• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
10 Мамыр, 2016

Жеңіс күнгі жеңіс

253 рет
көрсетілді

Қанат Ислам қарсыласын 6-раундта нокаутқа жіберді Кеше, 9 мамыр күні таңертең АҚШ-тың Флорида штатын­дағы Лейкленд қаласында жерлесіміз Қанат Ислам колумбиялық қарсыласы Хуан Де Анхельді 6-раунд­та техникалық нокаутпен жеңді. Сөйтіп, 21 ұры­сының бәрін жеңіспен аяқтауға қол жеткізді. Ол осымен өзінің 18-ші шайқасын мерзімінен бұрын бітіріп отыр. Қазақстандық спортсүйер қауым жерлестерінің бұл жекпе-жегін көптен асыға күтті. Мұ­ның жөні бар. Кәсіпқойлар рин­гіне ауысқанына 3,5 жылдай уақыт болған Қанат әлі элиталы топқа жақындай алмай ке­ле жатыр еді. Ал Premier Boxing Champions бокс шоуы шеңберінде ұйымдастырылған бұл айқас со­ған қа­­­рай нақты қадам бастырды. Осы жолы Қа­нат­тың кә­сіп­қойлар тобындағы шайқасы «Қазақ­стан» те­ле­ар­­насының тікелей эфирінен бірінші рет көрсетілді. Жекпе-жек алдында мақсаты өзінің жанкүйерлерін қуандыру болғанын жеткізген біздің бокс­шы салғаннан сол межеге жету үшін барын салды. Бірақ бұл бірден оңай бола кеткен жоқ. Бұған, шамасы, қарсыласының салмағы ауырлау, денесі де үлкен және қолдары ұзын болғаны айтарлықтай әсер еткен сияқты. Безбен ұрыс қарсаңындағы ресми өлшеу үдерісінде қазақстандық спортшының салмағы 152,8 фунт болса, қарсыласының 154,2 фунт тар­татынын көрсетіп берді. М­ұның үстіне, 28 жасар Хуан­ның кәсіпқойлар шаршы алаңы төсіндегі тәжірибесі 31-дегі Қанаттың тергендерінен төмен болмай шықты. Колумбиялық былғары қолғап шебері қазірге дейін 22 рет қарсыластарымен қолғап түйістіріп, солардың 18-інде мерейін үстем еткен екен. Бұдан бөлек, 3 кездесуді тең аяқ­тап, 1 ойында жеңіліске ұшы­раған. Ал нокауттары санын 17-ден қайырыпты. Демек, 1 ұрысты ғана ұпай санымен ұтқан. Осының өзі оның жойқын күштің иесі екенін білдіреді. Қанат Ислам 2010 жылы өзінің ата-бабалары мекені – Қазақстан жеріне тұрақты қоныс тебу үшін келеді. 2011 жылдың қаңтарында еліміздің азаматы болады. Ал 2012 жылғы қыркүйектен кәсіпқойлар рингінде шайқаса бастады. Ондағы бірінші шайқасын 28 қыркүйекте өткізді. Сол жылғы 19 желтоқсанда WBA Fedecaribe нұсқасы бойынша бірінші орта салмақта алғашқы атағына қол жеткізді. Тағы бір айта кететін жайт, Қанат кәсіпқойлар рингіне қа­дам басқалы «Қазақ» деген лақап атпен шайқастарға шы­ғады. Және оның құжаттағы аты-жөні де Қанат Ислам емес, Қанат Исламұлы. Ол дәл қазіргі таң­да BoxRec рейтингісінде 74 ұпай­мен 79-шы позицияда тұр. Бұл біздің боксшымыздың жоғары өрлей түсу үшін әлі талай тер төгуі керек екенін, сол арқылы бедел-деңгейлері жоғары шеберлермен көбірек шайқасуы тиіс екенін көрсетеді. Осы жылдардың бәрінде оған Бауыржан Оспанов есімді қазақстандық кәсіпкер ұдайы демеушілік жасап келеді. Боксшы көптен бері АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында тұрып, жат­тығып жүр. Енді Қанат Ислам мен Хуан Де Анхель арасындағы жекпе-жек жайына келейік. Шайқас алғашқы секундтардан біздің жерлесіміздің шабуылымен басталды. Ол бірден өршелене алға ұмтылды. Қолдары ұзын, тұлғасы зор қарсыласын өзіне бағындырудың, ырқына көндірудің, сөйтіп, тура соққылар жасай алудың бірден-бір жолы да осы еді. Алайда, Анхель жағ­дайдың бұлайша өрбуін алдын ала күткен сияқты. Ол Қанат­тың екпінін баса отырып, өзі де бірнеше жақсы соққы жасап үл­герді. Бұл кезде біздің бокс­шының ұтып шығатынына аса бір күшті сенім болған жоқ. Екінші раунд та осы ізбен кетті. Тағы да Қанат бірінші нөмірмен ойнаса, Хуан қарсы шабуылды көбірек діттеді. Ал үшінші кезеңде қазақ боксшысының қарқыны сәл бәсеңдеп кетті. Әйткенмен, бірнеше соққысы қарсыласына дөп тиіп, оны аздап теңселдіріп жібергендей болды. Келесі раундта Қанат жаттықтырушысының нұсқауымен белсенділігін бұрын­ғыдан да төмендетіп алды. Бірақ раунд соңында кенет жылдам айналымға түскен оның қуатты қарқыны колумбиялықты қатты састырды. Оны сұрапыл соқ­қылардан тек гонг даусы ғана аман алып қалды. Бесінші раунд та Қанаттың басымдылығымен өтті. Ал алтыншы раунд бәрінің нүктесін қойып берді. Қанаттың бір жойқын соққысы кенет ар­биған колумбиялықты жалпасынан түсірді. Одан ес жиып, енді ортаға келе бергенінде тағы бір соққы жерге отырғызып тастады. Содан Хуан есін дұрыс жия алмады. Мұны байқаған арбитр бірден жекпе-жекті тоқтатты. Бір айта кететін жайт, Қанат Ислам өзі ұтқан 15 ұрысты ал­ғашқы үш раундта бітірсе, соның 7-еуіне бірінші раундта қол жет­кізген еді. Сөз орайы келгенде, тағы бір жаңалықтың жайын айтып өтпекпіз. Мамырдың 8-і күні АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында 72, 6 кг салмақтағы мексикалық Сауль Альварес британиялық Амир Ханды 6-раундта нокаутпен ұтып, өзінің Бүкіләлемдік бокс кеңесінің (WBC) нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын қорғап қалды. Осыдан кейін оның өкілі Де Ла Хойя Геннадий Головкиннің промоутері Том Леффлерге шығып, жақын арада өз шәкірттерінің бір-бірімен қолғап түйістіру мүмкіндіктері туралы сөз қозғады. Тараптар шайқастың дәлме-дәл уақыты жөнінде алдағы күндерде келісімге келуге ұйғарым жасасты. Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»