Таяуда қабылданады деп күтіліп отырған Жер кодексіне байланысты кейбір республика азаматтары арасында әртүрлі түсініспеушіліктер туындап жүр. Осыған байланысты екі-үш ауыз ой-пікірімді ортаға салғанды жөн көріп отырмын. Кодексте ауылшаруашылық мақсатындағы жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы ештеңе айтылмаған екен. Бұған мен кодекспен танысу арқылы көзімді жеткіздім. Дұрыс-ақ. Өйткені, Қазақстан Конституциясы бойынша жер және оның қойнауы республика азаматтарының ортақ байлығы емес пе?! Осыны ұмытпасақ екен. Түптеп келгенде жердің халықтың ортақ игілігіне айналуына бәріміз де мүдделіміз.
Жаңа кодекс жобаларына көз жүгірткен кезімде киесі бар жердің иесі де болуы керектігін аңғарғандай күй кештім. Бір есептен бұл талапты да түсінуге болады. Тыңдалмаса сөз жетім дегендей, қурай басып тақырланса, жер жетім болмасына кім кепіл. Сондықтан да жер туралы жаңа заңдылықтарда Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігі қойылып отырғанын әбден түсінуге болады.
Менің ойымша, мұндай жағдайда бірінші кезекте жердің бабын табу мәселелері алға қойылуға тиісті. Егер жерді жекешелендіруге қол жеткізгендер не істесем де өз еркім деп, оны бұған дейінгі құнарынан айыратындай іс-әрекеттерге барса және жеке басының баюы мүддесін ғана көздеп, тапқан пайдасы өзінен артылмаса жерді қайтадан мемлекет меншігіне алу жөнінде шаралар белгіленгені дұрыс-ау деген ойға қалып отырмын.
Сондықтан, жерді жекешелендіріп алған меншік иелеріне мемлекет тарапынан ұдайы бақылау болғаны, олардың нақты немен айналысып жатқанына прокурорлық қадағалаулар жүргізілгені орынды болмақ. Ал егер жердің тозаңын шығарып, улы химикаттар сіңірілетіндей әрекеттер орын алса, жер кейін пайдаға мүлдем аспай қалатыны кәміл. Әйтеуір «іс бітті, қу кетті» деген әрекеттерден аулақ болсақ екен дегім келеді.
Қайткенде де мен жаңа Жер кодексінің басты мақсаты жерді дұрыс пайдалану дегенге сенгім келеді. Осы шындықты бұра тартып жүргендердің іс-әрекеті алға қойылған игі мақсатты дұрыс түсінбегендіктен шығар деп ойлаймын. Лайым да осы ойымның дұрысқа шыққанын қалаймын. Болашақта Жер кодексі нормаларына сәйкес ауылшаруашылық жерін жекешелендіру мүмкіндігін алған ер-азаматтар жер менің ғана емес, еліміздің ортақ игілігі деген биік азаматтық және патриоттық көзқарас таныта алса, жер азбайды да, тозбайды да деп ой түюге болады.
Қырымгерей ҚАЖЫМОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ОРАЛ