Желдің өтінде жігіттер жүр. Кірпік қақпайды. Көз ілмейді. Әрбір бұтаның қалқасын, таудың аңғарын, өзеннің сағасын, жолдың бұлтарысын, сайдың қалтарысын назарда ұстап тұр. Қылт еткенді қалт жібермейді. Жылт еткенді жіті бақылайды. Олардың мойнында зіл батпан жауапкершілік бар. Өйткені, олар біздің тыныштығымызды күзетіп, Тәуелсіз мемлекеттің шекарасын қорғау деген қасиетті міндетті арқалап жүр.
Қазақстан мен Ресейдің шекарасында «Қайрақ» (автокөлік) шекаралық-бақылау бөлімі бар. Бұл Қостанай облысына қарасты Қарабалық ауданында орналасқан. Екатеринбург – Астана тасжолының күретамыры іспеттес. Екі елдің арасындағы көлік қатынасы көбіне осы жерден өтеді. Нөпір көліктің барлығы бірдей заңды сақтай бермейді. Көзден тасалап, шекарашылардың назарынан жасырып контрабандалық дүниелерді арғы бетке өткізіп жіберуді мақсат тұтатындар да аз емес. Міне, осындай заңсыз заттардың шекарадан еркін өтпеуін қадағалап жүрген азаматтардың еңбегі нағыз бағалауға тұрарлық ерлік дер едік.
Осы «Қайрақ» шекаралық-бақылау бөлімшесінде отыздан енді асқан, жанарынан от шашқан капитан қызмет етеді. Аты-жөні – Жәдігер Бижанов. Қызылорда облысының тумасы. Аралдың Қарақұм ауылында дүниеге келген. 2005 жылдан бері шекара қызметінде жұмыс істейді. Бүгінде шені – капитан. Ол 2014 жылдан бастап 50 заңсыз есірткі тасымалының алдын алған. Капитан Бижанов бастаған шекарашылар 92 кило есірткінің жолын кескен.
2014 жыл. Шілде айы. Шекарадан өтіп бара жатқан жеңіл автокөлік алғашында ешқандай күдік тудырмаған. Бірақ тыңғылықты тексерісті бастағанда жүргізуші әбігерленіп кетеді. Оның үстіне шекара қызметіндегі «Жора» есімді ит те әлгі көлікті айналшықтап қоймайды. Күдікті сейілту үшін көлік әбден тексеріледі. Сөйтсе, жолаушылар 19 кило героинді адам таппайтындай етіп тығып, Ресейдің нарығына шығармақшы болған екен. Жәдігер Бижанов бастаған жігіттер оның алдын алып, Орталық Азиядан келе жатқан тауарды тәркіледі.
Тағы бір жағдай тамылжыған тамызда орын алған. «Мерседес-бенц» автокөлігімен тура Ауғанстаннан Ресейге 23 кило есірткіні алып өтпек болғандардың арам ойы капитан Бижановтың қағылездігінің арқасында іске аспайды. Ал былтыр Тәжікстаннан келе жатқан 8,5 кило героинді «РАФ-4» көлігінен табады. Шекараның шебінде жүрген жігіттен жұмысының қызығы мен қиыншылығы туралы сұраймыз ғой. «Қызмет барысындағы әрекеттерді айтуға болмайды. Құпия»,– дейді. Ең болмаса, заңсыз есірткі тасушылар тауарын көліктің қай жеріне жасыратынын айтшы дейміз. Оны да жария етуге болмайды екен. Бастысы, Жәдігер Бижанов өз ісінің маманы. Жұрт жасырдым, ешкім таппайды деген дүниені көріп қояды. Солайша, шекарадан заңсыз ештеңе өткізбейді. 2014-2015 жылдардың қорытындысы бойынша ол «Шекаралық бақылау қыметінің үздік маманы» атанды. Басшылығының тарапынан бағалы сыйлықпен марапатталды. Мұның өзі үлкен абырой.
Спортсүйер қауымға, оның ішінде қызылордалық жанкүйерлерге Нұрым Сәлімгереевтің есімі жақсы таныс. Жас та болса қазақ күресінен халықаралық жарыстарда олжа салып жүрген палуан. Былтыр Қызылордада өткен турнирде үздік шығып, «Алтын белбеу» иегері атанды. Солайша, «Қазақстан барысында» Сыр өңірінің атынан сайысқа түсті. Ал енді Нұрымның Жәдігерге қандай қатысы бар дерсіз. Айтайық. Осы Нұрым Жәдігер Бижановтың туған інісі. Екеуі бір үйдің баласы. Бірі шекарамызды күзетсе, екіншісі елдің намысын қорғап жүр. Солайша, бір үйдің екі жігіті еліне ерекше еңбек етіп жүр.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан»
Қызылорда облысы