• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
07 Мамыр, 2016

«Шеврон» – маңызды серіктес

465 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Шеврон» компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы және бас атқарушы директоры Джон Уотсонмен кездесті, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі. Кездесу барысында Қазақстан мен «Шеврон» компаниясының мұнай және газ саласындағы ынтымақтастығы, бірлескен жобаларды жүзеге асыру, сондай-ақ, корпорацияның кенішті иге­руге қатысу аясын кеңейту мәсе­лелері талқыланды. Елбасы Қазақстан үшін «Шев­ронның» маңызды серіктес екенін атап өтті. – Біз етене жақын достармыз. Ынтымақтастығымыз өзара тиімді. Сіздің компанияны біз басқа мердігерлерге үлгі етеміз. Қазір күрделі кезеңді бастан өткеріп жатырмыз. Бұрын шикізат бағасы тым жоғары болғандықтан шалқып өмір сүрдік. Бүгінде баға әлдеқайда көңілге қонымды. Сондықтан, бізге жаңа бағамен және үлкен өндіріс көлемімен өмір сүріп үйрену керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Қазақстан Президенті «Шев­рон» ком­паниясының еліміз­де қызмет жасағалы бері бюд­жет­ке 113 миллиард доллар төле­геніне, сондай-ақ әлеу­меттік ин­фрақұрылымды жақсар­туға бағыт­талған бірқатар ау­қым­ды жобаларды жүзеге асы- рып жатқанына назар аударды. – «Теңізшевройл» қызмет­керлерінің 85%-ы – қазақстан­дықтар, барлық буын басшы­лары­ның 73%-ы – еліміздің аза­маттары. Бұл – басқа инвесторлар үшін жақсы өнеге, – деді Мем­лекет басшысы. Дж.Уотсон өз сөзінде елдегі қолайлы инвестициялық ахуалға қолдау көрсеткені және саланы дамытуға көңіл бөліп отырғаны үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты. – Мен қоршаған ортаны қор­ғау және өндірістегі қауіпсіздік мәселелеріне Сіздің зор көңіл бөлетініңізді білемін. Біздің кәсіпорын осы көрсеткіштер бойынша әлемдегі үздіктердің бірі. Биыл біз Теңіз кенішінде күрделі жөндеу жүргіземіз, одан кейін күкірт қалдығы қоршаған ортаға таралмайтын болады, – деді «Шеврон» компаниясының басшысы. Дж.Уотсон қазақстандық өнім үлесін ұлғайту компания қызметінің басымдығы бар бағыты болып қала беретінін, қазіргі кезде оның көлемі 20 миллиард доллар болып отырғанын айтты.