• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Айбаттың азаматтығы

428 рет
көрсетілді

Бала қиялына шек бар ма?  Қазір зіңгіттей жігіт болғандардың барлығының да кішкентай кезінде арман құшағында тербетілгенін ешкім де жоққа шығара алмасы анық. Айбат Кәрімов те бала кезінен әскери адам болуды жаны қалайтын.  Мұндай ойдың өз қиялына қалай қанат бітіргенін тап басып айта алмайды. Әйтеуір,  әскери  адам  болсам деп талпынғаны есінде. Содан да болар, Шұбар­құдықтағы орта мек­тептің сегізінші сыныбын бітірген соң облыс орталығындағы Есет Батыр атындағы полиция мектебіне түсіп, оны жақсы аяқтағаны. Ұстаздар отбасында тәрбиеленген оның мектепте де, полиция мектеп-интернатында да үлгілі болуы сол тәрбиенің арқасы деу орынды. Бала болып, шәлкес мінез танытпады десек, ақиқаттан аттағанымыз болар еді. Ол да балалық шақтың бал дәуренін белінен кешті. Бірақ, артық қылықтарға барған емес. – Мен өзім ұстаздар отбасында өстім.  Отбасындағы үш баланың кенжесімін. Әкем Сран да, марқұм анам Күләнда да мұғалімдер. Мен неге екенін білмеймін, әскери адам болуды армандадым. Сол арманыма жеттім де.  Міндетті әскери борышымды Астанада өткердім,  2007 жылы осында орналасқан №6655 әскери бөлімге келісімшартпен жұ­мысқа тұрдым. Қазір осы әскери бөлімнің тылдағы жұмыстар жөніндегі комендантымын, – деді ол. Оның өміріндегі оқыс оқиға 2009  жылдың сәуір айында болған еді. Қашанда жан-жақтағы оқиғаларға қа­ғылездікпен қарайтын Айбат өртті бірден аңғарды. Ол өрт тұтанған «Анар» кафесі еке­нін де кейін естіді. Бірақ, бір сәтте ойланып-толғанатын уақыттың жоқтығын сезінген ол қасындағы сарбаздарды, оқыс оқиғаға таңғалушыларды кейін ысырып, қауіпсіздік аймағын қорғады. Осындай ұйымдастыру жұмысын атқарып жүрген ол, кафенің ішінде қалған иесін құтқару­дың қажеттілігін түсінді. Сөйтті де  ол отқа оранған кафеге кіріп, тү­тінге тұншыққан кафенің қожайынын далаға алып шықты.  Айбаттың бұл азаматтығы ақтө­беліктерге тез тарады. Сондықтан да болар, оған деген қалалықтардың ықыласы, ниеті ерекше. – Мен, мұны ешқандай ерлік деп есеп­темеймін, азаматтық парызым деп түсінемін. Менің орнымдағы әр азамат осылай істейтініне кепілдік беремін. Біз татулық пен тұрақтылық іргетасы берік елде тұрып жа­тырмыз. Сондықтан бір-бірімізді қиыншылықтан құт­қару азаматтық парызым деп есептеймін, – дейді ол. Осындай азаматтық қимылы үшін ол Ішкі істер министрлігінің «Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде үздік шыққаны  үшін» ме­далімен марапатталды. Мек­тепке баратын Исламы мен балабақша тәрбиеленушісі Инабатын өзіндей азамат болса екен деп тілейді. Көңілі қалаған кәсібіне қалтқысыз болуға бейім жігіт алдағы күндерге үлкен үмітпен қарайды. Отбасындағы ынтымақты қалайтын талапты жастың алар  асуы биік боларына сеніміміз мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан»   Ақтөбе облысы