құрметпен еске алынып, рухына тағзым етілді
Моңғолияның астанасы – Улан-Батор қаласында Моңғолияның атақты қазақ ұшқышы, Моңғолия әуе күштерінің бас қолбасшысы, генерал-майор Мүдәріс Зайсановты еске алуға арналған шара өткізілді. Оны Қазақстанның Моңғолиядағы елшілігі Отан қорғаушы күніне орай ұйымдастырды.
Шара батырдың бейітіндегі құлпытасқа гүл шоқтарын қоюдан басталды. Рәсімге Қазақстан Республикасының Моңғолиядағы елшісі Қалыбек Қобландин, Моңғолия Парламентінің депутаттары Тілейхан Алмалық, Бәкей Ағыпар, жазушы, Моңғолияның белгілі қоғам қайраткері Сұлтан Тәукейұлы және Моңғолияның еңбек сіңірген ұшқышы, отставкадағы подполковник Тәштуан Төтейұлы қатысты.
Мүдәріс Зайсанов – Моңғолия қарулы күштерінде қызмет атқарып, генерал-майор дәрежесіне дейін жеткен. Ол 1910 жылы қазіргі Шығыс Қазақстан облысына қарасты Зайсан өңірінде туған. Ал 1920 жылдары оның 10 жасында ата-анасы Моңғолияға қоныс аударған. Болашақ даңқты ұшқыш 1932 жылы Орынбор ұшқыштар даярлайтын училищесін бітірген. Ол екінші дүниежүзілік соғыстың алдында Халхин-Гол шайқасына қатысып, теңдессіз ерліктің үлгісін көрсеткен. Осы үшін Моңғолия мен Кеңес Одағының ең жоғарғы наградаларының бірі – «Қызыл ту» орденімен марапатталған. Ал 1942 жылы генерал-майор шенінде Моңғолия Әуе әскерлерінің бас қолбасшысы лауазымына тағайындалған.
Генерал Мүдәріс Зайсанов 1967 жылы 57 жасында Улан-Батордың әскери госпиталінде қайтыс болған.
Мұрат АЙТҚОЖА