• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Моншашы

326 рет
көрсетілді

Ел ішінде көпшілікке елене бер­мейтін қарапайым ғана жұмыс қолы­ның бірі – моншашылық кәсіп. Және жұмыстың бұл түрін меңгере білу де, оны іске асыру да оңай емес. Жымпиты ауылының тұрғыны, зейнет демалысындағы Гүлпан Хамзина болса, осы кәсіпті, яғни, моншашылықты меңгергендігіне әсте өкініп көрмепті. Гүлпан Хамзақызы – Бұлдырты ауы­­лының тумасы. Әкесі Хамза – Ғалиев Ұлы Отан соғысының арда­гері. Елге аман-есен оралған соң, Хам­за аға ұстаздық салада, одан соң ши­кі­­зат дайындау кеңсесінде қызмет атқарды. Хамза аға жұбайы Орынаймен бір ұл, жеті қызды өмірге әкеліп, тәрбиеледі. Тек бір өкініштісі, Хамза аға соғыс жарақаты зардабынан 60 жасында өмірден өтсе, Орынай әже 80 жасында бақилық болды. Адалдық, еңбекқорлық дегеннен шығады, осы Ғалиевтер әулетінен тараған ұрпақтар шүкіршілік делік, ауылдастарын, ағайын-туманы жерге қаратып көрмепті. Мысалы, әңгімеміздің басты кейіпкері Гүл­панн­ың өзі Бұлдырты орта мек­тебін бітірген соң, ауылдағы пош­таға хат-хабар, басылымдар тасушы ретінде қызметке алынып, бұл салада жеті жылдай тер төге білді. Бәлкім осы салада жүре берер ме еді, пошташы қыз Гүлпанға жым­питылық шопыр жігіт Хайдар кездесіп, ақыр соңы екі жас 1975 жылы шаңырақ құруға уәделерін байласпағанда?! Сөйтіп, Жымпиты ауылына келін болып түскен Гүлпан апа орта­лық­тағы шұжық өнімін дайындау цехы­на қызметке орналасып, Алматы қала­сынан арнайы мамандықта оқып кел­ген соң, осы кәсібінде табан аудар­­мастан 15 жыл істеді. Бі­рақ, ке­ңес­­тік заман тоқырауға ұшы­ра­ған соң орталықтағы шұжық цехы­ның да жұ­мысы 1995 жылы тоқтап, мұн­­да­­ғы адам­дар да ендігі­­­сін өз күн­де­рін өз­дері көруге мәжбүр болды. Солар­дың бірі Гүлпан Хамза­қызы еді. 1997 жылдары Гүлпан апа үйден пешке нан пісіріп, тары, талқанды сатуға шығарып отырды. Қазандық­тағы шоқ­тың қызуы Гүлпан апаның беті-қолын күйдіріп, қиналған сәттері де осы кездер еді. Әйтсе де, «Еңбектенсең – бәрі бар» дегендей, қайсарлық көрсете біл­ген Гүлпан апа ауладағы ескілеу мон­ша­ны балаларымен жөндеп, ретке кел­тірген соң, көрші-көлемдердің тал­ғамына сай пайдалана білулеріне қалыпты жағдай жасады. Байқап көрсе, монша қызметін пай­­­­д­а­­лану жағы өте тиімді көрінді. Тіп­­­­ті, моншаға жекелей де, ерлі-за­­йып­­­­­ты ре­тінде де тапсырыс беру­­ші­­­лер қа­тары ендігі жерде молая түсті. Гүлпан апа енді мықтап ой­ланды. Балаларымен ақылда­сып, әбден кеңе­сіп, көрді. Отаға­сы Хайдар аға­ның да марқұм бол­ғанына 9 жыл­­дың жүзі бопты. Өзі болса, зей­нет­кер. Бала-келіннің де алатын жалақы­лары мардымсыз. Не істеу керек? Ақыр соңы балалардың ұйға­рымдарымен мемлекет тарапынан несиелік қаражат алып, ауладағы үйді де қазіргі заманауи тұрғыда күр­делі жөндеуден өткізіп, ескі мон­ша­ның орнына жаңа мон­шаның құры­лысын салуға белдерін бекем буды. Шешім қабыл­данды, іс осылайша жүзеге асырылатын болды. – Шүкір, ба­ла­ларымның арқа­сын­­да үй де күрделі жөндеуден өт­ті, жаңа монша да са­лынды. Өзім жеке кәсіпкер ретінде заңды түрде тір­келіп, салықтық төлемді уақы­ты­лы төлеп отырамын. Қазір ау­дан ор­та­лы­ғындағы тұрғындар өз қалау­лары­мен моншама тапсырыс беріп, со­ған сай қалтқысыз қызмет көрсетіп оты­рған жайым бар, – дейді Гүлпан апа әңгіме арасында. Шынында, «Хамзина Г» атты жеке кәсіпкерлік иегері Гүлпан Хамзина қазіргі мамандығы монша­шы­л­ыққа әбден берілген. Өйткені, кәсіпкер  Г.Хамзинаның айтуынша, бұ­­рын­ғы кездері моншаға суды ше­­лек­­теп, бөшкемен құдықтан тасы­­­мал­­дайтын болса, ендігісін «Ақбұлақ» бағ­дарламасы іске асқан­нан бе­рі су мәселесі әбден шешіл­ген көрінеді. Ал, моншаға отын-су әзірлеуде ұл­дары Қайырбек, Бердібек үлкен қолқанат болса, монша ішінің таза­лығы, хлорлы ерітіндімен жуып-шаю жағын Гүлпан апа өзі атқарады. – Монша қызметін жаз кезін­де үнемі тұрғындарға көрсете білсек, қысқы уақытта сенбі, жексенбі күн­дері тапсырысқа сәйкес белгілі уақыт­пен жүзеге асырудамыз. Аудан­д­ағы салық комитеті арқылы 6 айға орта есеппен 3000 теңгедей негіз­гі төлемді төлеп отырсам, күніге тұр­ғындарға (әр адамға 250 теңге) мон­ша қызметін көрсетуден 5000 тең­ге­дей қаржы отбасы қазанына тү­се­ді. Сондай-ақ, ауламыздағы ұсақ мал, 3-4 ірі қара, тауықтарым да күн­делікті табыс көзіне айналып отыр, – дейді Гүлпан апа. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ғалиевтер әулетінен тараған жеті қыз бүгінде Ақтау, Шымкент, Ақ­төбе, Орал қалаларында бір-бір отау иел­ері атанып отырса, жал­ғыз ұл Қуа­ныш неміс қызы Екате­ри­на­ға үйленіп, Бұлдыртыда ұрпақ қызы­ғына бөленуде. Ал, осы ұрпақтардың ортасын­д­ағы Гүлпан Хамзақызының өзінің еңбекқорлығымен әуелден көзге түсіп, кезінде ауылдық, аудандық, облыстық, кеңестің депутаты бол­ған­дығын, тегін жолдамамен шетел­ге дейін барғандығын, бірнеше мара­паттың иесі атанғандығын халықтың бірі білсе, енді бірі біл­месі де анық. Десек те, бүгінде зейнеткер болса да еңбектен қол үзбей, халық­тың алғысына бөленіп отырған «Хамзина Г» жеке кәсіпкерлігінің иесі Г.Хам­зина­ның бұл тірлігі үлгі етуге тұрарлық. Бүгінде ұрпақтары, немере, жиендерінің қызығына бөленіп отырған моншашы Гүлпан апа жөнінде ой толғап, айтарымыз да осы еді. Мүсірбек АЙТАШЕВ Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданы Суретті түсірген Бауыржан ШИРМЕДИНҰЛЫ