Кеше, 9 мамыр күні Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 71 жылдығын мерекелеу аясында Астана және Алматы қалаларында «Мәңгілік полк» акциясы болып өтті. Шеру түрінде қанат жайған шараға Ұлы Жеңіске тағзым ететін, сол теңдессіз жеңісті әкелген аталарының өшпес ерліктеріне бас иетін жұртшылық қатысты.
«Мәңгілік полк» – соңғы жылдары Ұлы Жеңіс күні өткізіліп келе жатқан халықаралық қоғамдық марш-акция. Оның барысында колонна түзіп жүрушілер қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан жақындарының суреттері мен транспоранттар алып шығып, олардың рухтарын ұлықтай түседі. Акция бірінші рет 2007 жылы Ресейдің Түмен қаласында қолға алынған. Содан кейін бүкіл елді қамтып, бара-бара әлемнің көптеген елдеріне тарай бастады. 2013 жылы осы саптан Қазақстанның Семей, Екібастұз қалалары да табылды. Ал 2015 жылы жаһанның 15 елі акцияны қолдаушылар қатарына қосылды. Олардың легінде Ресейден бөлек, Қазақстан, Австрия, АҚШ, Әзербайжан, Беларусь, Германия, Израиль, Ирландия, Қырғызстан, Моңғолия, Норвегия, Украина, Эстония секілді елдер болды. Биыл бұл тізім Австралия, Аргентина, Болгария, Грузия, Италия, Канада, Катар, Мальта, ОАР, Сербия, Швейцария, Ұлыбритания мемлекеттерімен толықты. Жалпы саны 26-ға жеткен елдердегі 600 қалада өтетін акцияға 24 млн. адам атсалысты.
Астана қаласында биыл өткен шара 5 мың адамның басын біріктірді. Өткен жылы бірінші рет қолға алынған акция 1,5 мың адамның сапын түзген еді. Бұл ұлағатты ұрпақтар сапын елорда тұрғындары мен қонақтар өздерінің отбасы мүшелерімен, балаларымен бірге құрады. Қатысушылар «Astana mall» сауда, ойын-сауық орталығынан шығып, Тәуелсіздік даңғылы бойымен жүріп отырып, «Отан қорғаушы» монументіне дейінгі 1,8 шақырым жерді көктей өтті. Олар қолдарына Ұлы Отан соғысында қаза болған аталары мен әкелерінің портреттерін ұстап, соғыс жылдарындағы әндерді шырқады. Кеуделерін мақтаныш пен өрлік сезімі кернеген шерушілер соңынан аталмыш монументке гүл шоқтарын қойды.
Даңқты ерлердің рухтарына тағзым етуге арналған шапағатты шарадан Алматы қаласы да тыс қалған жоқ. Бұл күні оңтүстік астанада сорғалап жаңбыр жауып тұрды. Бірақ акцияға жалын қосушы әртүрлі жастағы жұртшылық өкілдері нөсердің төпеуіне қарамастан, «Астана» алаңына бір кісідей ұйымшылдықпен жиналды. Сол жерден шерушілер легі 28-ші панфиловшылар атындағы паркіне дейін жаяу жүріп жетті. Осы алқапта олар «Мәңгілік алауға» гүл шоқтарын апарып қойды.
Мұнда да шеру бойында жұртшылық қолдарына Ұлы Отан соғысына қатысқан әкелері мен аталарының, туған-туыстарының портреттерін зор мақтанышпен жоғары ұстап келе жатты. Ауған соғысы ардагерлерінің үйлестіруші кеңесінің төрағасы Мұрат Әбдішүкіров шараның биыл осымен үшінші рет өткізіліп отырғанын атап өтті. Ол сондай-ақ қатысушылар қатары жыл санап көбейіп келе жатқанына да назар аударды. «Бүгін бұл жерге Ұлы Отан соғысына қатысып, Отан үшін қан төккен ата-бабаларымыздың саналы ұрпақтары келді. Акция аға ұрпақтың ерліктері ешқашан ұмытылмайтынын, бүгінгі ұрпақтың бейбітшілікті, Қазақстаның өсіп-өркендеуін қалайтынын білдірді», – деді ол.
«Мына суретте менің атам бейнеленген. Ол соғысқа алғашқы күндерден алынып, 1945 жылғы Жеңіске дейін шайқасқан. Ол бейбіт заманда өмірден өтті. Мен бұл акцияға екінші рет қатысып жатырмын. Адамдарды осылайша Отанға деген зор сүйіспеншілік сезімнің біріктіріп жатқаны мені ерекше қуантады», – деді алматылық Александр Соколов.
Ұйымдастырушылардың айтуларынша, Алматы қаласында акцияға қатысушылар саны 20 мыңға жеткен.
Руслан ИГІЛІК