АСТАНА. 10 мамыр. Бүгін футболдан Қазақстан премьер-лигасының 10-турының соңғы үш ойыны ойналды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
«Астана» (Астана) – «Ақжайық» (Орал) 2:0
Голдар: Таңат Нөсербаев 45, Патрик Твумаси 48.
«Астана» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті. Нәтижесінде қайтадан турнир кестесінде бірінші орынға жайғасты. Алғашқы таймның соңында, яғни, 45-минутта елордалықтардың капитаны Таңат Нөсербаев бұрыштан асырылған допты қақпаға дәл бағыттап, есеп ашқан болатын. Ал екінші таймның басында, нақты айтқанда, 48-минутта Патрик Твумаси екі бірдей қорғаушының ортасынан сытылып шығып, әдемі голдың авторы атанды. Осылайша, Станимир Стойловтың шәкірттері биылғы маусымдағы 9-жеңістеріне қол жеткізді.
«Тобыл» (Қостанай) – «Қайрат» (Алматы) 1:2
Голдар: Томаш Шимкович 8 (пенальти) – Жерар Гоу 13, 56.
Қостанайда өткен жергілікті «Тобыл» мен Алматының «Қайраты» арасындағы кездесу де тартысқа толы болды. Ойынның бар болғаны 8-минутында алаң иелері сапынан Томаш Шимкович пенальтиден есеп ашып, командасын алға шығарды. Алайда, «Қайраттың» өткен маусымдағы үздік мергені Жерар Гоу 13 және 56-минуттарда екі бірдей нәтижелі соққы жасап, дубльдің авторы атанды. Осылайша, алматылықтар маусымдағы 4-жеңістерін тойлады.
«Жетісу» (Талдықорған) – «Оқжетпес» (Көкшетау) 1:4
Голдар: Марко Симоновски 78 – Марат Хайруллин 2, 90+4, Серж Срепин 32, Жасұлан Молдақараев 59.
«Жетісу» – «Оқжетпес» матчы да турдың тартысты ойындарының бірі болғаны сөзсіз. Әзірге маусымның басты жаңалығы болып тұрған көкшетаулықтар қарсыластарын 4:1 есебімен жеңіп, қайтадан турнир кестесіндегі үздік үштіктің қатарына қосылды. Кездесуде көкшетаулықтардан Марат Хайруллин екі мәрте және Серж Срепин мен Жасұлан Молдақараев бір-бірден мергендіктерімен көзге түсті. Ал талдықорғандықтар сапынан Марко Симоновскидің мерейі үстем болды.
Айта кетейік, кеше премьер-лиганың 10-туры аясында үш кездесу өтті. Ол ойындардың нәтижелері туралы мына жерден оқи аласыздар.
10-тур ойындарының қорытындысы бойынша турнир кестесі
Үздік мергендер:
Роман Мұртазаев («Ертіс») – 7 гол;
Гогита Гогуа («Ертіс») – 4 гол;
Азат Нұрғалиев («Ордабасы») – 4 гол,
Жерар Гоу («Қайрат») – 4 гол.
11-тур ойындары 14-15 мамыр күндері ойналады. Аталған турдағы қарсыластар реті төмендегідей:
14 мамыр
«Тараз» – «Ордабасы»
«Шахтер» – «Ақтөбе»
15 мамыр
«Ақжайық» – «Жетісу»
«Атырау» – «Астана»
«Қайрат» – «Ертіс»
«Оқжетпес» – «Тобыл».
Еламан Қоңыр.
Дерек: egemen.kz.
Фото: vk.com.