• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
12 Мамыр, 2016

Арқа батырын алақанға салды

270 рет
көрсетілді

Кеншілер астанасында айтулы оқиға болды. Бұл күні К.Станиславский атындағы орыс драма театрында Мемлекет бас­шысының Жарлығымен әскери борышын атқару үстінде көр­сеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін «Халық қаһарманы» атағы берілген Ұлттық ұлан «Орталық» өңірлік қолбас­шы­лы­ғының штаб бастығы – 6505 әскери бөлімі командирінің бірінші орын­басары Қайрат Үмбетовке лайықты құрмет көрсетілді. Қаһарманға қошемет көрсетілген салтанатты шараға Қарағанды об­лы­сының әкімі, Ұлттық ұлан мен «Орта­лық» өңірлік қолбасшылығының бас­­шы­лығы, әскери бөлімдердің коман­дирлері, күштік құрылымдардың жетекшілері, генералдар мен сардарлар және сарбаздар қатысты. «Қазір менен «Мұндай жоғары награда алғанда қандай сезімді бастан кештің?» деп жиі сұрайды. Біріншіден, өмірге жолдама берген, бүгінгі күнде өзім қызмет етіп жүрген Ұлттық ұланға деген мақтаныш сезімі кеудені кернейді. Бұл – біздің бригаданың, өңірлік қолбас­­шылықтың, жалпы алғанда, Қазақ­стан Республикасы Ұлттық ұланы әскерлерінің жеке құрамының награ­дасы!» – деп ағынан жарылды Қайрат Жарылқасынұлы салтанатты шарада. Қатардағы жауынгерді ажалдан құтқарып қалған Халық қаһарманын алғашқы болып облыс әкімі Нұр­мұхамбет Әбдібеков құттықтады. «Біздің Отанымыздың ең жоғары бұл наградасы нағыз батырларға ғана табыс етіледі. Оның үстіне, бұл ерлік бейбіт күнде көрсетіліп отырған­дығы­мен де құнды. Мұның өзі біздің жауын­герлердің Отанымызды лайықты қорғау үшін өз өмірлерін аямай, барлық мүмкіндікті жасауға әзір екендіктерін көрсетті», – деді ол. Өңір басшысы барша қарағандылықтар атынан бейбіт заманның батырына екі бөлмелі пәтердің кілтін табыс етті. Бұдан кейін сахна төріне Ұлы Отан соғысының және Қарулы Күштер­дің ардагері, отставкадағы полков­ник Николай Пастухов көтеріліп, жас әріп­те­сін жоғары наградасымен құттықтады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ