Кеше Астанадағы «Отан қорғаушы» монументіне Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығына орай салтанатты гүл қою рәсімі өтті. Салтанатты шараға Премьер-Министр Кәрім Мәсімов, Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев, Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов, Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова, Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов, соғыс және еңбек ардагерлері, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ, Ұлы Отан соғысында қаза болған қазақстандықтарды еске алу үшін жиналған елорда тұрғындары мен қонақтары қатысты.
«Отан қорғаушы» ескерткішіне гүл қою рәсімі Мемлекеттік күзет қызметі Президенттік оркестрінің орындауындағы музыкалық шығармалармен сүйемелденді. Соғыс кезінде және одан кейін де халыққа жігер беріп, рухани азық болған әуезді туындылардың орындалуы шараға қатысушыларды ерекше күйге бөледі. Жиналған қауымның жүзінен қуаныш пен толқыныс, ерекше мақтаныш сезімі анық байқалып тұрды. Осы күні «Отан қорғаушы» ескерткішіне 1 500-ге жуық гүл шоқтары қойылды.
Мерекелік шараға құрметті қонақ ретінде шақырылған Ұлы Отан соғысының 45 ардагеріне ерекше ілтипат көрсетілді. Өкінішке қарай, жыл өткен сайын елімізде соғысқа қатысқан, тылдағы еңбегімен Ұлы Жеңісті жақындатқан ардақты ардагерлер қатары азайып келеді. Осы орайда, жұртшылық, әсіресе, жастар жағы қаһарман ардагерлердің деніне саулық тілеп, олардың ерлігі мәңгілікке ел жадында қалатынын жеткізді.
Мерекелік жиын барысында Әнұран шырқалып, қан майданда ерлікпен қаза болған отандастарымыздың рухына тағзым жасалып, бір минут үнсіздік жарияланды.
Гүл қою рәсімі аяқталғаннан кейін шараға қатысқан қонақтар әскери түрлі тағамдардан дәм татты. Ал жеңімпаз ардагерлер арнайы шатырларда демалып, жергілікті әкімдік тарапынан сыйлықтар алды.
«Барлығы жақсы өтіп жатыр. Шатырдың ішінде ардагерлерге арнайы концерттік бағдарлама ұйымдастырдық. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы біздің жұмысымыздың басы-қасында жүрді. Үстел басында ізгі, жылы тілектер айтылды. Барлығын құттықтадық. Олар жақсылап тамақтанды. Майдан даласында өздеріне қуат берген сарбаз ботқасынан дәм татты. Арнайы сыйлықтар үлестірдік. 11 шатыр тігілді. Ардагерлерді қалай күтетініміз туралы арнайы жоспар құрылған болатын», – деді жиынды ұйымдастырушылар.
– Баршаңызды Жеңіс мерекесімен құттықтаймын! Зор денсаулық тілеймін, аман болыңдар, балаларым! Аспанымыз ашық, бейбітшілік болсын! Халқымыз бен елімізге игілік пен өсіп-өркендеу тілеймін! – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Рәтбай Медетбеков.
Ал ҰОС ардагері Әзімбай Майрықов: «Еліміз тыныш болсын. Халқымыз аман болсын. Халықпен бірге бәрің де аман болыңдар. Соғыс болмасын. Жастар өсе берсін!» – деп ақ батасын берді. Сол сияқты, бір топ тыл ардагері бүгінгі мерекенің мән-маңызын, сондай-ақ, еліміздің өсіп-өркендеуі ішкі бірлік пен ынтымақтың болуына тікелей байланысты екенін айта келіп, бүгінгі Қазақстанның ұстанған бағытынан жаңылмауын тіледі.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 71 жылдығын мерекелеу қарсаңында жергілікті атқарушы органдар ардагерлерді қолдау, оларға құрмет көрсету шараларының ауқымды жоспарын іске асыруда. 2016 жылға арналған жергілікті бюджетте ардагерлерге бір жолғы материалдық көмек көрсету үшін 2,6 млрд. теңге қарастырылған. Ал астаналық ардагерлер биыл 1 млн. теңгеден алады деп шешім қабылданған. Бұл – республика бойынша ең жоғары материалдық көмек.
Еске сала кетейік, 2016 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сүйенсек, Қазақстанда ҰОС-қа қатысқан 3668 ардагер, 146 342 тыл ардагері, 220 Ленинград қоршауын көрген азамат, 548 концлагерь тұтқыны тұрады.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Суреттерді түсірген
Ерлан ОМАРОВ