• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

Жердің айналымға қосылғаны жөн

471 рет
көрсетілді

Жамбыл облысы жер ресурстарына кенде емес. Облыс республика аумағының 5,3 пайызын немесе 14 млн. 426 мың гектардан астам аумақты алып жатыр. Бұл халық санына шаққанда облыстың әрбір тұрғынына 13,5 гектардан айналады. Облыс аумағының 72 пайызы тауарлы ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге қолайлы жерлер болып табылады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазіргідей жаһандану кезеңінде еліміздің қауіпсіздігін, соның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесін түрлі деңгейдегі басқосуларда үнемі көтеріп келеді. Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, бізге бабаларымыз мұра етіп қалдырған, қолда бар жер рес­урстарын ғылыми негізде басқара отырып, ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді тиімді пайдалануға байланысты екендігі дау тудырмайды. Бұл бағытта мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шешімдер мен аграрлық саланы қолдауға бағытталған шаралар да жеткілікті. Соның ішінде «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 35-ші және 36-шы қадамдары қолда бар жер ресурс­тарын басқарудың тиімділігін арттыру және жер қатынастарын реттеуді одан әрі жетілдіруді көздейді. Қойылған мақсат кәдеге аспай жатқан ауылшаруашылық жерлерді нарықтық айналымға қосу, жер пайдаланушыларға жалға алып отыр­ған жерлерін жеңіл­дікпен сатып алуға мүм­кіндіктер жасау, сондай-ақ, жер­­дің нысаналы мақ­сатын өзгерту жолдарын оңтайлан­дыру болып табылады. Аталған мақсаттарға жету үшін 2015 жыл­дың қазан-қараша айларында жер заңнамасына бірқатар өзгертулер мен толықтырулар енгізілді. Енді қолда бар байлы­ғы­мызды қалай пайдаланып отырған­дығымызды саралап көрейік. Осы мақсатта басқарма тарапынан айналымдағы егістік жерлерді пайдалануға жылма-жыл мониторинг жүргізіледі. Өткен жылы 2014 жылмен салыстырғанда егістік жерлердің игерілу көлемі 7 мың гектарға ұлғайғанымен, 2015 жылы облыс аудандарында 62,3 мың гектар егістік жерлер пайдаланусыз қалған. Мониторинг қорытындысы егістік жерлерді пайдалану көрсеткіші Мойынқұм, Сарысу, Талас аудандарында 71-84 пайыздан аспайтындығын көрсетті. Егін шаруа­шылығы жақсы дамы­ған аудандар ішінде жердің ең тө­менгі игерілу көрсет­кіші Шу ауданында қалыптасып отыр. Өткен жылы ауданда 32 мың гектардан астам егістік жерлер пайдаланусыз қалған. Жалпы, 2011-2014 жылдар аралығында жүргізілген тексеру және түгендеу жұмыстарының нәтижесінде облыс бойынша 591 мың гектардан астам жердің бос жатқандығы анықталды. Бұл, әрине, аграрлы аймақтардың бірі болып табылатын біздің облыс үшін пайдаланусыз жатқан үлкен резерв болып табылады. Жер қорын түгендеу жұмыстарының қорытындысы бойынша бос жатқан жерлерді мемлекет иелігіне қайтару шаралары жүргізілуде. Бүгінгі таңда анықталған жерлердің 547 мың гектары немесе 93 пайызы мемлекет иелігіне қайтарылды. Әлі де болса, 2014 жылы жүргізілген жерді түгендеу барысында анықталған 43 мың гектар ауылшаруашылық жерлері мемлекет иелігіне қайтарылмай отыр. (Қордай ауданында 3 мың гектар, Шу ауданында 40 мың гектар). Әрине, мемлекетке қайтарылған жерлер бос жатпай, экономикалық айналымға тартылуы тиіс. Бұл бағытта жерді оны игеруге мүмкіндігі бар және аграрлық салаға инвестициялар салатын тұлғаларға басымдықтар берілуде.  Қазір осындай жолмен 538 мың гектар жер ауылшаруашылық айналымына қайта қосылып, оның 56 мың гектары инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін берілсе, 2016 жылдың бірінші тоқсанында 97 309 гектар жер қайта айналымға қосылды. Басқарма тарапынан 2013-2015 жыл­дарға арналған ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді ұтымды пай­далануға бағытталған облыстық бағдарлама әзірленіп, жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында жүргізілген жерді түгендеу жұмыстарының нәтижесі облыс аумағында 6278 гектар бүлінген жерлердің бар екендігін көрсетті. Сол сияқты, бұрын саяжайлар үшін бөлінген 438 гектар жерлердің бос жатқандығын және жер есебіндегі алма бақтары мен жүзімдіктердің көлемін нақтылау қажеттігі анықталып отыр. Көпжылдық екпелер (баулар мен жүзімдіктер) түгендеуден өткізілген Байзақ, Жамбыл, Қордай, Мойынқұм және Сарысу аудандары бойынша орнында жоқ деп табылған 1218 гектар жүзімдіктер есептен шығарылып, 298 гектар жаңадан отырғызылған алма бақтары есепке алынды. Сол сияқты, аудандар тарапынан бүлінген жерлерді қалпына келтіру және бос қалған бұрынғы саяжай алқаптары орналасқан жерлерді ауылшаруашылық алқаптарының басқа түрлеріне ауыстыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, жерді түгендеу жұмыстарының нәтижесі бойынша өнімділігі төмен ауылшаруашылық алқаптарын бір түрден екіншісіне ауыстыру жүргізілуде. Осындай жолмен Жуалы ауданында 6586 гектар, Талас ауданында 4446 гектар өнімділігі төмен тәлімі егістік жерлер жайылымдықтарға ауыстырылды. Бұл жұмыстар қажеттілігіне қарай барлық аудандарда қолға алынуы тиіс. Жердің игерілуінің жай-күйін анықтау барысында Тараз қалалық және аудан әкімдіктері жанынан құрылған жұмыс топтарының күшімен жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін берілген 21847 жер учаскелеріне тексерулер жүргізген болатын. Нәтижесінде, облыс бойынша аумағы 573 гектарды құрайтын 5064 жер учаскесінің нысаналы мақсатында пайдаланылмай отырғандығы анықталып, оның 2182 учаскесі немесе 43 пайызы жұмыс топтарының күшімен мемлекет иелігіне қайтарылды. Қалған 2882 жер учаскелері бо­йынша материалдар қолданыстағы заңнамаларға сәйкес тиісті шаралар қолдану үшін жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасына жолданған. Пайдаланусыз жатқан ауыл­шаруашылық жерлерін эконо­микалық айналымға тартудың бірден-бір жолы жерге сауда-саттық өткізу болып табылады. Жер заңнамасына сәйкес сауда-саттыққа шығарылатын жерлердің алдын ала шекаралары нақтыланып, жердің кадастрлық құны анықталып, кіру жарнасының мөлшері бекітілуі сияқты дайындық шаралары атқарылуы тиіс. Осы мақсатта облыс аудандарында 22,2 млн. теңге қарастырылып отыр. Ағымдағы жылы облыс аудандарында жерге құқықтарды табыстау мақсатында 3 аукцион және 4 конкурс өткізілген. Конкурстық жүйе бойынша 97 мың гектар жер жалға беріліп, өткізілген аукциондар нәтижесінде жергілікті бюджетке 4,4 млн. теңге кіріс келтірілді. Қазіргі экономикалық және қаржылық қиыншылықтар кезеңінде жер саудасын тұрақты өткізіп тұру жергілікті бюджеттің кірісіне оң әсерін тигізері сөзсіз. Осыған байланысты жер саудасын өткізу арқылы жылына ауданда 40-50 млн., Тараз қаласы бойынша 100-120 млн. теңге көлемінде бюджетке кіріс келтіру міндеті қойылып отыр. Мұндағы мақсат – жер есебіндегі босалқы жерлер құрамындағы ауылшаруашылық өндірісін жүргізуге қолайлы жерлерді анықтап, оларды экономикалық айналымға қосу. Сонымен қатар, Жамбыл облысы аумағын дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған бағдарламасы бекітілді. Бағдарламаға сәйкес базалық мақсатты индикатор ретінде жылма-жыл 70 мың гектар ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерді қайта айналымға енгізіп отыруымыз керек. Осы айтылғандарды тиянақты жүзеге асыру үшін Елбасы жариялаған мораторий уақытын пайдаланып, жер мәселесіне қатысты толғағы жеткен жайттарды ой елегінен өткізіп алуымыз қажет. Қалай дегенде де, жердің игілігін халықтың көргені дұрыс. Осы тұрғыда Үкімет жанынан құрылатын комиссияға зор міндеттер жүктелетіні ақиқат. Ілияс ТОРТАЕВ, Жамбыл облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Жамбыл облысы