• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2011

Мүгедек деп мұқатуға бола ма?

610 рет
көрсетілді

Редакциямызға жанайқайын жеткізген хат келіп түсті. Онда Айша Мұқанова атты Астана тұрғыны жанының жапа шегіп жәбірленгенін айтып, мұңын шағыпты. Оқиға қалай болған? Осы жылдың 8 қаңтарында Айшаны туысы Марина Төлегенова құрбысы Дана­гүл Сейітбековамен бірге туған күніне шақырады. Кенесары көшесінен орын тепкен «Империал М» ойын-сауық орталы­ғын­да туған күн кешін өткізбек болып ұйғарған олар аталған ғимараттың алдына келіп тоқтайды. Жалданған таксимен ор­та­лықтың жанына тоқтап, алдымен ойын-сауық орталығында орын барлығын білмекке Айшаның сіңлісі Әлияны жұм­сайды. Ішке кіріп мән- жайды білген Әлия орын бар екенін айтқан соң, көліктен түсіп ғимараттың ішіне кіргені сол-ақ екен алдынан күзетші кес-кестеп залға өтуге болмайтынын айтады. Және күзетшілер жалғыз емес олардың жанындағы әкімші– Виктория Угерт те оларды қолдайды. Виктория Александровна «Бізде мүгедектерге арналып жасалған жағдай жоқ, тіптен орын да жоқ»,–деп бет бақтырмағаннан кейін орталықтың меңгеру­шісі Марат Салиховты шақыртады. Марат Әбішұлына бұрын да осы орталыққа бірнеше рет келгенімізді, әрқашан мәдениетті түрде демалып, көңіліміз көтеріліп қай­таты­нын айтып, әкімшінің өрескел қылығы­нан араша сұрадық. Бірақ бізден гөрі әкімшінің сөзін тыңдағанды жөн көрген ол еш шара қолдан­бады. Осылайша жарты сағат аязда тұрып, еңсеміз түсіп үйімізге қайттық. Иә, біз мүгедекпіз. Мен және менің құр­бым Данагүл Сейітбекова екеуміз қоларбаға таңылған жанбыз. Бұл сыртқы жайымыз, ал біздің жанымыз мүгедек емес, біз біреу­дің мұңына мұң жабуды өз басымызға ар санар едік. Ал қол-аяғы балғадай жандар­дың бізге осыншалық әлімжеттік көрсетіп, қорлағаны несі?!» – деп жазады адамгершілікті аяққа таптаған жандардан жапа шеккен Айша Мұқанова. Редакция «Империал М» ойын-сауық орталығының басшысына, оның қызмет­кер­леріне біздің еліміздің «Мүгедектердің құқығы жайындағы конвенцияға» қол қой­ғандығын және еліміздің заңы бойынша бар­лық көпшілік мекемелерінде, қоғам­дық орын­д­арда мүгедектерге арна­лып жағ­дай жасауды (пандустар) міндеттейтінін еске са­ла­ды. Адам құқығын аяққа таптаудан именбеген орталық қызметкер­лерінің ісіне про­ку­ра­тураның да назар аударғанын жөн санаймыз. Тіпті, заңнан қорықпағанның өзінде ертеңгі күннен үміті бар адам «Қысастық қияметке кетпейді», «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген халық даналы­ғын да есінен шығармауы тиіс. Бүгін саумыз, ал ертеңді кім біледі? Ойланайық, ағайын! Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.