АҚШ-та өткен ұлттық тағамдар фестиваліне қатысты
АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында ұлттық тағамдар фестивалі ұйымдастырылып, шараға еліміздің бармағынан бал тамған аспазшылары қатысып қайтты. Олар фестивальда қазақтың дәмді әрі құнарлы алуан түрлі ұлттық тағамдарын дайындаған. Қазы-қарта мен жал-жая асқан. Сондай-ақ, бауырсақ пісіріп, шетелдіктерге ұсынған. Тіпті, олар қазан-қазан қуырдақ та жасапты. Дегенмен, аспаздармыздың бұл сапары сынаққа толы болғанға ұқсайды.
– АҚШ пен Қазақстандағы азық-түлік пен көкөністердің арасында айырмашылық жетерлік екен. Тұзы татымсыз, қанты дәмді, бұрышы ащы емес. Ал ет пен балықтан шөптердің дәмі шығады. Бізде еттің де, балықтың да дәмі басқаша. Біз үшін бастысы ұн болды. Бұл жақтың ұны да бөлек. Қиналғанымызды білсеңіздер! Ақырында ұнның бірнеше түрін алып бауырсақ пен шелпек, еттің қамырын илеп көрдік. Тырысып бақтық, – дейді Сыртқы істер министрлігінің бас аспазы Елмұрат Ысқақов.
Аспазшыларымыз байқауда 8 түрлі ыстық, 12 салқын тамақ, салаттың 4 түрін әзірлеген. Сонымен қатар, сірне, ысталған қозының еті, бекіре дайындап, қазақтың қонақжайлылығын, ұлттық тағамдарға бай екенін көрсеткен. Айтпақшы, олар құрт, жент, ірімшік секілді сүт өнімдерін де көпшілікке ұсынуды ұмыт қалдырмапты. Бір қызығы, шетелдіктер қазақстандықтардың қолымен әзірленген тағамдарына сүйсініп, 2017 жылы елімізде өтетін ЭКСПО көрмесіне келіп, Қазақстанды көзімен көретіндерін жасырмапты.
Талғат РАЙЫМБЕК,
«Егемен Қазақстан»