Оңтүстік Қазақстан облыстық сотының ұжымы Ұлы Отан соғысының ардагері, Қазақстан Республикасының құрметті судьясы Айтжан Бекназаров ақсақалды Жеңіс мерекесімен құттықтады.
Сот ұжымы қарт майдангерді соғыс және еңбек ардагерлерінің есімі жазылған Даңқ тақтасының жанында қарсы алып, ескерткішке гүл шоқтарын қойды.
Күндей күркіреп өткен соғыстың бел ортасында болған Айтжан ақсақал кешегі қарулас достары туралы естеліктер айтты. Даңқ тақтасына есімі алтын әріппен жазылған ардагер судьялардың екеуі Кеңес Одағының Батыры екендігін еске алды.
Салтанатты шарада этномәдени бірлестіктердің өкілдері де өз құттықтауларын жеткізді.
– Біз көрген сұрапыл соғысты кейінгі ұрпақ көрмей-ақ қойсын, – деді Айтжан ақсақал. – Еліміздің Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев адамзат баласын ауыр зардапқа ұшырататын ядролық қаруды таратпау жөнінде дүниежүзінің басшыларына үндеу жариялады. Өйткені, ендігі соғыста жеңімпаздар болмайды.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстанымыз дәуірлей берсін. Жүзге аяқ басқан абыз ақсақалдың тілегі осы.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан»
Оңтүстік Қазақстан облысы