• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Қарыз алу – қаржы теңгерімін сақтайды

435 рет
көрсетілді

Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетовтің төрағалығымен палатаның жалпы отырысы болып, онда бес мәселе қаралды. Соның ішінде Қазақстанның Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкінен (ХҚДБ) қарыз алу туралы келісімін ратификациялау жөніндегі заң жобасы депутаттар тарапынан қызу талқыланды. Заң жобасы туралы баяндама жасаған Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуына қарағанда, ХҚДБ-дан 1 млрд. АҚШ доллары көлемінде қарыз алу туралы келісімге ағымдағы жылдың 1 ақпанында Президенттің Жарлығымен қол қойылған. Аталған қарыз 2016 жылғы бюджет тапшылығын қаржыландыруға бағытталатын болады. Соның ішінде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі басымдықтарын қолдауға және Үкіметтің экономиканы ынталандыруы мен оның өсуіне жәрдемдесу жөніндегі стратегиялық шараларының орындалуына мүмкіндік береді, деді министр. Одан әрі Б.Сұлтанов қарыздың қайтарылу шарттары туралы айтты. Соның ішінде 2,5 жылдық жеңілдетілген кезеңді қоса алғанда, 20 жыл өтеу мерзімімен берілетіндігі атап көрсетілді. Қарызды өтеу республикалық бюджет қаражаты есебінен іске асырылатындығы да жеткізілді. Аталған қарыз бекітілген бюджет тап­шы­лығы жағдайында макроэкономикалық тұрақтылықты және мемлекеттік қаржының теңгерімділігін, оның ішінде бюджеттік бағдарламаларды уақтылы қаржыландыруды қамтамасыз ету мақсатында маңызды болып табылады. Депутаттар елдің халықаралық банктерден қарызды көп алатынына алаңдаушылық білдіретінін сездіріп, министрге сұрақты жау­дырды. Соның ішінде қарыз жекеменшік бизнесті қаржыландыруға жұмсалмай ма, ІЖӨ-нің белгілі мөлшерінен алынған қарыздардың үлесі асып кетпей ме? – деген секілді сұраулар да болды. Сұрақтардың бәріне министр байсалды жауап беріп, бәлендей алаңдаушылық жоқ екеніне сендірді. Сонымен қатар, қарыз алу үшін де мемлекеттің экономикалық мүмкіншілігі жоғары болуы шарт екендігі көлденең тартылды. Белсенді талқылаулардан кейін заң жобасы мақұлданды. Күн тәртібіне шығарылған қалған мәселелер түрлі заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге арналды. Соның ішінде ЕАЭО мүшесі болғандықтан, Армения Республикасының ұйым шеңберінде жасалған дәрілік заттар айналысының, сондай-ақ, медициналық бұйымдар айналысының бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімдеріне енуі туралы хаттамаларды ратификациялау туралы заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеуге Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы М.Әшімбаев комитеттің әзір екендігін айтты. Сонымен қатар, осы комитет кейбір заңнамалық актілерге қорғаныс және әскери қызмет бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына да қорытынды әзірлеуге дайын екендігі жеткізілді. Жалпы отырысқа ұсынылған тағы бір мәселе – кейбір заңнамалық актілерге бәсекелестік мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша қорытынды әзірлеуге Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Роман Скляр комитеттің дайын екендігін таза мемлекеттік тілде жеткізіп, тыңдағандарды біршама серпілтіп тастады. Өз тілін білгісі келмейтін кейбір депутаттардың бастарын төмен салбыратып қалғандарын монитор журналис­терге анық көрсетті. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»