• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Алаумен арайланған Алтай

422 рет
көрсетілді

Өскемен әуежайы мерекедегідей бе­зендірілген. Аспаннан ақша қар қылау­лап, адам жанын шаттыққа тербегендей. Он­сыз да жиналған мыңдаған  өскемен­діктер Павлодардан келетін ұшақты асы­ға күтіп, аспанға телміреді. Ақыры ұшақ 24-ші қаңтарда кешкі  21.00-ге таман Өскеменге келіп қонды. Музыка әуені қалықтайды. Сәлден кейін траптан түскен VII Қысқы Азия ой­ындары алау эстафетасы дирекциясы же­текшісінің орынбасары Сәрсен Құранбек бастаған делегацияны облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Қазақстанның халық жа­зушысы, жасы 90-ға таяп қалса да бауыр басқан Алматысында жата алмай, Ал­тайға келген, қасиетті алауды өз қолымен ұстауды армандаған Әзілхан Нұршайы­қов, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева мен басқа да әнші, ақын-жа­зу­шылар, қаланың ардагерлері мен оқу­ш­ы­лары, студенттері қарсы алды. Келесі күні Бердібек Мәшбекұлы Азиа­да алауын атақты хоккейші, Наганода өткен Қысқы Олимпия ойын­да­рында еліміздің құрама командасының капи­таны болған Ерлан Сағымбаевқа ұсынды. Ерлан Ерлесұлы екі жүз метр жүгірген соң Ерлан Қайырбаевқа ұс­ын­ды. Ал Айдар өз кезегінде алаулаған алауды шы­рай­лы шығыста мыңдаған белгілі спорт­шыларды баулып өсірген Шы­ғыс Қазақ­стан Мемлекеттік универ­ситетінің ректо­ры, профессор Бейбіт Ма­мыраевқа ұсын­ды. Атап өту керек, осы жоғары оқу ор­нын аяқтаған 20-дан астам қысқы спорт шеберлері ел на­мысын қорғағалы отыр. Бұдан кейін актер Досқан Жол­жақ­сынов,  ақын-жазушылар Ұлықбек Ес­дәу­лет, Дидахмет Әшімхан, Сәдібек Тү­гел, әнші Тоқтар Серік те өздеріне тиесілі 200 метрді жүгіріп өтті. Атақты дзю­дошы, Әлем кубогының иегері, екі Ол­им­пия ойындарына қатысқан Руслан Сейілханов, астаналық журналист Берік Уәли, түйе балуан Мұсылманбек Қажы­мұқанов, ардагер спортшы, Әлем чем­пионы Қали Иманбаев, суретші Еркін Нұразхан үшін де алау ұстаған сәт мәңгі есте қалары сөзсіз. Кикбокстан әлемнің бес дүркін чем­пионы, облыстық спорт және дене шы­нықтыру басқармасының бастығы Асқар Можанов жазушы Әзілхан Нұршайы­қовпен бірге Республика алаңындағы биік мінбеге көтерілген кезде қалың жұрт ду ете қалды. Әзағаң Асқар екеуі Ор­талық алаңдағы алауды жақты. Түстен кейін эстафетаның екінші кезеңі бас­талып, алауды бірінші болып Роза Рым­баева алып жүгірді. Әр аудандардан келген Н. Шаухин, велосипедші Т. Қасымов, Ә. Досқажанов, С. Картоев, боксшы Д. Сужанов, белгілі кәсіпкер, спорт меце­наты, ауған соғысының ардагері Қайрат Мусин, т.б. алаумен бірге жүгірді. Атап өту керек, алаумен жүгіру кезінде сәй­гүлік атқа мінген белгілі спортшылар жер­лестерін қолдап отырды, тіпті су үс­тімен де алауды алып өтті. Соңынан желаяқ қызымыз Ольга Рыпакова алауды тұтатты. Оңдасын ЕЛУБАЙ, Өскемен.