Ұлы Жеңіс күні қарсаңында Шымкент қаласындағы С.Рахымов атындағы «Жас ұлан» республикалық әскери мектеп-интернатының тәрбиеленушілері Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін аралап, оларды осынау айтулы мерекелерімен құттықтады, сондай-ақ, тұрмыс-тіршілігіне қолғабыс етті.
Харьков пен Ворошилов, Польша, Литва мен Латвиядағы соғысты басынан кешірген, тіпті, сонау Германияның өзіне дейін барған ардагер Абылай Қазыбаев болашақ әскери қызметшілерге әскери қызметі туралы тарихпен және баға жетпес білімімен бөлісті.
Соғыс батыры А.Қазыбаев жас ұрпаққа өзінің майдан тарихын әңгімелеп, ұзақ жылғы жауынгерлік қызметінен сыр шертті. Ардагер қарт майдандас достарын, олармен бірге өткізген сұрапыл соғыс жылдарындағы қайғы-қасіретті еске алды. Өздеріне кезек келгенде курсанттар ардагерге майдан және халық әндерін орындап, өздері шығарған өлеңдерді оқып берді.
Балалар әр ардагерге арнап өз қолдарымен ашық хаттар әзірлеп, оларды Шымкент қаласынан Ұлы Отан соғысына қатысқан бүкіл ардагерге тарту етті.
«Жас ұлан» республикалық мектебінің курсанттары Ұлы Отан соғысының ардагерлерімен ұдайы кездесулер өткізіп, олардың шаруашылықтарына көмек көрсететінін айта кеткен жөн. Сондай-ақ, қарттармен әңгімелесіп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырады.
Бұл құндылықтар – жасөспірім кезден берілетін қасиеттер. Өйткені, болашақ әскери қызметшілер соғыс батырларын, олардың жасаған ерліктерін есте сақтап, біліп жүрулері тиіс және өткеннің жақсы дәстүрін жалғастырулары қажет.
«Егемен-ақпарат»