• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
04 Мамыр, 2016

Еліңді қорғау – міндет

746 рет
көрсетілді

Елімізді, жерімізді қорғау, тыныштығын сақтау, шекараны кірпік қақпай күзету секілді міндетті борышын, азаматтық парызын абыроймен атқаруға солтүстікқазақстандық жастар қаншалықты дайын деген сауалмен облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің бастығы, полковник Еркінбек БАЙБОЛОВҚА қайрылған едік. – Мен ата-аналар алдында да, азаматтық борышын өтеуге атта­натын түлектер арасында да Қазақстанның Қарулы Күш­терінің Жоғарғы Бас қолбас­шысы Н.Назарбаевтың «еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса, қазақтың ұлттық жалғыз мем­лекетінің нығайып-көркеюі жолында жан теріңді сығып жүріп, еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі өзің екеніңді ұмытпа», деген тағылымды тәрбиеге, ұлттық рухқа толы пайымды сөздерін мысал етіп отырамын. Тәуелсіздік туын тіккен, зайырлы мемлекет атан­ған еліміздің қадір-қасиетін ұғындыру, Отанның оттан да ыстық болатынын сезіндіру – басты мұратымыз. Отанды қас­терлеу, шексіз сүю сезімі отбасы, ошақ қасынан бас­талатынын бір сәт те естен шы­ғармаған абзал. «Адал ұл ер боп туса – ел ті­ре­гі» деп есімі аңызға айналған Бауыржан Момышұлы артына өсиет қалдырып кеткендей, өзіне жүктелген міндеттемелер мен тапсырмаларды ерте түсінген өрен ертең халқы мен елінің сүйенішіне айналады. Қандай қиын-қыстау кезең туа қалған жағдайда да бер­ген антынан айнымайды. Сол себепті біз жүйелі түрде жүр­гізілетін қоғамдық-саяси, мә­дени-көпшілік, патриоттық-спорт­тық шаралар аясында Отан деген ұлы ұғым, қастерлі сөз азат­тықтың, еркіндіктің тұғырлы өлшемі болып табылатынын, ол көк Туымыз, Әнұранымыз, Елтаң­бамыз секілді патриоттық рухты жі­гер­лендіретін, асқақтататын мем­лекеттік нышандардан құра­латыны, бабаларымыздың ба­тырлық дәстүрлерін үлгі ету ел қорғаны саналатын жастарымыз үшін үлкен тәрбие мектебі екені анық. Сонда бардың қадірін ба­ғалап, құндылықтарымызды кө­кірегіне тоқып өседі. Мемле­ке­тіміздің өркендеуі мен гүлденуі жолында қалтқысыз қызмет ететін болады. – Еркінбек Серғалиұлы, бұ­рын­дары әскер десе аза бойы қаза тұратындар жиі кездесетін. Оның бір ұшығы армиядағы әлімжеттікке, жарғыға қиғаш басқа да заңсыз әрекеттерге ке­­ліп тірелетін. Оның үстіне аяқ-қолы балғадай бозбаланың аман-сау барып, табытпен қайту фак­­тілері аз ұшыраспайтын. Қа­­зіргі ұлттық армиямыздың бет-кел­бетін қалай сипаттар едіңіз? – Иә, тарих қойнауына кеткен өткен күндерді еске алсаң, өмірі таусылмайтын қиындықтармен бетпе-бет жолыққандай боласың. Одақ ыдырап, экономикалық байланыстар үзілген тұста сары­уайым­ға салынып, дағдарып қалғанымыз рас. Алайда, Пре­зидентіміздің Жарлығымен тез арада дербес армиямыз құрылып, аз уақыттың ішінде қуатты да ай­бынды күшке айналды. Оның сапы кәсіби шеберлігі жо­­ғары, білімді, білікті мамандар­мен толықты. Бұрындары әскерге шақы­рылушылар арасында мін­детінен жалтарудың түрлі айла-тәсілдері қолданылса, қазір Отан алдындағы борышын өтеуді мәртебе, құрмет са­най­­тындар қатарының артып келе жатқаны қуантады. Мұн­­дай сенім армияішілік тәр­тіптің орныққанын, талаптың қа­тайғанын, моральдық-психо­ло­гиялық ортаның қалып­тас­қа­нын, материалдық-техни­калық ба­за­ның жақсарғанын бай­қатса керек. Көктемгі шақыру науқаны 600-ден астам өренді қамтып отыр. Олар сайдың тасындай іріктеуден өткеннен кейін Қор­ғаныс министрлігі, Ұлттық ұлан, мем­лекеттік күзет, ҰҚК-нің шекара қызметі қарауында азаматтық борыштарын өтейтін болады. – Десек те, денсаулығынан кінәрат табылып, тауаны шағы­лып жататындар кездесетін болар? – Ондай санаттағылар армияға шақырылғандардың 8 пайыздайын құрайды. Дімкәстікке шалдыққандар арасында ішкі ағзалар, көз аурулары жиі кезігеді. Бір қызығы, 90-шы жылдары «майтабандар» көп ұшырасса, қазір әлдеқайда азайғаны бай­қалады. «Бірінші байлық – ден­саулық» демекші, кәмелет жасқа толған азамат медициналық комис­сияның қатаң сүзгісінен өтеді. Екіншіден, өндірістік біліктілігі мен мамандығы жете ескеріледі. Өйткені, бойындағы науқасын жасырып, қайтсе де әскерге баруды діттейтіндер де ішінара қылаң беріп қалады. Олардың бар ойы – әскери билет алу, мансап баспалдағына өрлеу. Мұндай келеңсіз көріністерге қарсы ымырасыз күрес жүргізбей болмайды. Себебі, армияға қабыл­данғанның өзінде ауа райының өзгеруі, физикалық салмақтың түсуі, жүйкенің сыр беруі салдарынан ол «қулықтары» бәрібір әшкереленбей қалмайды. Ал, әскери қызметтен қасақана жалтарғандарға қолданылатын қылмыстық жазаның жеңіл еместігін ескерткім келеді. Оларға 1000 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы, болмаса түзету жұмыстарына тартылуы, не бас бостандығынан айыру жазалары қолданылуы мүмкін. Күнделікті жұмысымызда мұндай жағдайлар туындамаса да, алдын алу, болдырмау шараларын дәйектілікпен жүргізуді қаперден шығармаймыз. Бұл мәселелер әскери-патриоттық тәрбиенің құрамдас бөлігі ретінде қарастырылып, жас балғындардың патриоттық белсенділігін қоз­ғайтын тақырыптар мен мысалдар таңдап алынады. Мұндағы мақсат – өскелең ұрпақтың бойына азаматтық парыз сезімі мен міндет ұғымын ұялату. Оның қайнар көздері көп. Мәселен, мек­тептерде ұйымдастырылатын «Батылдық сабақтарында» Ұлы Отан соғысының отты жылдары, аға ұрпақтың, жауынгер-интернационалистердің ерлік­терінен сырлар шертіледі. Саға­дат Нұрмағамбетов, Мұхтар Алтынбаев секілді Халық Қа­һар­мандарының, тұлғалы қол­басшылардың өнегелі өмірлері Отанға, елге қызмет етемін деген балғын үшін естен кетпес, көпке дейін ұмытылмайтын айтулы оқиға болып қалары сөзсіз. Сол сияқты «Айбын» республикалық әскери-патриоттық жиынына мектеп оқушылары үлкен қызы­ғушылықпен атсалысып жүр. – Бүгінде әскери қызметке келісімшарт негізінде келетін­дер қатары да аз емес көрінеді. – Дұрыс айтасыз, Қазақстан Қарулы Күштерінде келісімшарт түріндегі әскери қызметтің таным­дылығы мен тартымдылығы артып келеді. Заң қабылданғаннан бері тілек білдірушілер санының көбейе түскені аңғарылады. 2012 жылы 100 адам оқып шықса, келесі жылы 300 адам өтініш білдірді. Оларға да қойылатын талап жүгі ауыр. Әсіресе, жас­тардың белсенділігі жоғары. Қорғаныс министрлігінің әскери оқу орнында оқуға ниет білдірген жастардың саны биыл 70-ке жуықтады. Олардың арасында Алматы құрлық әскерлері әскери институтына өтініш білдіру­шілердің үлесі басым. Петропавл қаласында әскери-техникалық мектеп ақылы қыз­мет көрсетеді. Бүгінгі күні оның қабырғасынан үш жүзге жу­ық жас теориялық білімдерін толық­­тырып, әскери істің қыр-сырын меңгеріп шықты. Ең бас­тысы, 40 күннің ішінде Отан қорғаудың қаншалықты маңызды екендіктерін түсінді. Оларға да, сөз жоқ, үлкен сенім артылып, зор міндет жүктеледі. Солтүстікқазақстандық жас­тар да Отан қорғау қастерлі ұғым, қасиетті борыш екенін жақсы сезінеді. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы