• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Мораторий – мәміленің мәртебелісі

339 рет
көрсетілді

Жер кодексін қайта саралауға мүмкіндік туғызды Соңғы бірер күннің бедерінде елімізде қозғалып жатқан тақырыптардың ішіндегі ең маңызды да сүбелісі Жер туралы кодекске енгізілген өзгерістерге қойылған мораторий болып тұр. Сәуір айының ортасы ауа әртүрлі алып-қашпа әңгіменің арқауына айналып, бертін келе тақырыбы біраз ширай түскен бұл шетін мәселеге қашаннан салиқалы саясаттың, байырқалы байламның адамы ретінде көрініп жүрген Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзі араласты. Ағымдағы жағдай Елбасын осындай шешім қабылдауға қадам бастырды. Сонымен, Кодекстің кейбір баптарына тоқтау салынды, екі министр қызметінен кетті, жаңа министрлік құрылды. Не дегенде де, осы аралықта тізгінді дереу қолына алған Елбасы тағы да тығырықтан шығатын тура жолды дер кезінде тауып кетті. Осылайша аталмыш құжаттың талай жұрттың күмәнін туғызып, таласын қыздыра бастаған баптар мен тармақтарды қайтадан пысықтап қарап шығуға, тараптардың өз ойларын ортаға салып, бір мәмілеге келулері үшін табаны күректей жарты жыл мерзім берілді. Бірақ мұны Кодекстегі өзгерістерді толайым алып тастау үшін берілген мерзім екен деп қабылдауға әсте болмайды. Бұл кезең, керісінше, осы мезгілге дейін жұртқа жете жеткізілмеген жайттардың жайын аша түсуге, көпшілік арасындағы түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізуге, өзгерістердің артықшылықтарын дәлелдеуге арналуы тиіс. Жер – қай халықтың да, оның ішінде қазақ халқының ең жанды жері. Өйткені, ол – адамзаттың планетадағы ең құнды қазынасы, ең үлкен байлығы. Адам баласы сондықтан да осы заманға дейінгі барша саналы ғұмырын ұлтарақтай жер үшін күресумен өткізіп келеді.  Өйткені, Жер – тіршіліктің, молшылықтың, мем­лекеттіліктің негізі. Тарихшылардың дере­гіне сәйкес, соңғы 5 000 жылдың бедерінде Жер жүзі 5 мыңнан астам алуан сипатты соғысты бастан кешкен екен. Дегенмен, мәселенің мәні тап осы қыр­қыс­тардың нақты санында емес, бәрі­бір көптігі көрініп тұрған олардың денінің жаңа жер телімдерін басып алуға ұмтылу мен бұрыннан барларын сақтап қалу мақсатынан туындағанында. Небір жер қайысқан қалың қолды бастаған қолбасшылардың түн қатып, суыт жүріп, жойқын жорықтарға шыққандағы көз­деге­ндері де жанға жайлы мекен, жаңа жер іздеумен байланысты болған. Жер мәселесі мейлінше маңызды. Егер ол соншалықты маңызды болмаса, 1917 жылы большевиктер уақытша өкіметті құлатып, өз билігіне қол жеткіз­ген кездегі ең алғашқы қабылдаған құжат­тары есебінде Жер туралы декретті дүниеге келтірмес еді. Ал жер кеңістік пен территория ретінде халық пен мем­ле­кеттің тағдырында айрықша мәнді рөл атқарады. Жер – қашаннан табиғаттың аса маңызды ресурсы, қоршаған ортаның нақты нысаны және экологиялық өзара байланыс жүйесінің елеулі элементі болып саналады. Сол себептен де Қазақстан тәуелсіздік алған әдепкі елең-алаң кездерден бастап өзінің іргесін нықтап, шебін бекітіп алуға барынша жауапты көзқараспен қарады. Соның нәтижесінде кешегі кеңестік рес­публикалар арасынан бірінші болып көршілермен шекара белдеулері бойында делимитация жасау шараларын аяқтады. Бізде қазір қоңсылармен бұл тарапта талас пен дау туғызып отырған қарыс қадам жер жоқ. Осы кезеңде Елбасының тікелей араласуымен 8 жыл бойына жүргізілген жұмыстардың табысты қорытындысы ретінде 14 мың шақырымға жуық шекара шебін заңдастырып алдық. Бұлардың 7 200 шақырымы Ресеймен, 2 150 шақырымы Өзбекстанмен, 1 740 ша­қы­рымы Қытаймен, 1 050 шақырымы Қыр­ғызстанмен, 400 шақырымға жуығы Түрікменстанмен екі ортадағы шекараға қатысты түйінді түйткілдерді шешіп алуға қызмет етті. Сөйтіп, ата-баба­лары­мыздың ақ найзаның ұшымен, сом білек­тің күшімен қаншама ғасырлар бойы қорғап келіп, кейінгі ұрпаққа ама­натқа қалдырып кеткен қасиетті жерін тұтас қалпында ұстап тұруға бағыт­тал­ған баянды алғышарттар үлкен абырой­мен жасалды. Осылайша төрткіл дүние­нің төрт бұрышынан тұрақты дос, сенім­ді серіктес, айнымас әріптес, көңілі кіршік­сіз көрші тапқан еңселі еліміз кемел ке­ле­шек­ке қарай аршынды қадам баса бастады. Қазақта байырғыдан келе жатқан: «Жер тағдыры – ел тағдыры» деген қанатты сөз бар. Мұны біздің халқымыз арғы замандарда ел тұтастығының тағ­дыры таразы басына түскен Тоқтамыс пен Едігенің, әз Тәуке мен Абылайдың тұстарында талай мәрте сезініп, оның салған салдауыр салмағын әрдайым талша мойнымен көтере білген. Баба­ларымыз Қыдыр қонып, құт дарыған осынау ұшқан құстың қанаты талатын кең байтақ атырапты сол себепті де көздің қарашығындай қорғап, біздің дәуірімізге дейін аман-есен жеткізген. Осы ретте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқан: «Жерден өткен байлық жоқ: жер болса – ел болады, ел болса – ер болады», деген тұжырымы еріксіз ойға оралар еді. Сондай-ақ, Елбасы 2002 жылғы 16 сәуірде Қазақстан халқына арналған Жолдауында былай деген еді: «Керек десеңіз, жерге деген меншік – оны абаттандыруға, өз балаларына шұрайлы қалпында мирас етуге деген ынта-ықылас. Иесіз жер жетім. Экологиялық апатқа алдымен ұшырайтын да сол иесіз жер. Қазақстан жағдайында жерді нарық айналысына қосу дегеніміз – пайдаланылмай жатқан орасан зор ресурстарды экономикаға қосу деген сөз...» Шынында да біз бүгінде осынау жеріміз арқылы баймыз, осы жеріміздің арқасында ел болып отырмыз. Бұған қоса, ауқымы 271 287 мың гектар алқапты құрап, әлемде көлемі жағынан 9-орын алатын Қазақстан жерінің қойнауы толған қазба байлық болып шықты. Қазақ жерінің асты да, үсті де кенге толы. Әйткенмен, жер астының қазынасына ғана иек артып, қол қусырып отыра берудің түбі қайырлы бола бер­мейтінін қазіргі әлемнің тәжірибесі айқын көрсетіп жүр. Сондықтан да жаһан жұрты көшуді әлдеқашан бастап кеткен нарықтық қатынастар заңдылығына бағынбасқа болмайтынын уақыттың өзі білдіріп отыр. Енді жақын және алыс болашақтарда елдің әлеуметтік-эконмикалық жағынан қарқындап дамуы осы жер ресурстарын сапалы да тиімді пайдалануға, терең ойластырылған жер саясатын дұрыс жүргізуге тікелей байланысты екені ешбір күмән тудырмайды. Сондықтан, соңғы кездері біздің елімізде жер мәселесін түбегейлі реттеуге, жерді пай­далану жөніндегі тәртіпті бір жүйеге келтіруге айрықша мән беріліп келеді. Осының бәрі, біле білсек, біздің ортақ мекеніміз, ата жұртымыз болып отырған қасиетті қазақ жерінің алдағы тағдырын ойлағандықтан туып, оның кемел келе­шегіне жан ашығандықтан шығып жатқан шарапатты шаралар болып табылады. «Алма, піс, аузыма түс!» дейтін күндердің кері қарай кетіп бара жатқанын дер кезінде ұғынғандықтан қолға алынатын шаруалар болып есептеледі. Нарық­тық қатынастар дәуірінде жер танаптарын айналымға жібермей, босқа жатқызып қою – адамның өзіне өзі жа­саған қысастығы мен қылмысына тең. Мұны жақсы түсінген көрші Ресей мемлекеті өздерінің Қиыр Шығыс аума­ғындағы жерлерін игеруге тілек біл­діруші отандастардың бәріне жақын ара­лықтан бастап 1 гектар жерді тегін беруге ұйғарым жасады. Бұл да еріккеннен туған шешім емес. Мұндағы мақсат көп жылдардан бері адам қолы тимей, тусырап жатқан тұмса алқаптарды ауыл шаруашылығы өндірісі үшін қызмет ететін берекелі аймаққа айналдыру болып отыр. Осы арқылы кейінгі жылдары адам саны азайып бара жатқан өңірлерді қайта жандандырып, оларды елдің азық-түлік өнімдері қауіпсіздігін арттыруға, жан-жақтан қысып жатқан экономикалық дағдарыс пен түрлі санкцияларға қарсы күреске пайдалану міндеті көзделіп отыр. Егер жер телімі бес жыл ішінде игерілмесе қайтарылады, игеріп, жайната алса, жөн басқа. Бірақ, табиғаты аса қатал аймақтағы тусыраған далаға кім бара қояды, ол да беймәлім. Оның жанында бір тілім жер болса да сатып беретін Қазақстанның жағдайы нарықтық қатынас талаптарына бір табан жақын тұр. Ал осы әрекеттердің бәрінің арғы жағында мәжбүрлік жатыр. Себебі, осы кезге дейін игерілмей бос жатқан жерлерді қазір жеделдетіп қолға алмасақ, ертең кеш болып қалуы мүмкін. Дүние жүзінің ғалымдары алдағы 30-40 жылдың шамасында Жер бетінде азық-түлік пен ауыз судың тапшылығы қатты білінетінін, планета халқының кемінде 40 пайызы сол тұста нағыз аштық пен шөлге тап келетінін қазірдің өзінде дабыл қағып, айтып келеді. Бұл шырқыраған дауыстың арғы астарында шынайы шындық тұр. Міне, сондай қиын күн келген кезде жер қауып отырып қалмас үшін де біздің осы кезден бастап жерімізді тиімді пайдалана білуге бейімделе беруіміз керек те шығар. Ең бастысы, бізде егістік алқаптар мен мал басын еселеп көбейтуге және ең бас­тысы артық өнімді көршілес алып елдерге саудалауға, алып та қуатты аграрлы елге айналуға мүмкіндік туып тұр. Соны уыс­тан шығарып алмау керек. Өзгерістер осы мақсатты да көздеген еді. Өкінішке қарай, оны ешкім таратып, талдап айтқан жоқ. Мамандардың пікірлерінше, бүгінгі аграрлық сектордың тиімділігін еселеп арттыра түспей, мемлекеттің тұрақты дамуы мен оның азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің ешбір реті келмейді. Қоғамның әлеуметтік әл-ауқатының негізі болып табылатын бұл мәселеге қазір әлемнің барлық дамыған елдері түгел бет бұрды. Олардың ауыл шаруашылығына жаппай назар аудара бастауы тектен-тек емес. Алпауыт мемлекеттер осы тұста өз нарықтарын сыртқы ықпалдан қорғау үшін дәл осы ауыл шаруашылығы өнімдері саласында мейлінше қатаң протекционистік шараларды ұстану­ды қолдап отыр. Осы ретте халқының 42 па­йызы ауылдық жерлерді мекен ететін елі­мізде ауыл шаруашылығының жұртты жұмыспен қамтуда, олардың ауыл шаруа­шылығы өнімдерін сату мен оларды өңдеуге араласуларында алатын орны да орнықты болмақ. Ауыл шаруашылығы жеріне жекеменшік енгізген заңның қабылданғанына 13 жылдан астам уақыт өтсе де жердің 1,3 пайызы ғана жеке отандастарымыздың қолына өткен. Ойланатын жайт. Сондықтан да Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның 2050 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарында әлемнің азық-түлік нарығында көшбасшылар қатарынан табылуы үшін аграрлық секторды ауқымды түрде жаңғырту міндетін алға қойған болатын. Ал Қазақстанның зор әлеуетінің арқасында осы міндетті іске асыруға толық мүмкіндік бар. Елімізде ауыл шаруашылығы бағытындағы жерлердің белсенді нарықтық айналымын қамтамасыз ету мен оны жасаушыларды ынталандыру, жер қорының экономикалық қайтарымын арттыру мақсатында 2015 жылғы 2 қарашада қабылданған Жер кодексіне өзгерістер мен толықтырулар осы мүмкіндікті арттыра түсетін болады. Шынында да Кодексте жердің шетелдіктерге сатылатыны туралы ештеңе айтылмаған. Онда тек жердің меншік иесі болуы керектігі, оның дұрыс пайдаланылуы үшін Қазақстан азаматтарына жерді жекешелендіру мүмкіндігін беру ғана қарастырылған. Осылайша жердің иесіздікке ұшырауынан, қурай мен қамыстың астында қалып, түсініксіз мақсатта пайдаланылмай қалуынан сақтану шаралары алға тартылған. Өкінішке қарай, тиісті ведомст­волар мен мамандар тарапынан ауыл­шаруа­шылық тауарларын өндіру­шілер үшін мемлекет тарапынан жасалатын қолдаудың пәрменді шарасы болғалы тұрған осы өзгерістердің жайын жалпы жұртшылыққа түсіндіріп беру жағы оншалықты жетісе бермеді. Мұны Елбасы үстіміздегі жылғы 5 мамыр күні өзекті мәселелерге арналып өткізілген оты­рыстың барысында барынша ашық айтты. Соның ішінде осы мәселені барша халыққа жеткізу тапсырылған Ұлттық экономика және Ауыл шаруашылығы министрліктері сенім биігінен көріне алмады. Басқасын айтпай-ақ қояйық, осы күндерде республиканың бас газеті – «Егемен Қазақстанның» тілші­лері екі министрліктің де жауапты қыз­мет­керлерінен өздерін толған­ды­рып жүрген сұрақтардың бірде-біріне нақты жауап ала алмады. Біздің қызметкерлеріміздің қандай да бір сауалдарына ондағы мамандар Жер кодексіне қатысты түсіндірме материалдардың министрліктер сайттарына ілініп тұрғандарын алға тартып, тура көтерілген мәселелерге түсіндірме беруден жалтарумен болды. Ал енді бұрынғы ауыл шаруашылығы министрінің парақ­шасында Австралиядағы жер жағдайын бізбен салыстырған екен, мәңгі жасыл құрлық пен қыста 40 градус, жазда да 40 градус болатын біздің жерді қатар қою қисынды ма? Мұны газетке қалай береміз? Тегінде Елбасы екі министр­лік­тің де осы аса маңызды науқан кезін­де мә­селеге соншалықты жүрдім-бардым қа­рап, міндеттерін орындауда нем­кетті­лік көрсеткенін бірден тап басып танып отыр. Осы күндері Жер туралы кодекске енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға орай толқып, өздерінің наразылықтарын білдірген жұртқа да кінәрат қоя алмайсыз. Президенттің өзі осыған орай: «Егер жерге дәл осылай көңіл бөлінетін болса, бұл біздің халқымыз өз жерін қасық қаны қалғанша қорғайтынын көрсетеді», – деп өте орынды түйін түйіп өтті. Бірақ, оларға кезінде мәселенің мән-жайын тарқатып айтып беретін білікті маман табылмағаны бәрімізді қынжылтты. Ал осы міндетті жү­зеге асыру жүктелгендер арасынан Ел­басы сияқты: «Ауыл шаруашылығы жер­лерін шетел азаматтары мен компания­ларына сату туралы мәселе жоқ, ол тіпті тал­қыланбайды да. Бұл тақырыптың төңі­регіндегі алыпқашпа әңгіменің бәрі негіз­сіз. Біздің мақсат – ауыл шаруашы­лы­ғы­­мен айналысатындарға жекемен­ш­ігі­не жер алу мүмкіндігін беру. Егер олар жерге иелік ететін болса, оны күтіп-бап­тап, қадірлейтін болады. Жер – ата-бабамыздан мұраға қалған біздің басты бай­лы­ғымыз», – деп бәрін түсінікті түрде ашық жайып салатын қайраткер табылған жоқ. Сондықтан, Президент ең соңғы сәтте: «Мен енді мынадай шешім қабыл­даймын: Жер кодексінің қоғамдық резонанс тудырған бірқатар нормалары, нақты айтқанда, былтырғы енгізілген төрт норманы күшіне енгізуге мораторий жариялаймын», – деп мәлімдеді. Ол сонымен бірге, бұл мәселені қайта талқылайтын, пысықтайтын арнайы комиссияның құры­латынын айта келіп, тиісті жауапты лауа­зымды тұлғаларға алдымен жағдайды егжей-тегжейлі қарап, халыққа түсін­діріп, Парламентпен бірге шешіп алуды тапсырып, содан кейін іс оңдалғанда барып мораторийдің алынатынын атап өтті. «Халыққа ұнамайтын заңның керегі жоқ», – деп ашығына көшті Нұрсұлтан Назарбаев осы әңгіменің желісінде одан әрі. Бірақ, халыққа нақты мәселені толық жететіндей етіп түсіндіру керек. Бұл жерде мораторий алынғаннан кейін ауыл шаруашылығының қандай артық­шы­лықтарға ие болып, қандай сипат ала­тыны да ұғынықты тілмен жеткізілуі керек. Шын мәнінде ауылдың жайын ауыл шаруашылығы саласында еңбек ететін­дерден артық білетін ешкім жоқ. Сон­дық­тан, бәрін безбен басына сала келіп, шешімді сөздерді де солар айтуға тиіс. Мәртебесі биік мораторийден кейін біздің көңілге түйгендеріміз осы болды. Еркін ҚЫДЫР, «Егемен Қазақстан»