• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Сайыпқыран сержант

336 рет
көрсетілді

Бүгінгінің батыры Асхат Қоңыров қасиетті Қарқаралы топырағының тумасы. Осы аудандағы Арқалық деген ауылда дүниеге келген. Әскери қыз­меткер болуды бала кезінен армандаған екен. Сол арманы адастырмапты. Бүгінгі күнде сержант шеніндегі бұл азамат нағыз әскери қызметкер. Оның үстіне бейбіт күнде ерлігімен көзге түскен батырдың өзі! Батыр демекші, біздің айтпақ оқи­ға­мыз былай болған еді. «Орталық» өңір­лік қолбасшылығына қа­расты №6505 әс­кери бөлімнің қыз­метшісі сержант Асхат Қоңыровтың жұмыстан үйіне келген беті-тұғын. Әскери киімін шешіп үлгермей көрші пә­тер­дің терезесінен будақтап түтін шы­ғып жатқанын көріп қалады. Есікті ашып еді, кіреберіс көк түтін, тысқа шығу мүмкін емес екен. Жылдам қимылдап, алдымен үйдегі кәрі енесін, одан кейін газ баллонын тысқа шығарып үлгерді. Сол уақытта аулаға көмек сұрап шыққан көрші әйелдің дауысын естіді. Өртке оранған пәтерде кәрі кісінің қалғанын және пропан  толы газ баллоны бар екенін естіген сержант ойланып та жатпастан отқа қойып кеткен. Алдымен газ баллонын терезеден тысқа лақтырып, сонан кейін барып бұл кезде ессіз жатқан кейуананы далаға көтеріп алып шықты. Сонда ғана көрді: шалбарының балағы жанып жатыр екен, етігінің табаны да балқи бастапты... Сөйтіп, сын сағатта көзсіз ерліктің керемет үлгісін  көрсеткен сержанттың ширақ әрекетінің арқасында көп қабатты үйдің  кіреберісі аман қалды. Иә, иә, егер де газ баллоны жарылар болса, тұтас подъездің күлі көкке ұшар еді! Бұл оқиға өткен жылдың қазан айында болған еді. Бүгінгі күнде Асхат түк болмағандай өзіне жүк­телген міндеттерді тиянақты атқарып жүр. «Мұндай жағдайда сасып қалмай, дұрыс шешім қабылдағаныма қуаныштымын. Жалпы, кез келген әскери адам менің орнымда болса осылай істейді деп ойлаймын. Жарғыда жазылмаған. Бірақ, адамдарды құтқару, әсіресе, әскерилердің қастерлі міндеті!», – дейді батырың. «Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбас­шылығына қарасты № 6505 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, сержант Асхат Қоңыровтың ерлігі ескеріліп, әскери бөлім басшылығына марапатқа ұсынылды», дейді ҚР Ұлттық Ұланы «Орталық» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің басшысы, майор Қанат Досұлы. Асхаттың осы ерлігін облыс әкімі, әскери бөлімнің басшылығы да лайықты түрде атап өтті. Бұдан бөлек, тілсіз жаудан аман қалған тұрғындардың құтқарушыға айтар алғысы да шексіз болды. Егемен еліміз үшін адам өмірі – баға жетпес байлық болса, адам өмірін сақтап қалу – теңдессіз ерлік. Ал Асхат Қоңыров секілді қайсар рухты жігіттерді қалай ғана бейбіт күннің батыры демеске?! Асхат қазір Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде сырттай оқып жүр. Жоғары білім алған соң офицер болып, қол бастау – алдағы мақсаттың бірі. Кешке жұмыстан шаршап келгенінде сүйікті жары Айнұр күлімдеп қарсы алады. Екі жастан асқан құлыншағы Айару жүгіріп келіп мойнына асылады. Міне, отбасының осындай ынтымағы Асхаттай бейбіт күннің батырына күш береді, алдағы мақсаттарына жетуіне ынталандырады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» Қарағанды