• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
05 Мамыр, 2016

Күдікті құтылмайды

270 рет
көрсетілді

Осы жылдың наурыз айы болатын. Ресеймен шекаралас Ұзынкөл ауданындағы «Обаған» шекара бекетінен күндіз-түні автокөліктер, жолаушылар автобусы ағылып жатады. Олардың барлығын тексеріп шығу шекарашыларға оңай шаруа емес. Әсіресе, кинолог Қайрат Нұғыманов түнгі автобустарға қырағы болу керектігін біледі. Бекетке «Рудный – Түмен» бағытындағы үлкен жолаушылар автобусы келіп тоқтады. Ол жолаушылардан босат­қаннан кейін автобус салонына иісшіл иті Мандаринканы жіберді. Иттің әр қимылын қа­­да­ғалап қарап тұр. Ман­да­ринка салонның орта тұ­сындағы бір орындыққа қай­талап соға берді. Бір-екі рет иіскелегеннен кейін «осы орын құр емес» дегендей, иесіне қарады. Қ.Нұғыманов дереу автобус жүргізушісіне ес­кертіп, есікті жапқызды да, шекара бекетінің жолаушы­лар тіркеліп жатқан залына келді. Итті тағы жіберді. Ман­даринка зырғып отырып, ер кісінің қасына же­тіп барды. Ол адамдарды алаң­датпай, ес­керусіз ғана итті алып кетті. Өз ісіне сұңғыла болған жігіт жол­соқты болып, шаршап келе жатқан жолаушылар байқамаған көріністі көріпкел жандай біліп тұр. Күдіктінің беті сазарып, еш­теңе білдірмеген болса да, Қай­рат оның көзінен ішінің қал­тырай бастағанын сезді. Жолаушылар тіркеліп болған соң, олардың автобус салонына түгел отыруы қадағаланды. Ман­даринка «көрсеткен» әлгі орынға Қайрат күдіктеніп тұр­ған 55 жастағы ер адам келіп отырды. Оны арнайы орынға апарып, тексергенде киімінің қалталарынан 1,5 килограмм есірт­кінің марихуана мен наша деген екі түрі шықты. Тү­менге есірткі тасымақ болған руд­ный­лық азаматтың таяу арада соты болады. Ол иісшіл иттің тілін біледі десе болар. Ман­даринканы жұ­мысқа қосқанда Қайрат оның әр қимылын «оқып» тұратын секілді. Заңсыз есірткі айналымынан пайда тапқысы келетін қауіпті жандардың қылмыстық әрекеттерін құрықтағанда итінің де, өзінің де атқан оғы нысанаға дөп тигендей көңілі жайланары бар. 2005 және 2009 жылдарғы жыл бойы жұмыс қорытындысы бойынша Қ.Нұғыманов «Жылдың үздік кинологы» атанды. 2014-2016 жылдар аралығында ше­каралық бекеттен 14 килограмм есірткі заттарын ұстады. Оның ішінде 8,5 килограмы өте қауіпті героин болатын. 2006 жылы 17 килограмм контрабандалық әшекей заттары, 2009 жылы 3 миллион Ресей рублі Қайраттың қырағылығы арқасында шекара аса алмады. Прапорщик Қ.Нұғы­ма­нов­тың қырағылығы тек бұл емес. Өзге шекара бе­кет­те­рінде жүргенде талай рет кон­тра­бандалық заттар­ды, әсі­ресе, қаруларды Қайрат­тың кезекшілігіне тап келген кү­діктілер алып өте алған емес. 2012 жылы Аят шекара беке­тінде қызметте жүргенде Қ.Нұ­ғыманов Қазақстанға заңсыз қару алып өтпек болғандардың жолын кесті. Қазақстан мен Ресей арасындағы шекараның бұл шалғайынан негізінен жо­лау­­шылар көлігі Мәскеу жақтан ағылады. Сол жылы жазда жеңіл автокөліктен 600 патроны мен бір шағын калибрлі винтовканы алып шықты. Күдікті машина сало­нына қалай жасырса да қулығын Қайраттан асыра алмады. Сол жылы «Макаров» тапаншасының 50 дана патроны, 1 дана «тегіс оқпанды» мылтық алып бара жатқан жолаушыны қолға түсірді. Ал қыс айында «Фольксваген» маркалы машинаға басқан жүктің ара­сынан «Дягтеров-27» пулеметін алып шыққан да Қ.Нұғыманов болатын. – Тұрқы 1,5 метр болатын пулеметті қағазға орап, жымын білдірмей жүктің арасына тыққан екен. Оны Мәскеу қаласынан Қостанай облысындағы Лисаков қаласына апара жатқаны белгілі болды, – дейді Қ.Нұғыманов. Мандаринкасының қаруды та­буда «көмегі» жоқ, әрине. Ол мұндайда психологиялық кә­сіби әдістемелерге, өзінің ізденімпаздығына сүйенеді. Өткен жылы «Обаған» шекара бекетіне ауысар алдында Аят шекара бекетінен Италияда шығарылған «General» маркалы тапанша да көздеген жеріне жете алмай, қырағы шекарашының қолына түсті. Ол Қостанайдағы З.Алдам­жар атындағы әлеу­меттік-тех­ни­калық уни­вер­ситеттің заң факультетін тәмам­даған соң, 1999 жылдан Ұлт­тық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметінде, қазір 2031 әскери бөлім­шесінде қызмет істейді. – Шекарадан кім өтпейді дейсіз? Жолаушылармен бірге ел тыныштығы үшін қауіпті зат­тар немесе мемлекеттік ма­­­­ңызы бар немесе мемлекет мүд­­десіне қайшы келетін, эко­но­микалық контра­бан­да­лық заттардың ары-бері өтпеуі өзіңе байланыс­ты екенін түсінгенде өзімді қамшылайтыным рас. Жауапкершілік бір минут та қалғуға, өзіңді бос ұстауға мұр­ша бермейді, – дейді Қайрат Әлиғап­парұлы. Ол бүгінде шекарадан үш шақырым жердегі Обаған ауылында жарымен, ұлымен тұрып жатыр. Күндіз демалып, ұйқысын қандырған шекарашы қайтадан Мандаринкасымен түнгі ауысымға шықты. Шекара бекетінен түрлі автокөліктер әрі-бері өтіп жатыр. Түрлі авто­көліктер ішінде өздері де, ниеттері де түрлі-түрлі жолаушы бар... Оның қырағылынан күдікті құтылмайды. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» Қостанай облысы, №2031 әскери бөлімшесі