Омбы мектептерінде енгізілді
Көршілес жатқан Ресей елінің Омбы облысындағы мектептерде қазақ тілі пәні енгізілді. Алдымыздағы қыркүйек айынан бастап мұндағы кез келген оқушы қазақ тілінде оқи алады. Ана тіліміз тек мектептерде ғана емес, сонымен қатар, балабақшаларда да енгізілді. Осыған байланысты арнайы сыныптар ашылды.
Осы орайда, жақында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Солтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы Омбы қаласында Ф.М.Достоевский атындағы мемлекеттік университетінде «Онлайн режімі арқылы қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары» деген тақырыпта семинар өткізгенін айта кеткеніміз жөн. Жиын барысында тілдерді қолдану мен дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылу барысы талқыланып, қазақ тілін оқытудың тиімді жолдары кеңінен баяндалды. Сонымен қатар, жаңа оқулықтар мен бағдарламалар таныстырылып, екі жүзден астам оқу құралы табыс етілді.
Ресми мәліметтер бойынша, бұл өңірде 100 мыңнан астам қандасымыз тұрады екен, туу көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. Сонымен қатар, тілі мен ділін, салт-дәстүрін қатар ұстанып, ата-баба жолынан айнымай келеді. Осындай жандардың бірі – Омбы қаласының тұрғыны Ләззат Шахуова. Қаннан берілген қазақылық оны ұлттық өнерге қарай тарта беретін болса керек, қолы қалт етсе болды, нақышына келтіріп, ою-өрнектермен әрленген түрлі құрақ көрпелер, жастықтар, ұлттық киімдер тігуге құмар.
– Бұл жақта туыстарым өте көп. Қазақтың той-думаны азайған ба! Тапсырыстар түсіп жатады. Жора-жолдастарым сұраса, өтініштерін орындаймын. Осыған қарағанда, соңғы кездері Омбыдағы қазақтар салт-дәстүрге бет бұрған секілді, сонымен қатар, көбіне, іс-шаралардың ұлттық нақышқа сай өтіп жатқанын байқаймын. Жеке тапсырыстар алу өзімнің жеке хоббиім десем де болады», – дейді Ләззат Шахуова.
Соңғы жылдары Ресей мен Қазақстан арасындағы тығыз байланыстың, ол жақта тұрып жатқан қандастарымызды ұлттық өнер мен салт-дәстүр ерекшеліктерінен сусындатып, елдік келбетіміздің тұтастығын сақтауына да қызмет етіп жатқаны байқалады. Оның сыртында, Омбы қазақтарының арасында Қазақстанға көшіп келіп, кәсібін дөңгелетіп отырған азаматтар да бар. Өздері осы жаққа келгенмен, көбінің туыстары сол аймақта әлі де тұрып жатыр. Туған топырағын кім ұмытсын, шекараның арғы бетінде жатыр демесек, Омбы аймағы – ежелден қазақтың атамекені. Бұл азаматтар екі елді де өз Отаны санайды. Омбы жеріндегі қазақтар тілі мен мәдени құндылықтарын жоғалтып алмас үшін жасалып жатқан ілгерідегі жұмыстар екі мемлекет арасындағы әріден ойластырылған саяси келісімдердің арқасында жүзеге асып отырғаны белгілі.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»