Жақында «Математикалық және компьютерлік модельдеу мәселелері» атты республикалық ғылыми семинар өтті. Оған Қазақстандық математика бірлестігі, еліміздің Ұлттық инженерлік академиясы мен Ғылыми және технологиялық ұйымдар қауымдастығы ұйытқы болды. Семинарға академик, Қазақстандық математика бірлестігінің президенті Бақытжан Жұмағұлов жетекшілік етті.
Бұл семинарды дәстүрлі деуге болады. Тоқсанына бір рет өткізіледі. Онда математикалық модельдеу мәселелері, шешу жолдары, сандық әдістер мен алгоритмдердің дамуы, компьютерлік және ақпараттық жүйелер, басқа да есептеуіш, ақпараттық технологиялар қарастырылады.
Осы жолғы семинардың бірінші отырысында математикалық және компьютерлік модельдеудің жай-күйі туралы физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Уәлихан Әбдібеков баяндамасы тыңдалды.
Сонымен қатар, РҒА Сібір бөлімі есептеуіш технологиялар институтымен байланыс жасау кеңінен айтылды.
Алдағы жылы Астана қаласында өтетін Түрік әлемі математиктерінің VI халықаралық конгресін өткізуге дайындық та қарастырылды. Осы конгресс құрылған сәттен бастап ол жаһандық пікірсайыс алаңына айналып, жаңа идеялардың шоғырлануына ықпал еткенін атап айтқанымыз жөн.
2018 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтетін халықаралық математиктер конгресіне қазақстандық математиктердің де қатысуы маңызды мәселе болып табылатыны хақ. Бұл конгреске қатысуға академик Тынысбек Калменов бастаған математик ғалымдар ұсынды.
Семинардың қорытындысында академик Бақытжан Жұмағұлов Қазақ елі бойынша математика және компьютерлік модельдеу саласы бойынша сапалы кадрларды дайындау, олардың әлеуетін көтеру, халықаралық байланысты нығайту, сонымен қатар, отандық ғалымдардың зерттеу жұмыстарының нәтижелерін газ-мұнай, экология және басқа салаларда да өндіріске енгізуді тиімді пайдалану қажет екендігі туралы баса айтты. Семинарға қатысқан ғалым-математиктер бірауыздан ғылым мен өндірісті ұштастыру туралы ортақ байламға келіп, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»