Оқырман
ұсыныс жасайды...Ардагерлер кеңесі қаржыландырылса
Айтайын дегеніміз, қандай бір дүбірлі мерекелік іс-шараларын өткізу барысында қаржыға тірелетін мәселелерде барлық деңгейдегі ардагерлер кеңестері қалталылар мен іскер азаматтардың қолдауына жалтақтап қараумен, солардан дәметумен болады. Бес саусақ бірдей еместігіндей, көмегін ұсына қойса жақсы ғой. Әйтпесе үнемі алақан жая берудің өзі қадірді қашырмай ма? Осы жағын ескере келіп, республикалық Ардагерлер кеңесіне ұсыныс жасағалы отырмыз. Жергілікті ардагерлер кеңестерін бюджеттен қаржыландырудың ретін табуға болмас па екен? Шағын штат бекітіп, аздап қаржы көлемін анықтап дегендей. Жасыратыны жоқ, кейбір жергілікті ардагерлер ұйымдары өз күштерімен офис жалдап та жұмыс істейді. Бірақ бұл оңайлыққа түспейтінін ұғынамыз. Қайткенде де жоғары органдар араласып, бір оңтайлы жолын қарастырса деген үмітіміз бар. Өз кезегінде ардагерлер ұйымдары Тәуелсіз еліміздің өркендеп, қуаттануы тұрғысында өз үлестерін қосып жүргенін көптеген жарқын мысалдардан аңғаруға әбден болады. Н. ДӘУЛЕТОВ, Сарыағаш аудандық ардагерлер кеңесінің хатшысы, Б. ШІРІНБЕКОВ, Сарыағаш қалалық ардагерлер кеңесінің хатшысы. Оңтүстік Қазақстан облысы.... талап етеді
Адал табысым рәсуа болды
Мен екінші топтағы мүгедекпін. 40 жыл үзіліссіз еңбек етіп, ең төменгі зейнетақы рәсімделді. Одан мүгедектікке беретін жәрдемақы көтеріңкі болып, соны қанағат тұтып жүрмін. Жиған-тергенімді «Валют-Транзит» банкіне салып отырған едім. Ол банкінің жайы белгілі. Басқарушылары темір торға тоғытылып, банк жабылып тынды. Соның есебінде азын-аулақ өсім ақшам қалған еді. Соны әне-міне береміз деп, сағызша созып келеді. Бұлай сан соғып қалған жалғыз мен емес, мыңдап саналады. Талай өтініш қағаз жазып, жоғарыға жөнелттік. Еш қайран жоқ. Мысымыз құрыды. Жетпістен асқан адамға тыныштық керек. Телміріп, құр үмітпен жүрудің өзі ауыр соққы біз үшін. Әділдік қашан үстемдік құратын болады? Осы тілегім жетер ме екен, тиісті орынға. Жоқтап отырғаным – маңдайақымның өтемі. Күнкөрістің қиындығынан қолыма еріксіз қалам алдым. Үміттіміз! Рахымжан БӨЛЕКБАЕВ, 2- топтағы мүгедек. Тараз.... пікірін бөліседі
Қырықтағы адам кәрі ме?
Жасыратыны жоқ, қоғамымызда жұмыссыздық бар. Онымен күрес жоғары билік тарапынан жүйелі жүргізіліп келе жатқанынан да хабардармыз. Бірақ бір демде бәріне жұмыс үлестіре қоюдың да қисыны келмейтінін түсінеміз. Осындайда жастар жағының селтеңбайға салынуы қинайды. Мамандығына сай жұмыс табу оңай емес. Ал жасы егде тартқандардың жайы тіпті асқынып тұр. Егде деймін-ау, кәдімгі қырықтағы қылшылдаған жігітіңнің өзін «кәрісің» деп, жұмысқа қабылдарда кеудеден итергенін естіп жүрміз. Дұрыс па, осы? Сонда жұмысқа 20-30-дағылар ғана қабылданар болса, басқалары не істеу керек? Нағыз ақыл тоқтатып, тәжірибесі байыған кезде қажетсіз болып қалудан өткен соққы бола қоймас, сірә? Елбасының өзі бір сөзінде, зейнет жасына келгендердің денсаулығы мықты болып, іскерлік қабілеті төмендемеген жағдайда, жұмысын жалғастыра бергені абзал деп айтып қалғанын өз құлағымызбен естігенбіз. Ендеше осы ойды ескерейік. Тағы бір айтарым, бастық өзгере қалса, сол орынға келуші командасымен сау ете қалады. Содан бұрынғыларды себепті-себепсіз қысқарту басталады. Өз ертпесін тығу керек қой... Осы келеңсіздікті тыйған жөн болар еді. Еркін ДӘУЕШҰЛЫ, зейнеткер. Астана.