• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2016

Ақтөбеде Африка түйеқұсы өсіріледі

808 рет
көрсетілді

Әлия ауылының тұрғыны Сайлау Ма­таев көпшілікке таңсық, бұрын-соңды өңірде болмаған түйеқұсты облысқа бі­рінші болып әкелмек. – Түйеқұстың балапандарын Ресейдің Самара қала­сынан алуды жоспарлап отырмыз. Самарамен интернет арқы­лы байланысқа шығуыма Ақтөбе қаласындағы жиенім көмектесті. Биыл мамыр айының соңында түйеқұстың бір айлық балапандарын ауылға алып келеміз, – дейді ол. Оның айтуынша, түйеқұс күтімді, қамқорлықты онша қажет етпейді, ашық алаңқайда, табиғат аясында жүре береді. Ауа райы жауын-шашынды, суық болған күндері жылы жерде тұрғанды ұнатады. Сондықтан, кәсіпкер биыл жазда ауласына түйеқұс тұратын қора салуды көздеп отыр. Сайлау Матаев биыл «Жұмыспен қамту-2020» мемлекеттік бағдарламасы арқылы түйеқұс өсіру үшін 1 млн. 700 мың теңге көлемінде несие алған. – Әзірге 20 балапан алуды жоспарлап отырмыз. Себебі, самаралық фермерлердің айтуынша, түйеқұстың балапанын еркек-ұрғашысын кішкентайында ажырату мүмкін емес. Өсе келе, яғни 6-8 айлығында ғана оларды ажыратуға болады. Сондықтан, балапанды неғұрлым көбірек алу керек, – дейді ол. Түйеқұс жоңышқаның тартылған түрін сүйсініп жейді. Бұл құсқа арпа, бидайды да уатып беру керек. Сол үшін Сайлау ерте көктемде жоңышқаның тұқымдық дәнін аулаға сеуіп тастағанды жөн көріпті. Сырт келбеті сұсты болып көрінетін бұл құстың әбден толысып-жетілген ша­ғында биіктігі 1 метр 70 сантиметрге жетеді. Жұмыртқасының салмағы орташа есеппен – 1-1,5 кило. Бір айлық балапаны 10-12 килоға жетеді. Түйеқұс 1,5 жасында жұмыртқалай бастайды. Әзірге түйеқұсты өсіріп, санын көбей­туді ғана мақсат етіп отырған Сайлау бұл құс­­тың пайдасы шаш етектен екенін айтады. Арайлым НҰРБАЕВА, журналист Ақтөбе облысы, Қобда ауданы