Парламент Мәжілісінің Төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов ел Парламенті Сенатының шақыруы бойынша Қазақстанға ресми сапармен келген Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Федерация Кеңесінің Төрайымы Валентина Матвиенко бастаған делегациямен кездесті, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі.
Тараптар екі мемлекет президенттерінің салиқалы саясатының арқасында қарқынды дамып келе жатқан Қазақстан мен Ресей арасындағы стратегиялық әріптестік жайына айрықша назар аударды. Кездесу барысында Еуразиялық экономикалық одақ мәселесі әңгіме өзегіне айналды.
Мәжіліс Төрағасы Қазақстанның осы жылы ЕАЭО-ға төрағалық ететінін алға тартып, Қазақстан Президентінің 2016 жылды «ЕАЭО-ның үшінші елдермен және маңызды интеграциялық бірлестіктермен экономикалық қатынастарды тереңдету жылы» деп жариялау ұсынысын жеткізді.
Өз кезегінде В.Матвиенко Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылығымен құрылған Еуразиялық экономикалық одақ бағытында Ресейдің Қазақстанмен толықтай ниеттес екендігін, экономикалық байланысты тереңдету жылы ретіндегі ұсыныс ынтымақтастықты күшейткісі келетін елдерге дер кезінде жасалған белгі екендігін айтты. Және де мәртебелі мейман біздің еліміздің төрағалығы аталған одақ жұмысына тың серпін беретіндігіне сенімді.
Сонымен қатар, халықаралық парламентаралық байланыс жайы да тараптар назарынан тыс қалмады. Осы ретте ТМД Парламентаралық Ассамблеясының елдер арасындағы модельдік заңдарды үйлестірудегі маңызын сөз еткен В.Матвиенко осы жолда Қазақстан Парламенті депутаттарының да үлесі зор екендігін, бұл жұмысты одан әрі белсенді жалғастыру керектігін айтты.
Ал парламентаралық ықпалдастық жайына келсек, Мәжілісте Ресей Федерациясымен ынтымақтастық жөніндегі топ, сондай-ақ, Ресей Федерациясы Федералдық Жиналысы Мемлекеттік Думасымен палатааралық парламенттік комиссия жұмыс істейді.