Ерлік – майдан шебінде, ұрыс даласында ғана жасалмайды. Шынтуайтында, ерліктің түрі көп. Соның бірі – бейбіт өмірдегі ерлік пен батырлықтың үлгісіне бас имеу, құрмет тұтпау мүмкін емес. Әсіресе, күнделікті өмірі тәуекелмен тығыз байланысты әскери қызметшілердің әрбір батыл әрекеті, табанды іс-қимылы қоғамның тікелей назарында болары даусыз.
Осыдан бірер жыл бұрын Оралдағы «Батыс» өңірлік қолбасшылығының аға офицерлері, майорлар Салауат Қабдықұлов пен Ринат Жұмалиев тілсіз жау – өрттен бірнеше адамды құтқарып, ерлік жасады. Әрине, олардың өздері бұл қадамдарын ерлік емес, Отан алдындағы, халық алдындағы әскери, азаматтық борышымыз деп түсіндіреді. Дейтұрғанмен, сын сағаты туғанда көзді жұмып көмекке ұмтылатын ерік-жігер, батылдық баршаның бойына берілмеген қасиет екендігін де мойындауымыз қажет-ақ. Енді қос сардардың басынан өткен сол бір төтенше оқиғалардың қалай өрбігендігіне тоқталайық.
Жер-Ана жасыл желегін жамылып, тіршілік атаулы түлеп сала берген мамыр айының орта шені болатын. Осы бір жаймашуақ, жайдары қалыпты аяқ астынан шыққан ащы айқай бұзып жібергендей болды. «Өрт! Өрт! Үй өртеніп жатыр!» деген жандәрмен дауыстар түстік ішуге үйіне келе жатқан Салауат Қабдықұловты да селт еткізді. Ойлануға, толғануға уақыт жоқ. Бұған дейін де талай оқыс оқиғалардың ортасында болып, әбден шыныққан әскери офицер дереу дауыс шыққан жаққа жүгіріп жетті. Бес қабатты үйдің бесінші қабатындағы пәтердің терезесінен жалынның қызыл тілі сумаңдайды. Будақтаған түтіннен тыныстары тарылған тұрғындар көшеге қашып шыққан.
– Үйде кім қалды?!
– Бәріміз шықтық...Жоқ, тұра тұрыңыз, өртеніп жатқан пәтердің иесі үлкен кісі еді. Сол көрінбейді. Шамасы іште...
Соңғы сөзді жүре тыңдаған майор баспалдақ бойымен бесінші қабатқа ұмтылды. Пәтерде шынымен де 77 жастағы егде кісі қалып қойған екен. Қолқаны қапқан иіске уланып, талықсып кеткен үй иесін Салауат көтеріп сыртқа алып шықты. Іле-шала жеткен өрт сөндірушілер алапатты ауыздықтап, «жедел жәрдемнің» дәрігерлері құтқарылған адамның өмірін аман сақтап қалды...
Арада тура екі ай уақыт өткенде дәл осыған ұқсас жағдай тағы қайталанды. «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімі штабының бастығы, майор Ринат Жұмалиев түзеу мекемесінен келе жатқан жолында Чагано-Набережная көшесіндегі үйлердің бірі отқа оранғанын байқайды. Жүргізушісіне қызметтік көлігін тура үй жанына тоқтатуға бұйрық берген сардар тез арада жалын шарпыған үйден 12 адамның дін аман шығуын сауатты ұйымдастырды. Өрт сөндіру бөліміне шұғыл хабар беріп, көрші үйлерден тұрғындардың мүлкін шығаруға жәрдемдесті.
Қос офицердің қысыл-таяң шақта көрсеткен ерлігі, аспай-саспай жасаған батыл әрекеті мемлекет тарапынан жоғары бағаланғандығын айтуымыз керек. Нақты айтқанда, Салауат Қабдықұлов пен Ринат Жұмалиев өрт кезінде адамдарды құтқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 4 мамырдағы №7 Жарлығы негізінде «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалімен наградталды.
Майор С.Қабдықұлов жоғары награданы Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей өз қолынан алса, Р.Жұмалиевке медалді Ұлттық ұланның бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов тапсырды.
Тоқтар КЕНЖЕҒАЛИЕВ,
журналист
Батыс Қазақстан облысы
Суретте (солдан оңға қарай): С.Қабдықұлов және Р.Жұмалиев