1 жылда 3 миллиард долларды құрайды
Алып шаһардың халқы тұтынатын тағамдардың басым бөлігі – шетелдерден әкелінген импорттық өнімдер. Сондықтан да ел көлеміндегі дүкен сөрелерін сырттан келген өнімдер басып кеткеніне алаңдаған Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек бұл мәселені оң шешуге қол жеткізді. Осыған орай, өз өнімдерін сауда нүктелеріне делдалсыз жеткізуге мүмкіндік беретін меморандумға Алматыдағы ірі сауда желілері мен Алматы облысының ауылшаруашылық кооператив өкілдері қол қойды.
«Импорттың үлесін азайту үшін Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарымен арадағы байланысты нығайту қажет», деген мамандар шаруа қожалықтарын кооперативтерге бірігуге шақырды. Бүгінде қала дүкендеріндегі тауарлардың 37 пайызы шетелдік өнімдер, отандық тауардың ара салмағы небәрі 35 пайыздан аспайды. Бір ғана ірімшік пен құс етінің 50 пайызы сырттан жеткізіледі.
Осы теңсіздікті жою мақсатында қала басшысы жалпы құны 8 миллиард теңгені құрайтын жылыжай соғып, жыл он екі ай отандық өніммен қала дүкендерін қамтамасыз ету жолын ұсынуда.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан»
Алматы