағдайда олардың терең білім алуларына мүмкіндік туып қана қоймай, отандық және шетелдік таңдаулы университеттердің табалдырығынан аттауларына жол ашылары талас тудырмаса керек», деген болатын ол. Президентіміздің саясатына қолдау білдірген Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті көптілділік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында ауқымды жұмыстар атқарып жатқандығын атап өткеніміз орынды. Осы орайда аталмыш оқу ордасында 2012 жылы ашылған Көптілді білім беру және академиялық ресурстарды дамыту орталығы бірталай игі істердің басын қайырды. Орталықтың алдына университетте ағылшынша оқытуды жақсарту, жыл сайын көптілді білім беру бағ­дарламаларының санын арттыру, профессорлар мен оқытушылар құрамын кәсіби тұрғыдан тың ізденістерге бой ұрып, жоғары нәтижелерге жетуге ынталандыратын жағдай жасау міндеті қойылып отыр. Белгіленген шаралар университеттің факуль­теттері мен кафедралары арқылы межелі мақсатына жетіп жатады. Әрбір жаңа оқу жылы басталарда біздің орталық студенттер мен ұстаздарды тестілеуден өткізіп, олардың ағылшын тілін білу деңгейін анықтайды. Соның негізінде және IELTS немесе TOEFL қорытындылары бойынша көптілді топтар қалыптасады. Қазіргі таңда университеттегі 88 көптілді топтағы 611 шәкіртке 270 пән бойынша ағылшын тілінде сабақ беріледі. Оның сыртында ЕҰУ-дің халықаралық қатынастар факультетінде үш мамандық бойынша көптілді білім беру бағдарламасы бекі­тілді. Соған сәйкес университетке түскенде студенттер бүкіл курс барысында ағылшын тілінде оқу қалауын білдіре алады. Көптілді кадрлардың білік­тілігін арттыруға назар аударылады. Былтырдан бері Орталық Назарбаев Университеттің Жоғарғы білім мектебімен бірлесіп тоқсан сайын көптілді топтар оқытушыларына семинар ұйымдастыруды дәстүрге айналдырды. Көптілді топтарға лекция оқып, практикалық сабақтар өткізу үшін шетелдік ғалымдарды, мамандарды, оқытушыларды, сондай-ақ, шетелдік компаниялардың өкілдерін тарту мәселесі де Орталықтың міндетіне жатады. Ұзақ мерзімге сырттан шақырылғандардың ішінен Гарвард университетінен, Австралия ұлттық уни­вер­­ситетінен, Лион университеті­нен, Кардифф университетінен, Болон университетінен келіп, дәріс оқып жүрген профессорларды бөле-жара айтуға болады. Осындай қадамдардың арқасында сандық һәм сапалық жағынан оң өзгерістер өркен жай­ғанын айта кетудің ар­тықтығы жоқ. Ендігі бір мақсатымыз – 13 жаңа ағылшын тілінде білім беретін топтар ашу. Сол арқылы ЕҰУ-дің абыройын көтеріп, беделін өсіруге өзіндік үлесімізді қосамыз деген ойдамыз.  Дина САПАРОВА, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ көптілді білім беру және академиялық ресурстарды дамыту орталығының директоры  Астана