Ақтөбеліктер Ұлы Жеңістің 71 жылдығын кең көлемде атап өтті. Мерекелік салтанаттың басты шарасы «Мәңгілік алау» алаңында ұйымдастырылды.
Мұнда соғыс және еңбек ардагерлері, ақтөбеліктер, қаладағы әскери бөлімдердің және күш құрылымдарының жеке құрамдары мен Талғат Бигелдинов атындағы әуе күштері әскери институтының курсанттары, жастар жиналды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ұлы Отан соғысы және еңбек ардагерлерімен жеке-жеке амандасып шықты,Ұлы Жеңістің 71 жылдығымен құттықтады.
– Соғыс қаншама боздақтың өмірін қиды. Отан қорғауға 122 430 жерлесіміз қатысқан екен. Осы қан-қасап майдан даласынан оралмағандардың 38 мыңы – ақтөбеліктер. Ұлы Отан соғысында 35 ақтөбелік Кеңес Одағының Батыры, 9 жерлесіміз «Даңқ» орденінің толық кавалері атанды. Сіздердің ерліктеріңіз бен тылдағы еңбектеріңіз кейінгі ұрпаққа өнеге. Біз сіздердің алдарыңызда мәңгілік басымызды иеміз, – деді Бердібек Мәшбекұлы.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кеңес Бірманов соғыс ардагерлерінің Елбасы мен өңір басшысының қамқорлығына алынып, ұдайы қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді. Шараға қатысушылар қаза болған майдангерлерді бір минут үнсіздікпен еске алды, үш дүркін салют берілді.
Мерекелік салтанат ақтөбелік өнер шеберлерінің мерекелік концерттік бағдарламасына ұласты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
АҚТӨБЕ