«Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы елімізде өндірілетін барлық табиғи газ көлемінің тең жартысын, сондай-ақ іс жүзінде өндірілетін сұйық көмірсутектерінің бестен бір бөлігін береді. Қазіргі таңда Қарашығанақ – мыңдаған жұмыс орны, озық технологиялар мен қомақты салық түсімдері мекені. «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» компаниясының Батыс Қазақстан облысының әлеуметтік жағынан өркендеуіне атсалысу қарқыны қарышты.
Компания тарапынан 2009 жылға дейін облыстағы әлеуметтік жобаларға жыл сайын 10 млн. доллар бөлініп отырды. Бұл қаржыға өңірдегі денсаулық сақтау нысандары, білім беру мекемелері, тұрғын үйлер салынып, жол жөнделді, газ құбырлары тартылды. Ал өткен жылдан бастап әлеуметтік салаға жұмсалатын инвестиция көлемі екі есеге дейін өсті.
Қарашығанақ консорциумымен әріптестік нәтижесінде қол жеткізілген маңызды жетістіктердің бірі – Орал өңірін газдандыру болып табылады. Соңғы бірнеше жыл ішінде облыста газдандыру жұмыстары бойынша бірқатар көлемді жұмыстар атқарылды. Елбасы Н.Назарбаевтың тапсырмасымен басталған Қарашығанақ-Орал газ құбыры құрылысы өңірдегі көкейкесті әрі күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе – Жайық өзенінің сол жағалауындағы елді мекендерді газдандыруды түбегейлі шешті. Тартылған жаңа газ құбырының ұзындығы 150 шақырымды құрайды. Жоба құрылысы жергілікті билік өкілдерінің тұрақты бақылауымен жүзеге асырылды. Бастапқы жоба облыс әкімінің табандылығы арқасында газды шалғайда жатқан ауылдарға дейін жеткізді. Яғни, өңірдің оңтүстігіндегі алыс аудандар көгілдір отын қызығын көрді.
Компания жыл сайын Батыс Қазақстан облысы аумағында бірнеше ірі әлеуметтік нысанды іске қосады. Осы орайда айтатын бір жәйт, әлеуметтік жобаларға облыс қажетіне бөлінетін қаржыдан бөлек, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» орналасқан Бөрлі ауданына да ерекше назар аударылады. Тек демеушілік бағдарламасымен қаржыландырылатын әлеуметтік жобаларға емес, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытуға да жәрдем көрсетіледі.
Қарашығанақта қолданылатын заманауи жабдықтар өз ісінің шеберлеріне ғана сеніп тапсырылады. Сондықтан қызметкерлерді оқыту мен біліктіліктерін арттыру, білімдерін жетілдіруге күш салу консорциумның алдына қойған негізгі мақсаттарының бірінен саналады. Компания жергілікті тауар жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерді дамыту бағдарламасын жүзеге асырған кәсіпорындардың бірі болып табылады. Қазір Қарашығанақтың дерекқорында 2700 қазақстандық өндіруші мен тауар жеткізуші тіркеуде тұр. 1997 жылы қол қойылған ӨБСК-ден (өнімді бөлу жөніндегі соңғы келісім) кейін бүгінге дейін барлық қол қойылған келісім-шарттардағы қазақстандық мазмұн көлемі 3,5 млрд. АҚШ долларынан асып түскен. Мұның барлығы өңірдің тұрақты дамуына бағытталыпты. Сондай-ақ «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» орнықты даму бойынша есебін Батыс Қазақстан облысында алғашқы болып жариялады.
Бір сөзбен айтсақ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» консорциумдағы әріптестері және облыстық әкімдіктің қолдауымен осында жұмыс істейтін көптеген еңбектерлердің мекенін және кен орнына іргелес жатқан ауыл-аймақпен бірге тұтастай алғанда Батыс Қазақстан облысын өркендетіп өсіп-өнуіне үлес қосуды өздерінің азаматтық үлгісі ретіндегі парыз санайды. Компания жүзеге асырып жатқан үлкен жұмыстар Астанада өткен жылы желтоқсан айында өткен «Парыз-2010» әлеуметтік дамыту республикалық конкурсының қорытынды салтанатында айрықша атап өтіліп, марапатталды. Атап айтсақ, «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясы «Үздік әлеуметтік жоба» санаты бойынша алтын марапатқа ие болды. Марапаттау салтанатына Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев, Премьер-Министр Кәрім Мәсімов және Үкімет мүшелері мен басқа ресми тұлғалар қатысты.
«Парыз» алтын марапаты «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В» компаниясының жетістігі ғана емес, оның қызметкерлерінің, әріптестері мен мердігерлерінің де жеткен жетістігі. Конкурс жеңімпаздары өндірістің түрлі саласынан ұсыныс білдірген 400-ден аса компания ішінен іріктелген болатын. Ал байқаудың басты талабы – қоғам үшін шынайы қызмет көрсетіп, ел игілігін еселеу. Бұл орайда айтулы марапаттың Қарашығанаққа бұйыруы көп нәрсені аңғартады. Компания өзі ірге тепкен өңірдің өміріне белсенді араласып, өнегелі істердің атқарылуына аянбай атсалысып жатыр.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.